Аймақтар • 26 Ақпан, 2021

Үміт отын лаулатқан...

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы ең жас кәсіпкер – 12 жаста. Әйтсе де, сөзі мен ісі құдды ес біліп, етек жапқан ересек адамдай. Ой-толғамы да, ұстанымы да. Тірнектеп тапқан қаражатын қарақан басына жаратпай, қайырымдылыққа жұмсайды, анығырақ айтқанда, маймақ дертіне шалдыққан балаларға ортопедиялық аяқ киім мен басқа да қажетті заттар сатып әпереді.

Үміт отын лаулатқан...

Заурбек Яндиев әрқилы ыдыс­тар мен жейделердің сыртын көзтартарлық етіп безендіреді екен. Көркем суреттей құлпырған бұйымдар сыртқы пішінімен-ақ тұтынушылардың назарын өзіне аударады. Сондықтан да өтімді. Ал алуан мазмұндағы дизайнды әлеуметтік желіден іздеп табады. Өзінің балғын қиялынан туындайтын кескіндемелер де бар. Тауары өтіп тұрған соң тәп-тәуір табыс та оралуда. Өз басына бір тиынын да жұмсамай, барлығын толайым дертке шалдыққан балаларға бағыттайды. Олар қуанса, нәзік жаны масайрап, төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғандай сезінеді. Өзгені қуан­тудың, жанында жүрген, қамқорлыққа мұқтаж адам­ның шаттанғанын көрудің өзі естіген жанның жан дүниесін уылжытып жіберетін бір әдемі сезім. Жас кәсіпкер осылайша түйсінеді. Құрбыларының бо­йындағы қасіреттің салмағын қапысыз ұғады. Өйткені бір кезде өзі де дәл осындай дертке душар болған. Бірақ қайсар мінезді бала еш мойымай күрессе керек. Жас қайыңдай солқылдаған құрыш дене мен қайтпас қайсар мінезі түптің түбінде дертті жеңіп шығыпты. Енді өзгелерге дем бермек, қол­тығынан демемек. Өмірге деген сүйіспеншілігін арттырып, жабысқан дертті жағасынан алып лақтырып жіберуге болатынын саналарына жеткізе отырып ұғындырмақ.

Шынтуайтында жас кәсіпкер ұзақ жыл бойы аурухана төсегіне таңылып жатыпты. Әлденеше рет ота жасатқан. Алғашқылары сәтсіз аяқталыпты. Сонда да үмі­тін үзбеген. Кейінгісі Қос­танай қаласында жасалған соңғы ота­сы сәтімен сабақталып, ая­ғын қаз басып кеткен. Бірақ, сол бір қасірет қабырғасын қа­йыстырған, денесін дерт мең­деген шақ есінен бір сәт кеткен емес. Неткен сұ­рапыл сұмдық десеңізші?! Тө­секке таңылып қаламын ба деп қорыққан. Мәңгілік мүгедек болу кімге оңай дейсің. Өзі де илана алмай тұрса да, түптің түбінде же­ңіп шығатынына кәміл сенген. Басына төнген қайғының қара бұлтын нәзік қолдарымен серпіп тастауға талай ұмтылған. Ақыры тілегі қабыл болды. Ендігі тілегі өзі тәрізді мұңайған, өмірден баз кеше жаздап жүрген балғындарға көмектесу. Олардың жайын өзіндей кім ұқсын? Ал мұндай балалар аз емес. Облыс бойынша 900-ге жуық. Солардың бірі – Бурабай ауданындағы Кене­сары ауылының тұрғыны Бахтияр Беспаев небәрі 11 жаста. Бахтиярдан бұл дерттің бел­гілері өмірге келген кезден біліне бастаған. Содан бері жанын жеген дертпен арпалысып келеді. Балғын кәсіпкер Заурбек Яндиев ең алғашқы сыйлығын осы Бахтиярға жасады. Үміт отын тұтату үшін өзінің басынан кешкен оқиғасын да айтып берді. Рухани ағасының жан сырын естіген Бахтиярдың да жанары жай­нап кетті. Енді үзілген үміт жалғанғандай, көкіректегі сөніп бара жатқан оты қайта лаулап жанғандай.

– Менің балама осы кезге дейін үш мәрте ота жасалды, – дейді анасы Рахима Әбді­ғапарова, – шынын айтқанда, қа­жетті орто­педиялық аяқ киім­дердің құны өте қымбат. Соң­ғы біреуін Ресейден 90 мың тең­геге алдырттым. Ен­ді міне, Заур­бек құлыным тегін сыйлап отыр. Бахтиярға айт­қан өзінің өмір тәжірибесі аяқ киім­нен де қымбат. Күндердің бір күнін­де менің балам да Заурбек сияқ­ты қатарға ілініп кете ме деп үміттенемін.

Бар болашағы алда Бахтияр отбасындағы төрт перзенттің кенжесі екен. Кенже бала күні ертең Заурбек тәрізді қаз басып кетеріне сенімді. Қарапайым аяқ киімдер аяғын қажап жүр еді, мына сыйлық көңілден шығып-ақ тұр. Балғын кәсіпкердің бас­тамасын ақыл таразысына салып отырып, ел ішіндегі мұқ­таж жандардың еш уақытта қамқорлықсыз қалмайтынына кәміл сендік. Небәрі он екіге жаңа толған өрімдей жас елінің ел­дігін, балалардың бақытты болашағын ойлап жүрсе, біздің ел кімнен кем болмақ?! Алға қойған бар мақсат-мұрат та, жан жадыратар жақсылық та осы емес пе?!

 

КӨКШЕТАУ