Білім • 26 Ақпан, 2021

Көрші өңірдің көмегі

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қайырымдылық қолын созып, жанашыр­лық құшағына алу – халқымыз­дың ықылым заманнан бері бойына біт­кен ізгі қасиетінің бірі. Таяуда Петро­павл қаласындағы С.М.Киров атындағы зауыт ұжымы Көкшетаудағы Шоқан Уәли­ханов атындағы университетпен бірле­сіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы­лардың студенттеріне соңғы үлгідегі ноутбуктерді тарту етті.

Көрші өңірдің көмегі

Жастардың жанын жадыратқан бағалы сыйлыққа білім беру грантының жалпы конкурсы бойынша жоғары оқу орнына түскен студенттер лайық деп танылды. Бұл арадағы бас­ты мақсат – білімді жастарға қолдау көр­сету. Екінші бір қыры – жастар арасында адам­гершілік қасиеттерді насихаттап, айрық­­ша мәнді маңызын ұғындыру. Зауыт өкіл­­дерінің айтуларына қарағанда, мұндай іс-шаралар өткізу берік дәстүрге айналған екен. Осы бір қайырымдылыққа негізделген қадам арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу бары­­сында белсенділік танытып, өзгеге өнеге болуда.

– Бар жақсылық өсемін деген, білім аламын деген жастарға жасалуы керек, – дейді зауыт директорының орынбасары Қайрат Әлі­беков. – Бұған дейін төрт облыста әлеу­мет­­тік жағынан аз қамтамасыз етілген отба­сы­ларға әрқилы планшеттер мен ноутбуктер сатып әпердік. Алдағы уақытта Ауған соғы­­сы ардагерлерінің отбасыларына көмек көрсет­­пекшіміз.

Бағалы сыйлыққа ие болған студенттер мәз-мейрам. Жаман індет жайлағалы қа­шық­­тан оқу жүйесіне ауысқан олар «бұл жаб­дық­тар біз­ге әбден қажет еді» дейді.

– Соңғы үлгідегі техникаларды білім алу жолында пайдаланамыз, – дейді универ­ситет студенті Вера Нурышева. – Көрші об­лыс­тағы қайырымды жандардың көмегін іл­ти­патпен айта жүретін боламыз. Осындай уа­қыт­та ақ­жарқын ағалардың, ел болашағын ой­лай­тын аза­маттардың жанашырлық жа­сағаны қандай жақсы.

Көрші өңірдің көмек қолын созуы – құп­тар­­лық іс. Көршісі жақсының көші іркіл­мейді.

 

КӨКШЕТАУ