Аймақтар • 25 Ақпан, 2021

Таразда танымал түлектердің кездесуі өтті

779 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде Әулиеата өңірінен шыққан азаматтармен "Жомарт түлек-2021" атты кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таразда танымал түлектердің кездесуі өтті

Аталған кездесу Жамбыл өңірінен шығып, бүгінде еліміздің әр саласында жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолын жастарға насихаттау, өңір тумаларын туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауға тарту мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуде қатысушыларға "Тәуелсіздік жылнамасы" атты бейнефильм көрсетілді. Фильм 1991 Жамбыл облысында әр бес жылдықта атқарылған жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналды.

"Жомарт түлек-2021" кездесуін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Әкім өз сөзінде аталған жиынның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай іске асатын 30 игі іс туралы айтып өтті. Әуелі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кеңсесінің басшысы Махмут Қасымбеков сөз алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Сондай-ақ, Жамбыл өңірінде бүгінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзі білім алған Шу ауданындағы С.Сейфуллин атындағы мектепке қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, жиында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев және өзге де танымал жамбылдықтар сөз алып, әрдайым Әулиеата жерінің дамуына, өркендеуіне тілектестігін білдірді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы "Көне Тараз" атты өлеңін оқыды.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері Жамбыл облысындағы мектептерді 400 мыңнан астам түлек бітірген. Түлектер соңғы бес жылда өңірдегі білім мекемелеріне 2 миллиард теңгеге жуық көмек көрсеткен. Аталған жиын еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген тұлғаларды ғана емес, шет елдерде өмір сүріп жатқан азаматтарды да қамтыды. Кездесу соңында танымал түлектерге "Жомарт түлек-2021" сыйлығы табысталды.