Аймақтар • 24 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда 1549 абонент жарықсыз қалды

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпанның 23-24-і күндері Батыс Қазақстан облысында қатты боран соғып, тұрғындарға көптеген қолайсыздық келтірді. Бұл күндері әсіресе төтенше жағдай қызметкерлері тыным таппады, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда 1549 абонент жарықсыз қалды

Ұйытқыған бораннан 50 қадамнан арғы жер көрінбей, күннің суықтығы минус 27 градусқа жеткен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағындағы Самара-Шымкент, Атырау-Орал, Подстепное-Федеровка-РФ шекарасы, Орал-Тасқала-РФ шекарасы, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы республикалық жолдары, Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы, Үлкен Шаған-Переметное, Орал-Кирсанов облыстық жолдары жабылды. Республикалық жолдарда жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.

– Осы бір тәуліктен сәл асатын уақыт ішінде біздің құтқарушылар 63 адамды қиын жағдайдан алып шықты, оның ішінде кәмелетке толмаған 7 бала бар, – дейді Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары подполковник Арман Тоқанов.

Тасқала және Ақжайық ауданындағы жылыту бекеттеріне 16 жолаушы келіп паналаған, оның үшеуі – жас бала.

Саратов-Орал тас жолының бойында, Тасқала ауданы, Мерей ауылының тұсында жолда қалған ВАЗ-2114 маркілі автокөлігінен 24 жасар азамат түнгі сағат 3.30.-да құтқарылып, жылыту бекетіне жеткізілген. Сол күні таңертең Тасқала ауданы, Бірлік ауылы тұсында қалған Митсубиси автокөлігінен де екі азаматты төтеншеліктер құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізген. Ал Ақжайық ауданы, Көнекеткен ауылының тұсында Газель автокөлігімен далада қалған азаматты жедел-құтқару жасағының №6 құтқару бөлімшесі қызметкерлері алып шыққан.

Арман Құмарұлының айтуынша, құтқару жұмыстарында төтеншеліктердің 31 қызметкері, 13 көлігі кезекшілікте жүр.

Қатты жел электр желілеріне де нұқсан келтіріп, облыстың 5 ауданында кейбір елдімекендер, 1,5 мыңнан аса үй жарықсыз қалған. Соның ішінде Бәйтерек ауданы бойынша 900 абонент, Қазталов ауданында – 77, Ақжайықта – 450, Жаңақалада – 96, Теректі ауданында – 26 абонент қысқа тұйықталу с ебебінен электр қуатынсыз қалған екен.