Қазақстан • 26 Ақпан, 2021

Мемлекеттік хатшы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды.  

Мемлекеттік хатшы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратында мерейтойлық жылды салтанатты түрде ашты. Жиынға ресми тұлғалар, мәдениет және ғылым қайраткерлері, Алматы және Жамбыл облыстары делегацияларының өкілдері қатысты.

Мерекелік кештің қонақтары жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған Жамбыл Жабаев мұражайының экспозициясымен танысты. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты іс-шарада баяндама жасады. Ол Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының сындарлы кезеңінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың ұлы ақындары Абай мен Жамбылдың 150 жылдығын лайықты атап өту туралы шешім қабылдап, мерейтойларға ерекше мәртебе мен маңыз берген ширек ғасыр бұрынғы тарихи сәтті еске салды.

Рр

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы атап өтілуде. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл Жамбылдың бірегей мұрасын терең ұғынуға, оны замандастарымыз бен жастарға насихаттауға және ақын шығармаларының үлкен сұранысқа ие болуына ықпал етеді.

А.Райымқұлова болашақ ұрпақ үшін рухани қазынаны сақтаудың және ізгіліктің сан ғасырлық идеяларын бүкіл әлемге жеткізудің үлкен жауапкершілігі ұлтымызға жүктелгенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық күш-жігер «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын одан әрі іске асыру, Ұлы даланың рухани мұрасын танымал ету және Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын нығайту жөніндегі ауқымды жұмыстарға бағытталатын болады.

Салтанатты іс-шара Жамбылдың 175 жылдығына арналған мерекелік концертпен жалғасты. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің артистері көрермендерге «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылым ұсынды. Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда оның белгілі айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары қамтылған.

Мерекелік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, «Жастар» театрының, «Астана Балет» театрының артистері, «Қорқыт» этно-ансамблінің, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының, «Акак» комузшылар ансамблінің (Қырғызстан) жеке орындаушылары өнер көрсетті. Атақты ақынның мерейтойына Қазақстан халықтары Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің артистері, «Nomad» балалар хореографиялық ансамблі, «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі және т. б. өз шығармаларын арнады.

Бүгін, 26 ақпан күні еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елді мекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылып, әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізілді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше