Атырау – ластанған қаланың бірі
Мұндай пікірді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атыраулық ҮЕҰ өкілдерімен, экобелсенділермен кездесуде білдірді. Министрдің қатысуымен өткен аптада Атырауда жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын талқылаған кеңес өтті.
– Бізді аймақтағы экологиялық жағдай алаңдатады. Атырау еліміздің ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Әрине, бұл жағдайды жақсарту қажет. Бұл маңызды жұмыста белсенді азаматтар тарапынан қолдау, көмек қажет. Мен қашанда сындарлы диалогқа ашықпын, – деді Мағзұм Мырзағалиев. – Біз Атыраудың экологтарымен, қоғам өкілдерімен бірнеше рет кездестік. Сондай кездесулердің нәтижесінде Жол картасы қабылданды. Жаңа Экологиялық кодексте осы бағытта перспективалы мүмкіндіктер ашылады. Ең маңыздысы, кодекс ірі ластаушы кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Министрдің орынбасары Ахметжан Пірімқұловтың дерегіне жүгінсек, жаңа кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау шараларынан түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемінде қаржыландырылады. Мәселен, атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланың қатарына кіретін Атыраудағы жағдайды шешу үшін Экологиялық кодекс шеңберінде «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын енгізу көзделіпті. Мұнда ең озық қолжетімді технологияларға көшу, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдерін қолдану, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру сияқты бағыттар іске асырылады.
– Ірі кәсіпорындар 10 жыл ішінде экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес ең озық қолжетімді технологияларды енгізуі тиіс. Осы кезеңде олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар озық қолжетімді технологияға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлемдер өседі. Мәселен, 2025 жылы 2 есе, 2028 жылдан 4 есеге көбейсе, 2031 жылдан бастап 8 есе өседі. Экологиялық кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік те күшейтіледі. Соның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асып кеткені үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге ұлғайды. Ал қалдықтарды жинау немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл 5 есеге дейін артты, – дейді ол.
Экологиялық кодекстің мұндай жаңа нормаларына қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдау білдіріп отыр. Мәселен, «Атамекен Эко» қоғамдық қорының тө-рағасы, экоамбассадор Арман Хайруллиннің айтуынша, кодекстің 175-бабына сәйкес кәсіпорындар анықталған бұзушылықтарды жою туралы экология департаментінің нұсқамаларын қатаң орындауы тиіс. Олай болмаған жағдайда мерзім аяқталған сәттен бастап өсімпұл есептеледі. Экоамбассадордың айтуынша, бұл – қажетті қадам.
– Бұрын Кәсіпкерлік кодекс қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға ластану фактілері кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік бермеді. Енді ластаушы заттар шығарындыларының нормативтерінен едәуір асып кетуі туралы БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау нәтижелері жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болуы керек. Экологияға қатысты мәселе туындағанда, бюрократияға жол берілмегені жөн, – деп есептейді А.Хайруллин.
«Теңізде» будақтаған түтін
Министрдің алаңдайтындай жөні бар. Өйткені Атырау өңірінде мұнай-газ өндірілетін кен орындары көп. Соның ішінде «Теңіз» кенішінің алар орны ерекше екені даусыз. Дәл осы кен орнын игеруге алғаш рет шетел инвестициясы тартылып, бірлескен кәсіпорын құрылды. Шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын елдің, мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып отыр. Бірақ кен орнынан өндірілетін мұнай құрамындағы күкірттен қоршаған ортаға келер қауіп көп. Мәселен, былтырғы 19 сәуірде әлеуметтік желіде кен орнындағы кешенді технологиялық қондырғылардың бірінен «сары» түтін будақтаған видео тарады.
Ал қазан айында Қарабатан елді мекенінің тұсындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында қара түтін будақтады. Осыған орай облыстық экология департаментінің қызметкерлері мобильді жылжымалы зертханамен елді мекенінің аумағына барды. Экологтар ауаны ластаушы шығарындылардың (қара түтіннің) көзі «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының факельді қондырғысы екенін анықтады.
Осы орайда «Атамекен Эко» қоғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллиннің мәліметінше, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі табиғат пайдаланушыларға тым көп эмиссия лимитін береді. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің былтырғы бірінші жартыжылдықтағы нақты шығарындылары 28,073 мың тоннаны, жылдық лимиті 120,537 мың тоннаны құрайды. Ал NCOC компаниясы бірінші жартыжылдықта рұқсат етілген 108, 348 мың тонна лимиттің 11,6 пайызын пайдаланыпты.
Зауыттан зауал төнбесе...
«АМӨЗ» ЖШС экология бөлімінің мамандарының мәліметінше, өткен жылы 1 қарашада сағат 16.00-де электр ақауының салдарынан сарқынды суды биологиялық тазарту блогы тұндырғышының шламды рециркуляциялау сорғысы тоқтап қалған. Соған байланысты тұндырғыштың құм сүзгісіне шығатын орында қалқыма және органикалық заттар (биошлам) шығарындылары шамадан асты. Бұл кезде құм сүзгісі блогында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған блок технологиялық схемадан уақытша ажыратылыпты. Соның салдарынан биологиялық тазарту құрылыстарынан құрамында қалқыма және органикалық заттары бар сарқынды су нормативті тазартылған сарқынды су арнасына ағып кеткен. Ал сағат 23.00-де биологиялық тазарту құрылыстарының жұмысы қалпына келтірілді. Сонымен қатар нормативті-тазартылған сарқынды су арнасында биошламның булану өрістеріне одан әрі өтуіне жол бермейтін бөгеттер орнатылды. Қазіргі уақытта арнадағы биошлам вакуумдық машиналармен сорылып, зауытқа қайта әкелінді.
Мұнай өңдеу зауыты қала іргесінде орналасқандықтан, тұрғындар одан қоршаған ортаға төнер зауал төнбегенін қалайды. Дегенмен, әлгіндей өндірістік ақау өңір жұртшылығының алаңдаушылығын туғызды. Сол себептен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Данияр Тиесов Атырау мұнай өңдеу зауытына арнайы келді.
– Қала үшін күрделі оқиға орын алды. Бұған зауыт жауапты. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. «ҚазМұнайГаз» басшылығы жағдайды жіті бақылауында ұстап отыр. Біз зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Бірақ өкінішке қарай, қызметкерлеріміздің сана-сезімі, өндірістік циклдер үшін жеке жауапкершілігі жағы әлі де жаңғыру үстінде. Бұл қызметкерлер де – осы қаланың тұрғындары. Олардың жұмысының нәтижесі Атырау тұрғындарының аман-саулығына тікелей әсер етеді. Зауыт аса қысқа мерзім ішінде жағдайды түзетіп, алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдауға тиіс, – деді Д.Тиесов.
Кәсіпорынның бас директоры Шухрат Данбайдың айтуынша, заманауи технологияларды қолданудың нәтижесінде былтыр атмосфераға ластаушы заттар шығарындысының лимиті 20 123 тоннаны құраған. Алайда нақтысында атмосфераға шығарылған ластаушы заттардың көлемі 11 772 тоннамен шектеліпті. Ал сарқынды сулармен ластаушы заттардың төгінділері үшін 23 231 тонна лимит белгіленсе, жыл ішінде оның көлемі 11 789 тоннаны құрап отыр. Енді отын газын тұтынуды және тиісті шығарындыны қысқарту үшін мұнайды бастапқы өңдеу қондырғыларының кейбірінде техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру жүргізілмек.
– Біздің зауытта атмосфералық ауадағы күкіртті сутектің, азот пен көміртек тотықтарының, күкірттің қостотығы мен көмірсутектердің құрамын бақылайтын төрт автоматты бақылау стансасының базасында экологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ биылдан бастап бензол, ксилол, толуол концентрациясын бақылайтын қосымша анализаторлар орнатылды. Эко-мониторинг есептері сағат сайын «Қазгидромет» РМК серверіне, Атырау қаласындағы және зауыттағы Led-экрандарға беріледі, – дейді Ш.Данбай.
Былтыр зауыт ұжымы Атырау қаласының 1 гектардан астам аумағын көгалдандыруға атсалысыпты. Бұрыннан көгалдандырылған 224 га аумаққа қолдау көрсетіп келеді. Ал биыл «Сасық сай» мен зауыттың буландырғыш тоғанының 860 га аумағын қоса алғанда, жалпы ауданы шамамен 1421 га жер учаскесін көгалдандыруды көздеп отыр. Осыған орай қазір кәсіпорынның бастамасымен TAZALYQ жобасын іске асыру қолға алынды.
– TAZALYQ жобасы қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталып отыр. Осы мақсатта зауытта ағынды суларды тазарту қондырғыларын жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ағынды суларды сапалы тазартуды, ластайтын ағынды сулардың көлемін азайту мен атмосфераға ластаушы заттардың булануын тоқтатуды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық процестерді өндіріске енгізуді көздейді, – дейді кәсіпорынның бас директоры Ш.Данбай.
Оның айтуынша, зауыт үшін бұл жобаның экономикалық пайдасы жоқ. Бірақ қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қажет. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралардың ішінде зауыт ЭЛОУ-АТ-2, ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғыларының пештеріндегі техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру жоспарланыпты. Бұл отын газын тұтыну мен қондырғы пештерінде отын газын жағу кезінде ластаушы заттарды азайтады.
– Бірінші кезектегі міндетіміз – қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарындыларының деңгейін төмендету. Аймақтың экологиясы ауаның ластануынан жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Сондықтан өндірістік процеске жасыл технологияларды енгізу үшін кешенді шараларды тезірек қабылдау қажет, – дейді министр М.Мырзағалиев.
Айыппұл ауа болмаса да...
Табиғат пайдаланушылардың көбі қоршаған ортаны қорғау заңдылығы бұзылса, айыппұл төлеумен құтылуға бейім. Өйткені бүлінген табиғатты қалпына келтіргеннен гөрі айыбын айыппұлмен өтегенді жеңіл көретін секілді. Мәселен, Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары-бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Сырым Тілегеновтің мәліметінше, былтырғы 9 айда жалпы сомасы 810 млн 57 мың теңге мөлшерінде қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы 42 нұсқама беріліпті. Оның ішінде 35 нұсқамаға сәйкес 78 млн 592 мың теңге мемлекет пайдасына өндіріліп алынды.
– Ерікті төлем мерзімінің аяқталуына байланысты «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау Су Арнасы» КМК және «АК Холдинг Құрылыс компаниясы» ЖШС-не қатысты 729 млн 445 мың теңге сомасындағы залалды өтеу туралы 5 нұсқама сотқа жолданды, – дейді Сырым Тілегенов. – Жалпы сомасы 2 млн 19 мың теңгені құрайтын 2 нұсқаманың өтеу мерзімі әлі өткен жоқ.
Оның айтуынша, алдыңғы жылы қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуге байланысты жалпы сомасы 5 млрд 91 млн 44 мың теңгені құраған 12 нұсқама берілген екен. Былтыр аталған сома толығымен өтеліпті. Осылайша, экологтар өткен жылғы 9 айда мемлекет кірісіне 5 млрд 169 млн 636 мың теңге өндірді.
Сондай-ақ облыстық экология департаменті басшысының орынбасары-бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым Тілегеновтің мәліметіне қарағанда, былтырғы 9 айда табиғат пайдаланушылардан өндірілген айыппұл 224 млн теңгені құрап отыр. Осы кезеңде табиғат пайдаланушыларға 46 мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізіліпті. Оның 11-і – профилактикалық бақылау, 35-і – жоспардан тыс тексеру.
– Тексеру нәтижесінде 130 бұзушылық анықталып, оны жою туралы 85 ұйғарым берілді. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты 88 млн 422 мың теңгені құрайтын 54 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың 88 млн 299 мың теңгесі өндірілді, – дейді Сырым Тілегенов. – Бұған қоса былтыр салынған 136 млн 339 мың теңгені құрайтын 5 әкімшілік айыппұл өндіріліп отыр. Осының бәрі қоса есептегенде, былтырғы 9 айда мемлекет пайдасына өндірілген айыппұлдың көлемі 224 млн 638 мың теңгеге жетті.
Жасыл желек жайқалса игі
Атырауда жыл сайын көгалдандыру қамымен сан алуан көшет егіледі. Әкімдер дәл осылай есеп беріп жатады. Алайда облыс орталығы да, аудан орталықтары мен ауылдар да әлі күнге жасыл желекке көмкеріле қойған жоқ. Мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарға миллиондар, тіпті миллиардтарды құраған айыппұл салынса да жұтар ауа жұпарға айналмай-ақ қойды. Бұған «қара алтыны» мол қазыналы өңірдің ауасының жақсармағаны дәлел. Сонда қоршаған ортаның тазалығын қалай жақсартуға болады? Экология, табиғи ресурстар және геология министрі М.Мырзағалиевтың мәліметінше, Атырау облысының экологиялық проблемасын шешу үшін 40 іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Онда жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу, ескілерін қалпына келтіру, «Сасық сай» мен «Квадрат» булану алаңдарын рекультивациялау, Жайық өзенінің бассейнін көгалдандыру, тазарту, сауықтыру секілді маңызды іс-шаралар бар.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуына қарағанда, Атыраудағы мемлекеттік орман қорының көлемі – 52 400 гектар. Оның ішінде орманды алқап – 15 100 гектар. Орман алқаптары негізінен Жайық пен Қиғаш өендерінің жағасында ғана бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе жасақталған ормандарды толықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтуға қатысты қадамдық жоспар жасалған. Соған сәйкес, облыста 2 800 гектар орман алқабында 2020-2025 жылдары 7 млн-нан астам ағаш көшетін егу жоспарланып отыр.
– Жайық өзені бойындағы тоғайларды қалпына келтіру, жайылма алқаптарды жасыл желекпен көмкеру Атырау өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Қазір межеленген жоспарға сәйкес, әрбір орман шаруашылығы мекемесі көшет егілетін учаскелер мен ағаш түрлерін анықтап, нақты жоспар жасалды. Мұндай ауқымды жұмыстарды атқару орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық, техникалық жарақтандыру деңгейіне байланысты болмақ. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 427 млн теңгеге 3 орман мекемесінің құрамына машина, трактор паркі, өрт сөндіру стансалары, жұмыс кестесі бар кешендер, 2 өрт бақылау мұнарасы салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ орман мекемелерін жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 206 млн теңге бөлінді. Ал 2020-2025 жылдарға арналған қадамдық жоспар көрсеткіштерін орындауға қажетті қаржы көлемі 769 млн теңгені құрайды, – дейді әкім.
Әкімнің пікірінше, ауаның ластануы, жасыл желектердің жұтаңдығы – жиі көтерілетін мәселелер. Көгалдандыруға қатысты Атырау қаласы мен аудандар аумағынан жалпы көлемі 5 мың гектардан астам учаскенің тізбесі жасалды. Арнайы бөлінген учаскелерге көшет егу жұмыстарына NСОС, «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді ірі компанияларды тарту көзделіп отыр.
Десек те, жеті қат жер астындағы мол байлықты тонналап өндіріп, миллиардтап табатын алпауыт компаниялар бұған білек түре кірісе ме? Экология, табиғи ресурстар және геология министрі Мағзұм Мырзағалиев аталған кәсіпорындардың өңірді көгалдандыруға қатысу үлесінің төмендігіне қынжылыс білдірді.
– Мемлекет басшысы бес жылда 2 млрд көшет егуді тапсырды. Ал Атыраудағы компаниялар өткен жылы бір гектар жерге жасыл желек отырғызғанын «ауқымды жұмыс» деп есептейді. Шындығында, бұл – өте аз, – деді министр.