Ауа райы • 25 Ақпан, 2021

Ауа райына байланысты ескертуді елеген жөн

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақпанның соңы бет қаратпас аязға ұласты. Аракідік атан түйені алып жығатын үскірік боран да соғып, жолдар жабылуда. Әйтсе де жолаушылар төніп тұрған қауіпті елемей, бастарын қатерге тігіп, жолға шығуларын азайтар емес.

Ауа райына байланысты ескертуді елеген жөн

Соңғы тәулікте өңірде 67 адам қар құрсауынан құтқарылды. Оның ішінде 7 бала бар. Республикалық және облыстық маңыздағы жолдардың барлық учаскелерінде қозғалыс тоқтатылып, алдын ала ескерту жасалғанымен, жолға шығып, қар құрсауынан түсіп, өздері де, құтқарушылар да бейнетке батуда. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп жолаушыларды құтқару жұмысын жүргізді. Тиянақты жұмыстың нәтижесінде жолда қалған жетпіске жуық жолаушы қауіпсіз орындарға жеткізілді.

Оқыс оқиғалардың көбірек орын алған жері Бурабай ауданындағы Щучье қаласының маңы. Ат құлағы көрінбейтін алапат боран соғып тұрса да жолға шығып, көліктері қасат қарға кептеліп, тоңып-жаураған жолаушылар жылыту пунктеріне орналастырылды. Щучье-Көкшетау бағытындағы жол үстінде қалған 65 жеңіл автокөлік қардан аршылып алынды. Шалғайдағы Жақсы ауданының Подгорное ауылы маңында жүкті әйелді құтқарушылар Жақсы ауылындағы ауруханаға жеткізді.   

Оның алдында ғана Көкшетау-Зеренді бағытында қатты боранның салдарынан екі көлік бір-бірімен соғысып, екі жолаушы опат болды, төртеуі дене жарақатын алды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері боран-шашында жолға шықпау керек екендігін қайта-қайта ескертіп жатыр. Ескертуді елей бермейтініміз жаман.