Аймақтар • 26 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда жол апатынан 4 адам қаза тапты

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26 ақпан күні түнгі сағат 3.00. шамасында Атырау-Орал тасжолының 259 шақырымында қос автокөлік түйісіп, 4 адам қаза тапты. Қалған 6 адам түрлі жарақатпен Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілген.

Батыс Қазақстанда жол апатынан 4 адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Атамекен ауылынан 10 шақырым жерде екі «Тойота камри» автокөлігі бетпе бет соқтығысқан. Осыдан 4 күн бұрын 6 адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апаты да дәл осы жерде болған еді.

Соңғы күндері өңірде қатты боран соғып, ауа райының нашарлауына байланысты автожолдар жиі жабылды. Мәселен «ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстық филиалы 2021 жылғы 26 ақпан күні түн ортасынан бастап республикалық маңызы бар Атырау-Орал жолының 492-189 шақырымы арасында барлық автокөлік түрлеріне жолға шығуға болмайтынын хабарлаған еді. Алайда жол апатына түскен такси жүргізушісінің бірі полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай жолға шығып кеткені белгілі болды.

Сонымен, оқиға орнында 4 адам қаза тапқан, олар – Қазталов ауданы Бостандық ауылының тұрғыны, 33 жасар ер адам, Чапаев ауылының тұрғыны 48 жасар ер адам, Петропавл қаласының тұрғыны 38 жасар ер адам, тағы бір ер адамның кім екендігі анықталуда.

Жарақат алғандар: 35 жастағы Орал қаласының тұрғыны, ер адам маңдай сүйегі сынған. 52 жасар оралдық ер адамның да жарақаты дәл осындай, маңдай сүйегі сынған. 1987 жылы туған атыраулық жігіттің қабырғасы сынған. Онымен құрдас оралдық жігіттің беті сыдырылып жарақаттанған. 1987 жылы туған тағы бір жігіттің бетінде, кеудесінде сырылған көптеген жарақаты бар. Тағы бір 30 жасар оралдық жігіттің де бет-жүзі бүлінген.

Атырау-Орал тас жолы бойында, Ақжайық ауданы аумағында соңғы бес күн ішінде жол апатынан 12 адам қаза тапты. Полиция облыс тұрғындарын аса қажеттілік болмаса жолға шықпауға, жүргізушілерді жол ережесін сақтап, өте абай болуға шақыруда.