Оқиға бүгін сағат 12:10 шамасында болды. Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінің қызметкері, майор Әлім Тасмағамбетов кезекті еңбек демалысында болған. Өз көлігімен жұмыстармен облыс орталығының Н.Назарбаев көшесімен кетіп бара жатып, бес қабатты тұрғын үйдің бірінен қою түтін шығып жатқанын байқайды.
Сол сәтте түтін будақтаған пәтерде ешкім болмаған. Офицер 101 телефонына хабар беріп, өрт шыққан кіреберіс тұрғындарын сыртқа шығара бастайды. Жедел әрекет етіп, үйден екі егде азаматшаны және бір жасөспірімді алып шықты. Сөйтіп олар тоңып қалмас үшін өз көлігіне отырғызады.
– Бірінші қабаттан түтінді байқадым. Түтін тез арада бүкіл кіреберісті алған. Жол-жөнекей мен өрт сөндіруші топты шақырдым. Кіреберістің сыртқы есі жабық екен. Мен барлық пәтерге қоңырау шала бастадым, кей терезелерге қар лақтырдым. Осы арқылы елдің көңілін өртке бөлгім келді. Санаулы секундтарда сыртқы есік те ашылды. Қуаныштысы, сол өртенген үйде ешкім болмай шықты. Мен жоғары қабаттарға көтеріліп, әр пәтердің есігін қағып шықтым. Бесінші қабатта 83 жасар егде әйел тұрады екен. Ол ұйықтап жатқан болуы керек, өрттің шыққанын сезбеген. Мен оны көтеріп алып, далаға шығардым. Іле-шала 70 жастағы азаматша мен 14 жастағы жеткіншекті сыртқа шығарып, көлігіме отырғыздым. Себебі күн аяз еді, – дейді Ұлттық ұлан офицері.
Кейін өрт орнына Ұлттық ұлан Әскери институтының екі әскери қызметкері келді. Кіші сержант Денис Мухин және прапорщик Евгений Видникевичтер де өрт сөндірушілермен қалған тұрғындарды өртенген үйден сыртқа шығарды. Әскерилер үйден тағы бір баланы эвакуациялаған.
Айта кетейік, жалпы түтіндеген кіреберісітен 15 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.