Қазақстан • 26 Ақпан, 2021

Ғұлама ғалым, көрнекті қайраткер

1710 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1970-1986 жылдардағы ректоры, Инженерлік академияның және механика-математика институтының негізін қалаған мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбеков жайлы сөз қозғағанда көз көргендер мен үзеңгілестері ең әуелі оның еңбекқорлығын алға тартып, «істің адамы еді» дейді. Бүгінде 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп отырған, халқына қалтқысыз қызмет еткен көрнекті академиктің Қазақстан ғылымы мен біліміне, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына сіңірген зор үлесін атап өтіп, төрткүл дүниені түгел мойындатқан ғылыми жетістіктерін мақтан етеді.

Ғұлама ғалым, көрнекті қайраткер

Әсіресе, еліміздің жоғары бі­­лімі мен ғылымының қара ша­­­ңырағына қалдырған құнды мұ­расы, мәңгілік ескерткіші – ҚазҰУ қалашығын салған уақыт­тағы әр ғимараттың архитек­туралық жобасын сызып, күні-түні құрылыс басында жүріп «прораб» атанып кеткені – аңызға бергісіз әңгіме.

Техника ғылымдарының док­торы, профессор, академик Өмір­бек Арысланұлының бас­шы­лы­ғымен сол жылдары шын мә­нін­де ауқымды істер атқарылды, жаңа міндеттер орындалды. Ол ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесін­де екенін айқын түсіне білді. Шал­ғай ауылдардан арман қуып, Ал­матыға келген студенттерді даяр­лайтын жаңа мамандықтар, ка­фед­ралар, зертханалар ашылып, ғылым саласы тың бағытта қар­қын алды.

Ө.Жолдасбеков қолданысқа енгізген жоғары класты маши­налар мен механизмдер теория­сын көршілес елдерді айт­па­ған­да, Ұлыбритания, Ита­лия, Алмания, Финляндия, Чехо­­сло­вакия, Польша, Юго­сла­вия сияқ­ты мемлекеттер өн­ді­ріс­ке енгізді. 1992 жылы ал­ғаш рет елімізде Қазақстан Ин­же­­нер­лер қауымының І съезі ұйым­­дастырылып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қа­тысты. Бұл – Қазақ елі Тәуел­сіз­дігінің алғашқы жылы еді.

Өмірбек Арысланұлы Тұң­ғыш Президентіміздің «Біз ту­­ған мемлекетіміздің тәуелсіздігін ­баян­ды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қа­уым­дастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз» деген сөзін жадынан шығармай, егемен еліміздің мүддесіне ақтық демі қалғанша аянбай қызмет етті. Ға­сырлар бойы бостандықты аң­саған халқымыздың жарқын келе­шегі, жас мемлекетіміздің ір­гесі бекуі үшін жанын сала жұ­мыс істеу басты ұстанымына айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Хал­­қыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру – тек қана менің емес, әр азаматтың ар ісі мен жадында болуы тиіс» деп, ел азаматта­рына артқан жауапкершілік жү­гін бар болмысымен сезінді. Ол туған хал­қы үшін керекті тап­ты, барын дамытып, жоғын толық­тыр­ды. Механика және машина­тану институтының негізін қа­лап қана қоймай, тұңғыш рет ма­шинатану саласында қазақ тілінде терминология жасады. Ме­ханизмдер мен машиналар тео­риясы және теориялық механика пәндерінен қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың, орыс­ша-қазақша терминологиялық сөз­дік­тердің авторы болды.

Қазақ ғалымының ашқан жа­ңа­лықтары әлемдік дең­гей­де мойындалып, Халық­ара­лық Инженер­лік акаде­мия­сы­ның академигі және 1-ви­це-пре­зиденті, Ислам мем­ле­­­кет­тері инженерлік қоғам­да­­ры федерациясының вице-пре­зиденті, АҚШ инженер-меха­никтер қоғамының және Эко­логиялық қайта құру халық­ара­­лық академиясының толық мү­­шесі болды, Пәкістан Инже­нерлік академиясының және басқа да мемлекеттердің Инже­нер­лік академияларының Құр­мет­ті академигі атанды. Еңбегі еле­ніп, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының лау­реаты атанып, «Қазақстанның ең­­бек сіңірген ғылым қайратке­рі» ата­ғымен марапатталды, халық­ара­лық В.Г.Шухов және әл-Хо­рез­ми атын­дағы алтын медаль­дерді иеленді. 400 ғылыми ең­бек, 20 мо­но­графия, отыздан ас­там оқу­лық пен оқу кұралын жазды.

Қажырлы да табанды еңбе­гінің арқасында механик-ға­лым­­дардың тұтас бір шоғырын тәр­­биелеп шығарып, ұстаздық мек­тебін қалыптастырды. Қазіргі таң­да өзі тәрбиелеп шығарған ғы­лым докторлары мен ғылым кан­дидаттары ізін қуып, ғылыми мек­тебін дамытып, әр тарапта соны ізденістерін жалғастырып келе жатқаны да көңіл қуантады. Олар Ресей, Италия, Германия, Украина, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде еңбек етіп, қазақ ғылымының әлемге танылуына ұйытқы болып жүр.

1975 жылы жоғары білім ор­дасының табалдырығын алғаш аттап, филология факультетінің студенті атанған кезімізде, одан соң 1980 жылдан бастап кафедра оқытушысы ретінде қызмет ете бастаған сәтімізде Өмірбек Арысланұлының кесек мінезі мен атпал істерін өз көзімізбен көрдік. Тәрбиесін алып, өнегесін үйрендік. Ұстаздық ұлағатын сіңі­ріп, ағалық қамқорлығын сезіндік. Тәлімін түйіп, таудай тұл­ғасын таныдық. Әлі күнге адал­дықпен өрілген сара жолын үлгі тұтып, кәсіби қыры мен бір­туар болмы­сын зор құрметпен есімізге аламыз.

Өмірбек Жолдасбековтің ме­рей­тойы қарсаңында өткенге көз жібере отырып, академик Зей­­­нолла Қабдоловтың «Жақсы адам­­­дардың өлген күні болмай­ды, туған күні ғана болады. Өме­кеңнің – ғұлама ғалым әрі айтулы қоғам қайраткерінің ар­тында қалған мәңгі өшпес мол мұрасы туралы әлі ұзақ айта­тын боламыз» деген сөзі ақи­қатқа айналғанына көз жет­кізгендейміз.

Бүгінгі таңда әл-Фа­ра­би атын­дағы Қазақ ұлт­тық универ­си­тетінде Ө.Жолдас­беков­тің маши­на жасау және роботтехника сала­ларындағы еңбектерінің заң­ды жалғасы ретінде «Сандық тех­нологиялар және роботтех­ника» ғылыми-білім беру орта­лығы жұ­мыс істейді. Соның ішін­­де «Ро­боттехника жүйелері» ма­­ман­дығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура дең­­гейінде 44 жас білімін жал­ғастыруда.

Ғұлама ғалымның жарқын бей­несін өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақтау үшін Студенттер сарайына, механика-математика факультетінің Үлкен залына Өмірбек Жолдасбековтің есімі берілген. Сондай-ақ универси­тет қалашығына ескерткіші қо­йылып, музейі ашылған. 80 жыл­дығы тұсында «Қазақ уни­верситеті» баспа үйінен «Өнегелі өмір» се­риялық кітабы жарық көрді.

Бұдан бөлек, 2010 жылдан бас­­тап ғылыммен айналысатын талантты оқушылар арасында Өмірбек Жолдасбековке арнал­ған математика және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауын ұйым­дастыру жолға қойылған. Интел­лектуалдық жарысты механика-математика факультеті базасында Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» Республикалық ғы­­лыми-практикалық орталығы бір­лесіп жүзеге асырады.

Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Тә­уел­сіздік рухымен еркін өсіп келе жатқан кейінгі толқынға үнемі үміт артып, әр саладағы талантты жастарға ұдайы сенім білдіріп отырады. 2019 жылы Жастар жылының ашылуында «Қазір­гі экономикадағы бәсекелестік жаңа технология ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қол­данылуына байланысты. Биз­нес­те көшбасшы болу үшін инно­ва­циялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білу керек. Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кә­сіпкерлер қалағанын білесіз­дер. «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында, «Apple» ком­паниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Бұл компания­лар жүздеген мың адамды жұмыс­пен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сү­йен-­
­­ген жоқ. Қоғамда жасам­паз­дық, бастамашылық, шығар­ма­шылық, еңбекқорлық рухын қа­лып­тастыруға баса мән бер­ді. Хал­қымыздың «Ақыл – жас­тан, асыл – тастан» деген на­қыл сөзі бекер айтылмаған. Біз­дің жас­тарымыздың бойын­да мұн­­­дай қасиеттер бар» деп, жас буынға қолдау көрсету ту­­ралы тап­сырма бер­ген еді. Ал 2021 жыл­дың 3 ақпа­нында өткен Қауіп­сіздік Ке­ңесінің оты­­рысын­да Елбасы «Нағыз қа­­уіп – минералды-ши­кі­зат ресурс­тары бағасының құл­дырауы емес, ұлттың интел­лек­туалдық әлеуетінің төмендеу қаупі. Бұл, бірінші кезекте, білім бе­руге қа­тысты. Біз осы сала бо­йынша да­мыған елдерден әлі артта келеміз. Білім мен ілім таяу онжылдықта біздің ұлттық идеямыз болуы керек» деп атап өтті.

Жақында өткен ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығын ме­ре­келеу жөніндегі Мемлекеттік комис­сия­ның алғашқы отырысында Пре­­зидентіміз Қасым-Жомарт То­­­қаев: «Қазақстан – дарынды жас­­тар мекені. Ертең еліміздің абы­­­ройын асыратын да – осы та­лант­ты ұл-қыздар. Біз олардың өрі­­­­сін ашып, қарым-қабілетін шың­­­­дау үшін бар мүмкіндікті жа­­­­сауға тиіспіз», деп қадай айт­ты.

Осыған орай, Ө.Жолдасбеков атындағы талантты оқушылар бай­қауы жеткіншектердің математикадан білімін дамытуға барынша ықпал жасап, олар­дың зерттеушілік қызметін ұйым­дас­тыру жүйесін және құры­лымын жетілдіруге күш салады. 1 наурыз күні басталып, үш күнге созылатын білім сайысында Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен үміткерлер бақ сынамақ. 176 оқу­шы математика, қолданбалы ма­те­матика, механика және эко­но­микадағы математикалық әдіс­тер секциялары бойынша жобаларын қорғайтын болады. Әділ­дік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында конкурс онлайн режімде «Дарын» РҒПО-ның аккаунтында ұсынылады.

Осындай жұмыстардың бар­лығы Ө.Жолдасбековтің есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға арналған, алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Ұлт­тық Ғылым академия­сы­ның президенті Мұрат Жұ­рынов кезінде өзінің заңғар тұл­ғалы за­мандасы жайлы: «Ар­тын­да іздеу­шілер, адал шәкірттері бар Өмір­бек Арысланұлы – еш уақыт­та аты өшпейтін, жар­қын бейнесі жү­ректе мәңгі сақ­талатын ұлы адам» деген пікір айтқан екен.

Иә, еліміздің білім-ғылымы­ның дамуына ерекше үлес қос­қан біртуар тұлғаның есімі ешқа­шан ұмытылмақ емес. Өйткені, тәуелсіз еліміз, жасампаз халқы­мыз барда жақсының аты, ғалым­ның хаты өлмейді.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

«Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры