Білім • 24 Ақпан, 2021

Еліміздегі жоғары оқу орындарынан бір күнде мыңға жуық студент шығарылған

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орнының 1 күнде 800-1000 студентті бірден оқудан шығарғаны туралы мысалдар бар. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов өзінің Facebook парақшасында тарқатып жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Еліміздегі жоғары оқу орындарынан бір күнде мыңға жуық студент шығарылған

«Алдыңғы жазбада біз неге жоғары оқу орындарын лицензиядан айыратынымыз туралы жазған болатынмын. Ол жазбаны көптеген адамдар қолдады, оларға рақмет айтамын. Қоғам жоғары білім берудегі өзгерістерге, оның ішінде сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының жабылуына нақты әрі негізді сауал қалыптастырғанын байқауға болады. Алдыңғы жазбада мен тек жоғары оқу орындары тарапынан жіберілген ең өрескел бұзушылықтардың ғана бетін ашқан болатынмын. Бүгін мен кейбір жоғары оқу орындарының тек бір мақсат − тексеруден өту үшін қандай амалдарға баратынын көрсеткім келеді. Бұл ретте тағы да атап өтемін, сөз тек бүгінде басым көпшілігі сапалы білім беруге тырысатын оқу орындарының шағын тобы туралы болмақ», дейді вице-министр.

Ведомство орынбасарының айтуынша, ең алдымен тексеру алдында студенттерді, оның ішінде шетелдік студенттерді жаппай оқудан шығару. Сонымен қатар тексеруден кейін барлық студенттер аман-есен оқуға қайта қабылданады, тек олар оқудан шығарылғанын білмейді.

«Жоғары оқу орнының 1 күнде 800-1000 студентті бірден оқудан шығарғаны туралы мысалдар бар. Бұл оқытушылар саны аз болса да, студенттердің шағын контингентін оқытуға жеткілікті екенін немесе әдебиеттер, жабдықтар санының аздығы сол студенттер саны үшін жететінін көрсету үшін жасалады.

Кейбір жоғары оқу орындарында студенттердің жаппай көші-қоны шарықтау шегіне жеткен. Бірінші курсқа 200 студент қабылданады, ал 900-і бітіреді», дейді министрдің орынбасары Мирас Дәуленов.

Кейбір жоғары оқу орындарында бітірушілердің өсімі 400, 500 және тіпті 950%-ды құрайды екен.

Осы орайда Мирас Дәуленов көбінесе белді жоғары оқу орындарынан нашар үлгерімі, академиялық адалдық қағидаларын бұзғаны үшін оқудан шығарылған студенттер екенін баса айтты.