Бұл туралы медициналық мекеменің басшысы Еркін-Дәуір Құрманғалиев тікелей эфирге шығып, хабарлады. Клиника директорының айтуынша, қазіргі уақытта дәрігерлер пациенттің үсіп кеткен құлақтарын қалпына келтірумен айналысып жатыр екен.
– Көптеген адамдар хабарласып, құлағын үсіткен жерлесіміздің хал-жағдайын сұрастыруда. Біз ол адамды кеше іздестіріп таптық. Бүгін ауруханаға жатқыздық. Құлақты қалпына келтіруге бола ма? Негізінен құлақ деген қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілетін орган. Сондықтан жағдайды бақылайтын боламыз және әрі қарай емдейміз, әрине. Пациенттің өміріне төнген қандай да бір қауіпті көріп тұрған жоқпын, – деп мәлімдеді Е. Құрманғалиев.
Кешегі болған сұрапыл боранда Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің құтқарушылары, №52859 әскери бөлімнің сарбаздары және апат медицинасы орталығының қызметкерлері жолда қалған 79 адамды қар құрсауынан құтқарды. Құтқарылғандардың арасында жеті бала бар.