Қазақстан • 26 Ақпан, 2021

70 млн тонна мұнай экспортталды

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандық мұнай экспортының 75%-ы «Каспий Құбыр Консорциумы» магистралдық мұнай құбыры арқылы жеткізілді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының мұнай тасымалдау жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаев хабарлады.

70 млн тонна мұнай экспортталды

Компания өкілінің айтуынша, былтыр барлығы 68,5 млн тонна мұнай экспортқа шығарылып, оның ішінде «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК) құбыр жүйесі арқылы 51,8 млн тонна шикізат тасымалданды.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Каспий Құбыр Консорциумының» ірі акционері саналады. Бұл жобаны іске асыруға және Қазақстан үшін стратегиялық маңызды бағытты дамытуға баса назар аударамыз. Биыл мұнай құбыры арқылы алғашқы мұнай жөнелтілгеніне 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында «Каспий Құбыр Консорциумы» қазақстандық мұнайды тасымалдаудың тиімді және сенімді бағыты ретінде танылды. Аталған бағытта 600 млн тоннадан астам жүк тиелді. Былтыр Қазақстаннан 68,5 млн тонна мұнай экспортталса, оның ішінде КҚК арқылы 51,8 «қара алтын» сыртқы нарыққа тасымалданды. Яғни мұнай экспортының 75% магистралдық мұнай құбыры арқылы жөнелтілді», деді Д.Берлібаев.

Ол былтыр «ҚазМұнайГаз» «КҚК-Р» компаниясы­ның директорлар кеңесін басқарғанын және басқа акционерлердің, атап айтқанда «Транснефть», «Шеврон» және басқа да халықаралық компаниялардың өкілдерімен бірге, осы бағытты дамытумен белсенді айналысатынын атап өтті.

«2023 жылға қарай бұл бағытта Қазақстаннан 72 млн тонна экспорттау үшін биыл алдымызға үл­кен міндеттер қойып отырмыз. 2020 жылы КҚК ком­паниясы барлық акционер алдындағы қарызын толығымен өтеп, 1 млрд долларға жуық қарызын төледі, оның ішінде Қазақстанда 100 млн доллардан астам тиісті салықтар төленді. 2021 жылы дивидендтер төлене бастады, бұл тиісінше акционерлердің зор қызығушылығын оятады. Жалпы, «ҚазМұнайГаз» КҚК қызметінің өндірістік нәтижелерін оң бағалайды, бұл жетістіктерді КҚК акционерлерінің, сондай-ақ Қазақстан мен РФ үкіметтерінің көпжылдық жемісті ынтымақтастығының нәтижесі деп санайды», деп түйіндеді Д.Берлібаев.

«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань айтқандай, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес консорциумның теңіз терминалы арқылы 59 млн тоннадан астам мұнай қабылданып, жөнелтілді.

«Теңіз терминалында ұзын саны 572 танкерге шикізат тиеліп, жөнелтілді. 2020 жылдың мамыр айы­нан бастап, мұнай экспорттаушылар ұйымы және оған кірмейтін мемлекеттер (ОПЕК+) тамызға дейін тәулігіне 9,7 млн баррельге және 2020 жылдың соңына дейін 7,7 млн баррельге мұнай өндіруді шектеуге уағдаласты. Осы шешімді растау үшін Қазақстан Үкіметі былтырғы мамыр-шілде және тамыз-желтоқ­сан кезеңдерінде көмірсутекті орындарға барлау жүргізу және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге байланысты уақытша шектеулер енгізді. Тиісті шектеулер қазақстандық жүк жөнелтушілердің мұнайды қабылдап, тапсыру кестелерінде көрініс тауып, теңіз терминалындағы қара алтын тасымалының төмендеуіне себеп болды», деді Н.Горбань.

Әйтсе де, компания басшысының айтуынша, негізгі түсім 2 млрд доллардан асты. Салық салымдарын есепке алмағанда, таза пайда 630 млн доллардан асып отыр. Корпоративтік салық сомасы 70 млн долларды құраса, мүлік салығы 16 млн долларға жеткен.

Компания басшысының сөзіне сенсек, 2020 жылы шектеулі жерлерді жою бағдарламасын іске асырудың белсенді кезеңі басталды. Аталған бағдарлама республиканың аумағынан КҚК мұнай құбыры арқылы «қара алтынды» тасымалдауды жылына 72,5 млн тоннаға дейін ұлғайту мақсатында әзірленіп, енгізілді. Қазір мұнай құбырының жобалық қуаты – 67 млн тонна.

«Бұл негізгі станса саналады. Неге десеңіз, «Теңіз» кен орнындағы мұнай соған құйылады. Мұнда да белсенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың басында мұнай тасымалы ұлғая түседі деп болжануда. Сондай-ақ «Теңіз» мұнай айдау стансасында жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұдан басқа, бас стансаны толыққанды электр қуатымен жабдықтау үшін жаңа қосалқы станса мен екі электр беру желісі салынуда. Сондай-ақ Атырауда, «Исатай» мен «Құрманғазыдағы» мұнай айдау стансаларында жаңа магистралдық сорғы агрегаттары мен ілеспе құрылымдарын салу көзделген. Тұтастай алғанда, бұл мақсатқа 157 млн доллар бөлінді», деді консорциумның басшысы.

Елімізде коронавирус эпидемиясы өршігенде мұнай айдау стансаларында ауысымдық жұмыс 56 күнге дейін созылыпты. Карантин кезеңінде маңыз­ды шешімдердің бірі вахталық әдіске көшу болды. Іссапар барысында қызметкерлер барлық санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, арнайы жалға алынған қонақүй кешенінде тұрды.

«Індет шарықтағанда «Теңіз», «Исатай» және «Құрманғазы» мұнай айдау стансаларында қатаң жұмыс  режімі енгізілді. Атап айтқанда, ауысымдық жұмыс 56 күнге дейін созылды. Қазір аталған стансаларда эпидемиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты жұмыс режімі 28 күнге қысқартылды. Қазір Атыраудағы кеңсе қызметкерлерінің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Компанияның IT қызметтерінің үйлесімді жұмысы арқылы өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік алдық», деді Н.Горбань.