Спорт • 25 Ақпан, 2021

Бақтияр Байсейітов: Табыс тек табандылық арқылы келеді

699 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Алаштың мақтан тұтар азаматы Бақтияр Байсейітовтің спорттық ғұмырында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Алғашында Жаңабай Оспанов, Таңат Сағындықов пен Марат Қошаев, кейінннен Дәулет Тұрлыханов сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алған ол бозбала шағында-ақ дара талантымен оқшауланды. 17 жасында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарып, бірден қырағы мамандардың назарына ілікті. 1991 жылы КСРО халықтары спартакиадасында күміс медальді иеленіп, барша жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді.

Бақтияр Байсейітов: Табыс тек табандылық арқылы келеді

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Байсейітов көптеген дүбірлі додада Қазақстанның намысын абыройлы қорғады. Атап айтсақ, 1995 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 1998 жылы төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Екі рет Азия біріншілігінде алдына жан салмаса, тағы екі мәрте сол жарыста қола жүлдені еншіледі. 1998 жылы Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарында Бақтиярдың алдына түсетін ешкім табылмады. Сол саңлақ бұл күндері грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарады.

– 1998 жылы Швецияның Евле қа­ласында сіз және Мкхитар Ману­кян әлем чемпионы атанып, барша қазақстандықты қуаныш пен шат­тыққа бөледіңіздер. 1999 жылы М.Ма­нукян дәл сол белесті екінші мәрте бағындырды. Содан бері табаны кү­ректей 21 жылдан аса уақыт өтсе де, жерлестеріміздің арасынан дүние­жүзілік додаларда дараланған бір­де-бір балуан шықпады. Не себепті деп ойлайсыз?

– Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста Қазақстанның балуандары сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілгенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, 1999 жылдан бері бас жүлде біздің жігіттерге бұйырмай жүр. Сол аралықта Алмат Кебісбаев, Мей­рамбек Айнағұлов, Досжан Қар­тықов және Қорлан Жақанша сынды балуандарымыз ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, барлығы шешуші тұста ұтылды. Мойындарында қола медальді жарқыратқан басқа да балуандар же­тер­лік. Бірақ солардың ешқайсысы алтын тұғырға көтеріле алмады. Бұл жағ­дай баршамызды қынжылтып отыр­ғаны рас. Менің пайымдауымша, фи­налдық айқасқа әр спортшы айрықша құлшыныс, ынта-жігер, керек десеңіз асқан жанкештілікпен шығуы тиіс. Бұл өзінің балуандық ғұмырындағы ең соңғы жекпе-жек деп ойласа да, еш ар­тықтығы жоқ. Жауапкершіліктің жүгін әр азамат жан-тәнімен ғана емес, жү­регімен де сезінуі керек. Себебі оның спорттық мансабында енді ондай сәттің болмауы да мүмкін ғой.

Мәселен, 1995 жылы Прагада өт­кен әлемдік додада мен керемет бабымда болғаныммен, финалдық сайыста сү­рініп, нәтижесінде күміс медальді қана­ғат тұттым. Сол сәтсіздіктен үлкен сабақ алдым. Есесіне арада үш жыл өткен соң Евледе көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Алдымда кімдердің тұр­ғанына қарамай, атақтары дардай апай­төстерге қасқайып қарсы шықтым. Бар­лығын жықтым да әлем чемпионы атандым. Жеңіс, табыс, атақ, даңқ ерен еңбек пен табандылықтың арқасында ғана келеді. Шәкірттеріме осыны ұғын­дырсам деймін. Қазақ «үмітсіз шайтан» деп бекер айтпаған ғой. Біз – келешекке қашанда үлкен үмітпен қараған халықпыз. Бұйыртса, алдағы жарыстарда сол олқылықтың орны толады. Оған мен сенімдімін.

– 1996 жылы Атлантада алауы тұ­тан­ған Олимпия ойындарында Юрий Мельниченко қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжала­ды. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтсе де қазақстандық жанкүйерлер әлі алтын медальдің сыңғырын ес­тіген жоқ. Бұл күндері грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құра­ма­сының тізгіні сіздің қолы­ңыз­да. Шәкірттеріңіздің қазір­гі кез­дегі қарқыны қалай?

– Қазақстан құрамасы сапындағы барлық балуанның қарым-қабілеті мен әлеуетін жақсы білемін. Олардың әрқайсысынан да үлкен ерлік күтуге болады. Сол себепті де ешқайсысын бөле-жара атағым келмейді. Ұлттық команданың бас бапкері болғандықтан, бәріне бірдей қараймын. Барлығына айрықша сенім артамын. Осы орайда даңқты балуан Жақсылық Үшкем­піровтің айтқан сөзі ойға оралады. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында жеңімпаз атанғаннан кейін ол кісі «қазақ жастары арасынан да Олимпиада чемпиондары көптеп шығатынына сенемін» деп тебірене сөйлеген еді ғой. Асыл ағамыздың бұл пікірімен толықтай келісемін. Мен де сол күннің алыс еместігіне еш күмән келтірмеймін.

– Балуандық өнерді бүге-шігесіне дейін зерттеген Украинаның атақты жур­налисі Ян Дымов өзінің бір ма­қа­ласында «Огинский өзінің По­ло­незімен күллі әлемге танылды. Ке­йіннен одан басқа туындылар жазбаса да, оның есімі тарихта мәңгі қалар еді. Бақтияр Байсейітовтің жағдайы да дәл солай. Искандарянмен және Аскуямен болған белдесулерді қазақ балуанының «полонездері» деп нық сеніммен айтуға болады» деп тебірене жазған еді. Жоғарыда есімдері атал­ған даңқты спортшылармен са­йысқа түскен сәттеріңізді әңгі­мелеп берсеңіз. Алдымен 1995 жылы Пра­гада өткен әлем чемпионатын тілге тиек етсеңіз.

– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біраз уақыт сәтсіздіктің шырмауынан шыға алмай жүрдім. Ол кездері 82 кило салмақта өнер көрсететін едім. Үш жылға жуық уақыт аралығында Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленуге ғана жарадым. Әрине, бұл жағдайдың мені қанағаттандырмағаны анық. Содан ойлана-толғана келе, 74 кило салмақ дәрежесінде бақ сынауға бел будым. Әрине, 10 килодай артық салмақтан арылу оңай шаруа емес. Алғашында қат­ты қиналдым. Бірақ жаттығу залында аянбай тер төгіп, бірте-бірте бабыма келдім. 1995 жылы өрлеу кезеңі басталды. Көктемде Манилада Азия чемпионы атандым. Күзде дүниежүзілік додаға аттандым. Чехияның астана­сында өткен жарыстың бастапқы бел­десулерінде жапониялық Такамацу Катаяма, украи­налық Артур Дзигасов, грузиялық Гоча Дженджелашвили сын­ды жігіттерді ұтып, жартылай фи­­налда Мнацакан Искандарянмен жо­­лым қиысты. Бұл балуанды мен жақ­сы білемін. Ресейдің туы астында өнер көрсеткен армян спортшысымен 1992 жылы Барселона Олимпиадасы қарсаңында өткен ТМД құрамасының оқу-жаттығу жиынында бірге болдық. Ол – нағыз кемелденген шағындағы жұлдыз, ал мен – 20 жастан енді асқан жігітпін. Жаттығу барысында Ис­кандарянмен алысқым келетін. Шыны керек, үлкен аламанға енді ғана қосыла бастаған біздей сарыауыз балуандарды ол мүлде елемейтін. «Бұл қазақ маған жарытып қарсылық көрсете қоймас» дегендей сыңай танытып, сан мәрте қасымнан көз қырын да салмай өтті. Арада үш жылдан аса уақыт өткен соң сол саңлақпен күш сынасудың сәті түсті. Бұл бәсеке 7:2 есебімен менің пайдама шешілді.

– Барселона Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің үш және Еуро­паның екі дүркін чемпионы Мна­цакан Искандарянды ұтқа­ны­ңыз­дан кейін сіздің бас жүлдені ол­жа­лайтыныңызға күмәнданғандар кем­де-кем болған шығар?

– Жартылай финалда көп күш жұм­сап қойғанымды ақтық айқаста анық сезіндім. Шешуші тұста француз балуан­ы Ивон Римерге есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұттым. Сол кезде оның тек Еуропа чемпионы деген атағы болғанымен, кейіннен Ример талай белесті бағындырды. Араға жылдар салып, екеуміздің жолымыз тағы екі мәрте қиысты. Бұл белдесулерде менің мерейім үстем болды.

– Есесіне Швецияның Евле қала­сында бақ жұлдызыңыз жанып, бас жүлдені олжаладыңыз. Финалда Олим­­пиада чемпионы Филиберто Ас­куй­ды әрі де, бері де лақтырып, бас кө­терт­пей ұтқаныңыз күні бүгінгідей көз алдымызда...

– Праганың күмісін Евленің алтынына айырбастау үшін тура үш жыл тер төктім. Сол аралықта атой салған кездер де, жеңілістің кермек дәмін татқан сәттер де болды. Ал Швецияда жолыққан қарсыластарымның барлығы да қарулы болды. Әуелі поляк балуаны Юзеф Трачпен белдестім. Ол – Олимпиада чем­пионы және әлем чемпионаттарында үш рет жүлдегер атанған балуан. Трачтың сол жолы алтын алғысы келмеді дейсіз бе?! Бірақ Скандинавия түбегінде сорына қарай мен жолықтым. Трач тізе бүкті. Келесі қарсыласым – Норвегия спорт­шысы Борге Йоханссен. Оны да аса қиналмай ұттым. Үшінші кездесуде әзербайжандық Квитша Би­чинашвилиден басым түстім. Жар­тылай финалда ресейлік Мурат Кардановпен күш сынастым. Бұл белдесу тым ауыр болғанына қарамастан, одан айламды асырдым.

Ақтық айқастың алдында біраз қобалжығаным рас. Қанша дегенмен, кубалық қабылан – Олимпиада және әлем чемпионы. Оның үстіне, Фили­берто Аскуймен екі мәрте жолы­ғып, екі ретінде де ойсырай ұтылғанмын. Бірақ бұл жарысқа мен тек алтынды аңсап келген едім. Қайтсем де сол биіктен көрінемін деп боз кілемге құл­шынып шықтым. Бір мезетте бапкерім, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов мені тоқтатып: «Бақтияр, сен осы жо­лы жеңіске жетуге тиіссің. Әкең мар­­құм сенің әлем чемпионы болған сәтіңді көруді армандаған. Оны өзің де жақсы білесің. Міне, енді әке аманатын орындаудың оңтайлы сәті ке­ліп тұр», деп қайрады. Қапелімде не де­рімді білмей қалдым. Жанарыма жас тығылды. Іште бір ерекше егес пайда болды. Шықтым да қарсыласымды әрі-бері лақтырдым. Әп-сәтте таблодағы есеп 9:0-ге жетті. Бәсеке қызған тұста Куба балуаны екі ұпай олжалады. Со­нымен айқас аяқталды. Осылайша әкем­нің аманатын орындап, әлем чемпионы атандым. Жекпе-жектен кейін жерлестерімнің құшағына енген бетте кері бұрылып қарасам, Олимпиада чемпионы боз кілемнің үстінде еңкілдеп жылап жатыр екен...

– Әкеңіз де спорттың нағыз жанашыры болған екен ғой.

– Иә, дәл солай. Әкем – Бағашар менің әр қадамымды жіті қадағалап, үнемі жігерлендіріп отыратын. Жеңіске жетсем, балаша қуанып, жеңіліс тапсам, жерден алып, жерге салатын. «Бала ғой, меселі қайтып қалып жүрер» деп еш аямайтын. Әлі есімде, бозбала шағымда Алматыда өтетін Сұл­тан Баймағамбетовті еске түсіруге арнал­ған турнирге қатыстым. Бастапқы бел­десулердің бәрінде жеңіске жетіп, финалға шықтым. Финалдың алғашқы минуттарында қарсыласымның осал тұсын таба алмай қатты қиналдым. Кілемнің шетінде тұрған әкем: «Күрес деймін, иттің ғана баласы, күрес!», деп айқайлайды келіп. Барша көрерменнің назары бізде. Әкемнің даусы естілген сайын мен одан әрі сасқалақтай беремін. Әйтеуір, амалын тауып, қарсыласымды қапы қалдырдым. Белдесу аяқталған бетте әкемді іздесем, еш жерде жоқ. Сөйт­сем, қысымы көтеріліп, мұрнынан қан кетіпті. Ақыры оны жуынатын бөл­меден таптым. Міне, әкем осындай жан еді.

Әкем жайында әңгіме қозғалғанда мына бір оқиға еріксіз еске түседі: 1991 жылы Украинаның Запорожье қаласында өткен КСРО халықтары спар­такиадасында Қазақстан құрамасы орасан зор нәтиже көрсетіп, командалық есепте бас жүлдені жеңіп алды. Мен өз салмағымда екінші орынды иелендім. Әсіресе, әріптестерінің арасында «сү­йек­сіз балуан» атанған Николай Па­лаз­никті ұтуым ерекше есімде қалды. Финалда екі дүркін Әлем кубогының иегері Бисольт Дициевке есе жібердім. Күллі Кеңес Одағының көкжалдары жи­налған жарыста күміс медальді ие­лену әлі 20 жасқа толмаған спортшы үшін үлкен дәреже еді. Сөйтіп, қуанышым қойныма сыймай, елге оралдым. Шаңырағымыздың табалдырығын аттаған бетте әкемнің «Несіне қуанасың, екінші орын да сөз болып па?! Ел мақ­таған балуан қандай аламанға қосса да тек алтын тұғырдан көрінуі керек. Есіңе сақта, келешекте сен әлемдік додаларда даралануға тиіссің», деп айт­қаны бар. Сол кезде әкем маған бұл дүниедегі ең қатал адамдай болып көрінді. Алайда есейе келе бәрін де түсіндім. Қазір ойлап отырсам, осы бір ауыз ғана сөзге әкемнің бар құдіреті, асыл арманы сыйып тұрған екен ғой. Ол кісі ұлының келешекте әлем чемпионы дәрежесіне жете алатынын өзінің ішкі түйсігі және жан-дүниесімен сезінген екен. Бірақ сол күндерді ол көре алмай кетті. Асыл әкем небәрі 46 жасында бақилық болды.

– Әлемдік аренада Мнацкан Ис­кан­дерян мен Филиберто Аскуйдан өз­ге тағы қандай көкжалдармен жо­лы­­ңыз қиысты?

– Түрлі дүбірлі додада олардан да басқа көптеген саңлақтармен күш сынастым. Солардың арасынан мажар­стандық Тибор Комароми (Сеул Олим­пиадасының күміс жүлдегері, үш дүр­кін Еуропа және үш дүркін әлем чемпионы), Мурат Карданов (Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы), Юзеф Трач (Олимпиаданың үш дүркін қола жүлдегері, әлем чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері), түркиялық Назми Авлуджа (Бейжің Олимпиадасының қола жүл­дегері, екі дүркін әлем және төрт дүр­кін Еуропа чемпионы) сынды апай­төстермен айқасқаным күні бүгінге дейін көз алдымда.

– Әрине, әр спортшы үшін әлем және Азия чемпионы, Азия ойын­дарының жеңімпазы атану үл­кен абырой және зор мәртебе екені сөзсіз. Десек те сіздей дардай атақ-даңқы бар, болмысы бөлек балуан­ның Олим­пиадада жүлде ала алмауы өкі­нішті-ақ! Бұл жайт сізді де қын­жыл­татын шығар?

– Иә, бір өкініштің іште кеткені рас. 1996 жылы Атлантада жолым болмады. Сол жарыста кубалық Филиберто Аскуй мен польшалық Юзеф Трачтан ұтылдым. Менен айласын асырған балуанның екеуі де айтулы жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. АҚШ-та жіберген есемді 2000 жылы Аустралияда қайтарамын деп үміттендім. Бірақ Сиднейде де сүріндім. Тұсаукесер кездесуімде франциялық Ивон Римерді ұтқаныммен, келесі айналымда әлем чемпионы финляндиялық Марко Юли-Ханнукселаға жол бердім. Алғашқы кездері қатты қынжылдым. Екі бірдей Олимпия ойындарынан олжасыз орал­ғаным жаныма батты. Бірақ бәріне уақыт емші. Сидней Олимпиадасынан кейін тағы бір жылдай өнер көрсеттім. Бірақ бұрынғы бабыма келе алмадым. Оның үстіне жарақаттар да жиі мазалай бастады. Бірінен құтылсаң, екіншісі шығады. Сөйтіп, 30 жасымда спорттық мансабымды аяқтауыма тура келді.

– Одан кейін түрлі кәсіптің тұтқа­сын ұстаған көрінесіз.

– Бастапқы кездері түрлі кәсіппен шұғылданғаным рас. Бірақ бәрібір бауыры ыстық боз кілемнен алыстап кете алмадым. Уақыт оза үлкен спортқа қайта оралып, бапкерлік қызметтің қамытын кидім. Алғашында Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болдым. Көп ұзамай бас бапкерлік қызметке тағайындалдым. Осылайша жылдар бойы жиған мол тәжірибемді, бойымдағы күш-жігерім мен қажыр-қайратымды отандық грек-рим күре­сінің өркендеуіне жұмсап жатқан жайым бар.

– Кезінде бірге күрескен әріп­тес­теріңіздің айтуынша, сіз 17 жасы­ңызда ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған екенсіз. Бұл әңгіме қаншалықты рас?

– Еш өтірігі жоқ. 1988 жылы Алма­тыда орналасқан Қажымұқан атын­дағы спорт мектеп-интернатында тәлім-тәрбие алып жүрген бір топ оқу­­шыны Қарағанды қаласында өте­тін ересектер арасындағы ел чемпио­натына апарды. Араларында 11-сыныпта оқып жүрген мен де бармын. Бапкерлеріміздің көздегені – жет­кін­шектер көкжалдармен күресіп көр­сін, білмегендерін ағаларынан үйрен­сін, шын шеберлердің қандай болатынын ұғынсын деген ниет. «Қайткен күнде де жеңіс тұғырына көтерілуге тиіссің» деп талап қойған ешкім жоқ. Содан белгіленген күні Қарағандыға да жеттік. Жеребе тарту рәсіміне жиналған еңгезердей жігіттер маған жалтақ-жал­тақ қарап қояды. Олардың «Әй, осы бала бастапқы кезеңде менімен жолықса екен» деп тілеп тұрғанын ішім сезді. Әрине, балуандардың ойы түсінікті. Кім болса да алғашқы айналымда азулы қарсыласпен арпалысқаннан гөрі осалдау біреумен күш сынасқысы келеді. Ал сол топтың ішіндегі «ең осалы» 17 жастағы бозбала екені білгілі.

Қарағандыда бәрі керісінше болды. Тұсаукесер кездесуімде Талдықорғаннан келген балуанмен кездесіп, оны таза ұттым. Екінші айналымда Өскеменнің өкіліне де еш мүмкіндік бермей, жа­уырынымен жерге қададым. Үшін­ші кезеңде Қазақстан чемпионы Сұл­тан Малаевтан мерейім үстем болды. Жартылай финалда Олимпия ойын­дарының екі дүркін жеңімпазы, әлем­нің бес дүркін чемпионы Валерий Резанцевтің ұлы Леонидті жолымнан ығыстырдым. Финалда қазақтың белді балуаны Руслан Жұмабековті жеңдім. Осылайша 17 жасымда ел чемпионы атандым. Міне, жоғарыда айтылған әңгіменің тарихы осындай.

– Әңгімеңізге рахмет.