Жер қойнауына Менделеев кестесінде келтірілген қазба байлығының бәрін дерлік жинаған ұлы даланың төл иесі Қазақстан үшін индустриялық державаға айналуды тағдырдың өзі жазған сияқты. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сонау бір өкпені қысқан өтпелі кезеңнің өзінде, яғни 1997 жылдың қазан айында “Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” атты халыққа Жолдауын жариялап, егемен еліміздің 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын айқындаған еді. Сол бір болашағы болжаусыз бұлыңғыр шақта басқаны былай қойғанда, экономиканың майын ішкен мамандардың өзі ұзақ мерзімге арналған бұл стратегиялық жоспардың орындалуына күмәнді болатын. Бірақ тарих таныған реформатор Нұрсұлтан Назарбаев сәуегейлер айтқан күдікті сырып тастап, 2001 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын бекітті. Уақыттың өзі бұл жоспардың “Қазақстан-2030” Стратегиясын іске асырудың алғашқы онжылдық тұғыры болғандығын көрсетті.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында “1997 жылы “Қазақстан-2030” Стратегиясын қабылдап, біз елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда қисынды түрде дамытылды. Сөйтіп біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік” деп атап көрсетті. Бүкіл әлем экономикасын тұралатқан жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың қиындықтарына қарамастан Мемлекет басшысы тағы да батыл да сындарлы қадам басып, еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берді. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары 2010 жылдан бастап 2019 жылды қоса алғандағы аралықты қамтитын “Қазақстан-2030” Стратегиясын іске асырудың келесі кезеңі болмақ. Сөйтіп сөзі мен ісінің арасында ешқашан алшақтық болып көрмеген Елбасы сонау 1997 жылы айтқан сөзінің ақиқаттығын, ел экономикасын алға дамытудың 2030 жылға дейінгі белгілеген бағытының беріктігін барша әлемге паш етті.
Мемлекет басшысының баламасыз бастамаларымен жаһандық дағдарыстан өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық шыққан Қазақстан ел экономикасын жаңа асуларға шығару мақсатында батыл бастама – 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдады. Бұл стратегиялық бағдарлама индустриялық дамудың екі бесжылдық жоспары бойынша жүзеге асырылмақ. 19 наурызда Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі осы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың (ҮИИД) мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асыру мақсатындағы шаралар шеңберінде Қазақстанның индустрияландыру картасын бекітті. Бұл картада алдағы уақытта іске қосылатын индустриялық жобалардың нақты кестесі белгіленген. Бұл жобаларды іс жүзіне асыру шараларына еліміздің кәсіпкерлерін кеңінен қамту мақсатында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы қабылданды. Тек осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін ғана үстіміздегі жылы 30 миллиард теңге қаржы бөлінбек.
“Индустрияландыру картасы” екі бөлімнен тұрады. Біріншісі, өңірлік карталар. Онда облыстарды дамытуға бірінші кезекте қажетті нысандар шоғырландырылған. Екінші республикалық карта. Мұнда орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік холдингтер тікелей бақылауға алған индустриялық-инновациялық даму жоспарының негізгі нысандары топтастырылған. “Индустрияландыру картасына” енгізу үшін алдын-ала 385 жоба ұсынылған болатын. Жан-жақты талқылаулар барысында 236 жоба іріктелініп, “Индустрияландыру картасына” кіргізілді. Атап айтқанда, жалпы құны 6,8 триллион теңге болатын 101 ірі жоба республикалық картаға, жалпы құны 580 миллиард теңге болатын 139 жоба өңірлік карталарға топтастырылды.
Мәселен, Павлодар облысында “Қазақмыс” корпорациясы Бозшакөл кен байыту комбинатын, Шығыс Қазақстан облысында Ақтоғай кен байыту комбинатын салса, “Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі” АҚ Қостанай облысында металданған өнім өндіру жөніндегі зауыт, осы облыста “АгромашХолдинг” АҚ ауыл шаруашылығы жол құрылысы техникалары мен автобустар шығару зауытын іске қоспақ. “Kazakhstan Petrochemіcal Іndustrіes Іnc” ЖШС Атырау облысында ықпалдастырылған газ-химия кешенін, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы” АҚ “Бейнеу – Шымкент” газ құбырын, нақ осы компания Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру және жаңғырту жұмыстарын атқарса, Қарағанды облысында “Сарыарқа” ӘКК ұлттық компаниясы” АҚ индустриялық парктің инфрақұрылымын, “Қарцемент” АҚ құрғақ әдіспен цемент өндіретін №5 технологиялық желіні, “ҚазБелАЗ” бірлескен кәсіпорны” ЖШС “БелАЗ” көлігін құрастыру және қосалқы бөлшектер шығару зауытын, “Bapy Mіnіng” ЖШС темір кенін өңдеу және өндіру кешенін салу жұмыстарын жүзеге асырмақ. Ақмола облысында “Tourіsm Borovoe Cіty” ЖШС “Бурабай арнайы экономикалық аймағының шекарасында туристік ойын-сауық кешенін салу”, “Қазақатомөнеркәсіп-ҚҚЗ бірлескен кәсіпорыны” ЖШС өндірістік қуаты 180 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын, “Бәйтерек-А” АҚ электровоз зауытын іске қоспақ.
“KEGOC” АҚ Алматы облысында Мойнақ ГЭС-інің толық қуатында жұмыс істеуін, “ОтесБиоАзия” ЖШС инфрақұрылымы дамыған қазіргі заманғы бордақылау алаңын іске қосады. “Париж коммунасы ХХІ” ЖШС Ақтөбе облысында Бестамақ мал шаруашылығы кешенін, “Айс” ЖШС 1100 басқа арналған тауарлы сүт фермасын, “Актюбинская медная компания” ЖШС №2 мыс-мырыш өндіру жөніндегі кен байыту комбинаты фабрикасын, “Юбилейное” ЖШС “Юбилейное” кен орнында алтыны бар кенді байыту фабрикасын, “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытын іске қосатын болады. Шығыс Қазақстан облысында “Қазақцемент” ЖШС құрғақ тәсіл бойынша цемент зауытын салу, “Қазмырыш” АҚ Өскемен металлургия кешенінің мыс қорыту және электролиз зауыттарын салу, “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ “ӨТМК” акционерлік қоғамында титан кесектерін және қорытпаларын өндіру зауытын, “Семей былғары өңдеу комбинаты” ЖШС былғары өндірісін қайта жаңарту және жаңғырту, “Азия Авто” АҚ Өскемен қаласында толық циклді автозауыт және автоқұрамдар шығаратын технопарк салу жұмыстарын іс жүзіне асырады.
Ал Жамбыл облысында “Қазфосфат” ЖШС кен байыту фабрикасын және күкірт қышқылы цехын, “Мыңарал тас компаниясы” ЖШС цемент зауытын салу жобаларын іске қосады. Оңтүстік Қазақстан облысында “Қазақстандық минералды ресурстар” тау-кен компаниясы” ЖШС “Үшбас” және “Герас” кен орындары базасында моноаммоний және диаммонийфосфат шығару, “Самұрық-Энерго” АҚ Шардара ГЭС-ін жаңғырту, “Қазақстан мақтасы” АҚ сұрыпты тұқым материалын өндіру зауытын салу жұмыстарын іс жүзіне асыратын болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі Қызылорда облысында “Байқоңыр” ғарыш айлағында “Бәйтерек” ҒЗК-ін құру, Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салу, Қазақстан Республикасында Жерді қашықтан зондылау ғарыш жүйесін құру жобаларын жүзеге асырады.
ИНВЕСТИЦИЯ-2020
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму жоспарларын жүзеге асыру үшін үлкен көлемде инвестиция қажет екендігі белгілі. Халықаралық капитал рыногындағы қаржылық ресурстарды алуға шектеу қойыла бастағаннан бері әлемде тікелей шетелдік инвестицияларға деген күрес күшейе түсті. Осы ретте Қазақстан инвестициялық тартымдылық климаты тұрғысынан өзінің көптеген бәсекелестеріне жол береді. Оған еліміздегі кадрлардың бәсекелестікке қабілеттілігінің төмендігі, қажетті инфрақұрылымдардың жетімсіздігі, жемқорлық пен әкімшілік кедергілер себеп болып отыр. Міне, орын алған осындай кемшіліктер ел экономикасына сапалы инвестиция тарту мүмкіндіктерін шектейді.
Алдағы уақытта тікелей шетелдік инвестиция тасқынын толастатпау үшін инвестиция тарту шараларына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуі қажет. Бұл ретте мемлекет тарапынан инвестиция тартуға фискальдық, қаржылық және инфрақұрылымдық көмек шаралары ойластырылуы керек. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында “Инвестиция туралы” заңға сәйкес қолданылып келген инвестициялық преференциялар сақталады және одан әрі кеңейтіледі.
Еркін экономикалық аймақтарда, сол сияқты жекелеген инвестициялық келісімдер бойынша салық жеңілдіктері сақталады. Жобаларды қосымша қаржыландыру мәселелері даму институттарының шеңберінде шешім табады. Қазақстандық тауарларға басымдық беру жөніндегі комиссия арқылы кейбір шетелдік инвесторларға төменгі деңгейде кепілдік берілетін мемлекеттік тапсырыс және ұлттық компаниялардың тапсырыстары берілетін болады. Сонымен бірге “Бизнестің жол картасы-2020” шеңберінде шетелдік инвесторларға пайыздық ставкаларды субсидиялау, несиелерге ішінара кепілдік беру сияқты өңірлік жеңілдіктер жасалатын болады.
Инвесторларға сервистік қолдау көрсету мәселесінің де маңызды екендігі даусыз. Дүние жүзінің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, инвестициялық тартымдылық жағдайын қалыптастыру мемлекетке қажетті сапалы да толық көлеміндегі шетелдік инвестициялар тартуға толық жағдай туғызбайды. Әлемдік тәжірибеде инвесторларды іздеу және тарту мақсатында инвесторлар тартатын арнайы мамандандырылған агенттіктер құрылады. Дүние жүзінің 160 мемлекетінде нақ осындай агенттіктер жұмыс істейді. Бұл агенттіктердің басты мақсаты шетелдік инвесторларға көрсетілетін кешенді қызмет түрлерін “бір терезе” қағидатымен жүзеге асыру болып табылады. Алдағы уақытта шетелдік инвесторларды көптеп тарту үшін елімізде мынандай маңызды міндеттерді шешу керек:
– Қазақстанда шетелдік инвесторларға “бір терезе” қағидатымен қызмет көрсету. Осы мақсатта “KAZNEX” АҚ базасында “KAZNEX ІNVEST” инвестиция және экспортты жүргізу жөніндегі ұлттық агенттік құрылатын болады. Бұл агенттік Кореяның “KOTRA” Австралияның “AUSTRADE” және Бразилияның “APEX” агенттіктерінің тәжірибесі негізінде жұмыс істейді. Аталмыш агенттік Қазақстанның инвестиция үшін қолайлылығын көрсету және елімізге инвестиция тарту мақсатында бизнес-форумдар, роуд-шоулар және басқа тұсаукесер шаралар өткізетін болады. Осы мақсат аясында шетелдік және отандық бизнес өкілдері өз әріптестерін табатын бірыңғай интернет портал ашылады.
Қазіргі таңда еліміздегі еңбек өнімділігі әлемдегі көптеген дамыған елдердің көрсеткішінен әлдеқайда төмен екендігі белгілі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында “Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмен және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды. Сондықтан біздің міндетіміз 2014 жылға қарай агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру” деп атап көрсетті. Сонымен бірге Елбасы еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне айрықша маңыз берді. Жолдауда “онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға көтерілуі тиіс” делінген. Осы ретте айта кететін бір мәселе, әлемнің дамыған елдерінде шағын және орта кәсіпкерлік ішкі жалпы өнімнің кем дегенде 50 пайызын береді. Ал Италияда бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды. Сондықтан алдағы уақытта “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде еліміздегі шағын және орта бизнесті кешенді дамытуға жан-жақты мүмкіндіктер жасалған.
ЭКСПОРТ-2020
Алдағы 10 жыл мерзімге белгіленген еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында өнімдерін экспортқа шығарушы отандық инвесторларға барынша қолдау көрсетілмек. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру мақсатында Елбасы “Біздің шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуға тиіс” деп атап көрсеткен болатын.
Соңғы жылдары экспортқа өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылды. Екі жыл ішінде компаниялардың экспорттық қуатын арттыру және экспорттық база қалыптастыру жөнінде 800-ден астам компаниямен кешенді жұмыстар жүргізілді. Шикізаттық емес салада экспортқа өнім шығаратын 350 компания жұмыс істейді. Оның ішінде 260 компания сыртқы рынокқа тұрақты түрде тауар экспорттап келеді.
“Индустрияландыру картасын” іс жүзіне асыру мақсатында экспортқа тауар шығаратын отандық кәсіпорындарға одан әрі қолдау көрсетілетін болады. Бұл ретте тауар экспорттаушы отандық кәсіпорындардың 50 пайызға дейінгі белгіленген шығындарына кепілдік беру шаралары қарастырылған.
“БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2020”
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму жоспарының тағы бір маңызды құрамдас бөлігі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы болып табылады. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарларын іс жүзіне асыру міндеттерін орындау мақсатында жасалынды. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы еліміздің жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа қарсы жасалған 2009 және 2010 жылдардағы “Жол картасының” заңды жалғасы болып табылады. Бұл бағдарламада дағдарыстан кейінгі даму үрдістері, қазіргі жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттері көрініс тапқан. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті жағдайларды жасау мәселесіне де жан-жақты маңыз берілген.
Бағдарламада отандық бизнес құрылымдарын дамыту мақсатында кешенді шаралар қарастырылған. Олар:
- 2015 жылға дейін жыл сайын жалпы мөлшері 400 млрд. теңгеге дейінгі несиелерді арзандату;
- ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5 пайызға дейін арттыру;
- жалпы экспорт көлеміндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 40 пайызға дейін өсіру;
- өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өндіріс көлеміндегі шикізаттық емес саланың үлесін 43 пайызға дейін арттыру;
- өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін ең кемінде 1,5 есе өсіру.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру жаңа бизнес бастамаларға қолдау көсрету, кәсіпкерлік саланы сауықтыру, экспортқа өнім шығаратын өндіріске қолдау көрсету сияқты негізгі үш мақсатта жүргізілетін болады. Бағдарламаны іс жүзіне асыру барысында индустриялық-инновациялық дамуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жеке меншік кәсіпорындар үшін қаржы ресурстарына қатысу мүмкіндігі ұлғайтылады. Экономиканың шикізаттық емес саласындағы инвестициялық жобаларды орындау үшін жеке меншік саланың, бірінші кезекте банктердің қаржысын тарту мүмкіндігі арттырылатын болады. Жеке меншік саланың оның ішінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қаржы экономикалық тұрақтылығы нығаяды.
Бағдарлама екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезең 2010-2014 жылдарды қамтиды, осы ретте 2010 жыл қанатқақты мерзім болып табылады. Екінші кезең, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының 2014 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңін қамтиды. Биылғы жылы республикалық бюджеттен “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының негізгі бағыттары болып саналатын жаңа бизнес бастамаларды қолдауға 11,2 млрд. теңге, кәсіпкерлік саланы сауықтыруға 16 млрд. теңге, экспортқа өнім шығаратын өндірістерді қолдауға 2,8 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұдан кейінгі жылдарда бағдарламаны қаржыландыру мәселесі сәйкес қаржылық жылдың мүмкіндігіне қарай республикалық бюджеттен қарастырылып отыратын болады.
ЖАҢА БИЗНЕС- БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАУ
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес экономикамыздың шикізаттық емес салаларындағы жобаларды жүзеге асырған кезде мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қарастырылған. Бірінші бағыт бойынша мынандай мемлекеттік қолдау шаралары белгіленген:
1) жобаларды жүзеге асыру үшін банктер берген несиелердің пайыздық өсімін субсидиялау;
2) жобаларды жүзеге асыру мақсатында банктер берген несиелер бойынша ішінара кепілдік беру;
3) өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдарды дамыту;
4) бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету;
5) әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және жастар тәжірибесі шеңберінде кадрлар даярлау (бұл шара 2011 жылдан бастап іске қосылады).
Банктер беретін несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау мәселесінде жаңа алғышарттар қарастырылған. Атап айтқанда, несиелерді субсидиялау жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін, сонымен бірге өндірісті кеңейту және әртараптандыру жобаларына берілетін жаңа несиелер бойынша жүргізіледі. Пайыздық ставкалары субсидияланатын несие мөлшері бір несие алушы үшін 3 млрд. теңгеден аспауы тиіс. Субсидиялау мерзімі 10 жылға дейінгі пролангациялау мүмкіндігі қарастырылған 1 жылдан 3 жылға арналған. Осы ретте несие алушының жүзеге асырылатын жоба құнының ең кемінде 15 пайызын жабатындай мүмкіндігі болуы керек. 2010 жылы банктер берген несиелердің 12 пайыздық ставкасының 7 пайызын бағдарламаға қатысушылар, 5 пайызын мемлекет өтейтін болады. 2011 жылға арналған субсидиялау мөлшерін Үкімет белгілейді.
Жаңа жобаларды жүзеге асыруға, сонымен бірге өндірісті кеңейту және әртараптандыру мақсатындағы жобаларды жүзеге асыруға берілген несиелерге кепілдік беріледі. Бұл орайда кепілдік берілетін несие мөлшері бір несие алушыға 3 млрд. теңгеден аспауға тиіс. Кепілдік мөлшері несие сомасының 50 пайыздық деңгейіне дейін беріледі. Кепілдік берілетін несиелердің мерзімі 10 жылдан аспауы керек. Бұл бағдарламаға қатысатын несие алушылардың жаңа жобалардың жалпы құнының 15 пайызын қамтамасыз ететін мүмкіндігі болуға тиіс.
Индустрияландыру бағдарламасы негізінде жобаларға тартылған бизнес құрылымдарға көрсетілетін тағы бір көмек түрі, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Осы мақсатқа бөлінген қаржы, жол, кәріз, жылумен жабдықтау, су құбырлары, темір жол тұйықтарын, байланыс желілерін, қосалқы электр стансаларын және электр желілерін салу мақсатына ғана жұмсалады. Бөлінген қаржы құрылыстың немесе қайта жаңғыртылатын өндірістің техникалық-экономикалық негіздемелерінде және бизнес-жоспарларда қарастырылған мақсаттарға тартылады.
Бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсету мақсатында бірқатар тиімді көмек шаралары ойластырылған. Бұл ретте кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу үшін көмек көрсету, өнім жеткізуші және тұтынушы кәсіпорындардың деректерінің базасын құру, консалтингтік және маркетингтік қызмет түрлерін көрсету, орталықтандырылған бухгалтерлік құқықтық және ақпараттық көмек жасау. Жаңа жоба іс жүзіне асырылатын жергілікті жердің жағдайына байланысты бұдан басқа да жекелеген сервистік қызмет түрлері көрсетілуі мүмкін.
Бағдаралама шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және жастар тәжірибесін қолдану негізінде кадрлар даярлау мәселесі кең көлемде жүзеге асырылмақ. “Индустрияландыру картасында” қарастырылған жобаларды жүзеге асыру мақсатында қажетті кадрлар даярлау мәселесі алдын-ала жасалған жоспар бойынша жүргізіледі. Ол үшін әрбір өңірде атқарылатын стратегиялық жобаларға байланысты тиісті қаржы бөлінетін болады. Техникалық мамандар даярлау үшін және шетел жұмысшыларының орнын қазақстандық азаматтармен алмастыру мақсатында кәсіби мамандар даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлінеді. Бұл мақсатқа техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының (кәсіби білім беретін лицейлер және колледждер), сонымен бірге ірі кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады. “Жастар тәжірибесі” аясында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру кестесі жасалынған. Бұл кесте бойынша “Индустрияландыру картасын” ескере отырып, еліміздің инфрақұрылымдық және ресурстық базасын дамытудың ұзақ мерзімді бағдары айқындалған. Осы шараларды орындау мақсатында біріншіден, мемлекетке бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып дұрыс инвестициялық шешімдер белгілеуге, екіншіден, еліміздің инфрақұрылымдық және ресурстық қуаттарын дамыту негізінде бизнес субъектілерінің бағдарламада көрсетілген жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысы ретке келтіріледі. Болашақта бұл кесте еліміздің 2020 жылға дейінгі өңірлік даму көрсеткіштерінің тұғырлы негізі болмақ.
Инвестициялық жобаларды сараптау және оларға мониторинг жасау үшін инвестициялық үрдістерді басқару жүйесін ақпараттандыруға ерекше мән беріледі. Жобаларды жүзеге асыру мақстандағы шараларда мемлекет және жеке меншік салалардың арасындағы тиімді үйлесімдік қамтамасыз етілмек. Ақпараттандыру жүйесі арқылы отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуы туралы жан-жақты мағлұмат беріледі. Карта жөніндегі ақпараттық жүйеге бизнес қауымдастығының кеңінен тартылуына жағдай жасалынады.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен индустрияландыру бағдарламасы аясында экспортқа өнім шығаратын отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету шаралары жан-жақты ойластырылған. Бұл орайда банктер бұрын берген несиелердің пайыздық ставкаларына субсидия беру жөніндегі мемлекеттік көмек түрлері қарастырылған. Бұл көмек түрлерін өндірген өнімдерінің 10 пайызын экспорттайтын кәсіпкерлер алатын болады. Аталмыш бағыт бойынша берілген несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялау мөлшері бір тұлғаға берілетін 3 млрд. теңге несие көлемінен аспауы тиіс. Бағдарламаға қатысатын экспорттаушы кәсіпкерлер 2010 жылы 12 пайыздық банктер ставкасының 4 пайызын, ал мемлекет 8 пайызын жабатын болады. 2011 жылы экспортқа өнім шығарушы отандық өндірісшілерге жасалатын мемлекеттік қолдау алған несиелерінің 70 пайызына субсидия беру негізінде көрсетілетін болады.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі стратегиялық мақсаттарды орындауда “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына барынша басымдық берілген. Еліміздің алдағы 10 жыл мерзім ішіндегі серпінді даму бағдарламаларын орындаумен бірге отандық бизнесті өрістетуге жан-жақты жағдай жасалып отыр. Бұл заңды да. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, таяу болашақта шағын және орта бизнес еліміздің экономикасын кешенді дамыту мақсатында шешуші құрылым болуға тиіс. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын бекітуге арналған Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов “Осы бағдарламаны іс жүзіне асыру шаралары бойынша отандық бизнестің белсенділік танытуы біз үшін ерекше маңызды. Әзірге бұл мақсаттағы міндеттерді негізінен мемлекеттік компаниялар немесе ұлттық компаниялар және ірі шетелдік инвесторлар атқарып келеді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы біздің басты міндетіміз тек индустрияландыруды дамытып қана қоймай, біздің отандық кәсіпорындардың болашақта қазақстандық индустрияның көшбасшысы болуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау болып табылады. “Бизнестің жол картасы-2020” мәселесі бұл – біздің алдағы уақытта дамуымыздың шешуші мәселесі болып табылады. Сондықтан біздің алдағы уақыттағы жұмысымыз негізінен осы келелі мақсатты жүзеге асыруға шоғырландырылуы тиіс” деп атап көрсетті.
Иә, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының алғашқы бесжылдығын жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өмірге жолдама алды. 2010 жыл осы өміршең мақсаттарды орындау жолындағы қанатқақты кезең болып табылады. Үкіметтің жан-жақты ізденістері мен зерттеулері негізінде жасалынған “Индустрияландыру картасына” енгізілген жобалардан республикамыздың бірде-бір өңірі сырт қалмаған. Картаға кірген жобалар тізімін саралаған жан үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы еліміздің экономикасын дамытуға қаншалықты тың серпін беретіндігін анық аңғарса керек. Ақиқатын айтсақ, 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы еліміздің ХХІ ғасырдағы қайта өрлеу дәуірінің берік тұғыры болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.