31 Желтоқсан, 2013

Жасампаздық жоспары

344 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Егер 2013 жыл несімен есте қалды дер болса, онда кідірместен Қазақстанымыздың «2050 Стратегиясы» бойынша жұмыс істеуді бастауымен дер едім. «2050 Стратегиясының» мерзімінен бұрын орындалатын бағдарлама екенін бұған дейін де талай бұқаралық ақпарат құралдарында талдап, жазғандықтан бұл жолы оған тоқталып жатпаймын. Тек осы бағдарламаның артықшылығы неде деген сұраққа жауап бергенді жөн көрдім. Өйткені, әлемнің бірқатар елдері өздеріне ұзақ мерзімді даму бағдарламаларын қабылдағаны баршаға белгілі. Ал біздің бағдарлама олардан несімен айрықша, міне, қалың жұртшылықтың білгісі келетіні осы.

kazak eli- кз-1

 

kazak eli- кз-1

Егер 2013 жыл несімен есте қалды дер болса, онда кідірместен Қазақстанымыздың «2050 Стратегиясы» бойынша жұмыс істеуді бастауымен дер едім. «2050 Стратегиясының» мерзімінен бұрын орындалатын бағдарлама екенін бұған дейін де талай бұқаралық ақпарат құралдарында талдап, жазғандықтан бұл жолы оған тоқталып жатпаймын. Тек осы бағдарламаның артықшылығы неде деген сұраққа жауап бергенді жөн көрдім. Өйткені, әлемнің бірқатар елдері өздеріне ұзақ мерзімді даму бағдарламаларын қабылдағаны баршаға белгілі. Ал біздің бағдарлама олардан несімен айрықша, міне, қалың жұртшылықтың білгісі келетіні осы.

Біздер, экономист ғалымдар, мұны алыс болашақтарға қызмет ететін бағдарлама есебінде қарастырамыз. Ол 2050 жылға дейінгі кезеңдегі жұмыс ауқымын белгілеп бергенімен сол бойынша алынған нәтижелер ХХІ ғасыр түгіл ХХІІ ғасырға, одан арғы талай ғасырларға қызмет ететін ұлт дамуының берік негізі болмақ. Міне, бұл – біздің бағдарламамыздың басты артықшылығы. Өйткені, біз экономикалық саланы түбірінен өзгертіп, оны көптараптандырып, сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, биік белеске, дәлірек айтсақ, әлемнің дамыған 30 елі деңгейіне көтерілеміз.

Екінші айырмашылық осы алғашқысынан туындайды. Түсінікті тілмен айтар болсақ, қазіргі таңда біздің Қазақстан да көптеген дамушы елдер секілді дамыған елдердің шикізат аймағы саналып жүр. Ал шикізатқа «байланғанда» көретін күнің жақсы болмайтынын Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған Жолдауында атап көрсеткен болатын. Демек, өндірісті толық индустрияландырып, индустрияның өзін инновациялық негізде құрып, ақыр аяғында қосымша құны мол тауарлы өндіріс жасау керек. Міне, Елбасымыздың атқарушы билікке жүктеген міндеті осы болды. Бір сөзбен айтқанда, біз «2050 Стратегиясын» жүзеге асыра отырып, жоқты бар етеміз. Анығын айтсақ, қазіргіге дейін біздің елде мүлде аты да естілмеген тауарлы өндіріс пен қызмет көрсету инфрақұрылымдары пайда болады. Экспортымызда шикізат пен соңғы тауарлы өнімдердің көлемі шамамен теңеседі. Демек, біз халықаралық тауар биржаларындағы шикізаттың ауытқымалы бағасына тәуелділіктен арыламыз. Бұл әлемдік дағдарыстар жағдайында біздегі салдардың аз болуын қамтамасыз ететін ең дұрыс жол.

Үшіншіден, осындай өндіріс құру арқылы халқымыз сапалық жоғары деңгейге көтеріледі. Айталық, бұрын атын да естіп білмеген жаңа мамандықтарды жастарымыз меңгеретін болады. Осыған өмірімізден бір-ақ мысал келтірейін. Оралда шағын кеме жасау зауыты бар. Бұлардың азғантай өнімдерін қазіргі таңда еліміз пайдалануда. Олар шығаратын шағын кемелер Каспий теңізінде шекара күзеті үшін пайдаланылуда. Ал енді дамуымыздың сұранысын қанағаттандыру үшін бұл зауыт үлкен кемелер мен танкерлер шығара бастауы керек. Әзірге зауыт филиалын Ақтауда ашу керек деген ой бар. Түбінде бұл ойдың жүзеге асатынына сенімдімін. Өйткені, біз Ақтау арқылы теңіз жолымен өз өнімдерімізді Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия елдеріне экспорттауға тиіс боламыз ғой. Бұдан шығатын қорытынды, бізге қалай болғанда да мол жүк көтеретін, сыйымдылығы жоғары танкерлер мен кемелер қажеттің қажеті. Олай болса, зауыт қайтсек те ашылады. Бұл дегеніңіз, ақтаулықтар бұдан былай мүлде жаңа мамандықты игереді деген сөз. Кемені пайдалану үшін навигациялық байланыс жүйесі тек жер серіктерінің көмегімен атқарылады. Байқадыңыздар ма, мұндай мамандық Қазақстанда ешқашан оқытылмаған да. Сонымен бірге, Каспий теңізі өндіріс пен тасымалдың алаңы болатындықтан мұндағы фауна мен флора экологтардың жіті назарында болуға тиіс. Демек, экологтар да теңіздің беті мен жағалауын тексерумен ғана шектелмей, тұңғиық түбінде қандай өзгерістер болып жатқанын біліп отыратын жаңа мамандықтармен толығуы қажет. Мінекей, «2050 Стратегиясы» бойынша Қазақстанның қалай өзгеретінін осы мысалдан-ақ көруге болады.

Төртінші артықшылық «жасыл энергетика» бағдарламасы осы «2050 Стратегиясының» құрамдас бір бөлігі болып шығатындығы. Жасыл энергетика бағдарламасын жүзеге асыра отырып, біз қоршаған орта мен ауаны одан әрі ластаудан арыламыз. Керісінше осы уақытқа дейін пайдасын көрмей келген Жел, Күн және Тау өзендерінің ағысын энергия көзіне айналдырып, нәтижесінде энергия тасымалын азайтып, оның тұтыну бағасын төменгі деңгейде ұстап тұратын боламыз. Осы уақытқа дейін Қазақстан әрбір тауарлы өндіріс бірлігіне көп энергия жұмсап келген «сауатсыз елдер» қатарында болды. Енді «2050 Стратегиясы» бізді осы бір келеңсіздіктен шығаратын игілік бағдарламасы болмақшы.

«2050 Стратегиясын» жүзеге асырған шақта Қазақстан әлемнің төрт түстігімен тікелей және толық іркіліссіз байланысқа шығатын елге айналады. Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік тасымал жолы толық қуатында жұмыс істей бастайды. Бұл дегеніңіз транзиттік тасымалдан түсетін мол қаражат қана емес, сонымен бірге қосымша және халықаралық сұранысқа қызмет ететін қосымша мамандықтар мен жұмыс орындары пайда болады деген сөз. «Логистика» деген сөз қазір біздің тілімізге енген терминдей көрінеді. Ал 2050 жылға қарай бұл өзіміздің қазақтың төл сөзі болып кетері даусыз. Исламға дейін қазақтар кітап, әліппе, рамазан, құран сөздерін білмеді ғой. Қазір аталған сөздер біздің ана тіліміздің көркін ашып тұр. Демек, тіліміз дамуымызға сай жаңа сөздермен байи түсетін болады.

Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды біреу, ол – «2050 Стратегиясы» экономикалық және әлеуметтік-тұрмыстық даму бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге, ұлттың сапалық жоғары деңгейге көтерілуі мен саналық дамуының да қозғаушы күші болмақ. Ол сонысымен де құнды. Желтоқсан айының орта шенінде бір топ сарапшылар «2050 Стратегиясы» 2025 жылға қарай орындалатын жоспар, дегенді айтты. Оның экономикалық тұстары солай болатынын біз баяғыда-ақ айтқанбыз. Өйткені, Қазақстан біріншіден, шикізатқа бай, екіншіден, халқы жаппай сауатты, үшіншіден, Ұлы Жібек жолының өзегінде жатқан, төртіншіден, шетелдік инвестицияға кепілдік беретін дүниежүзі бойынша шетелдік тікелей инвестиция тартудан алғашқы жиырмалыққа кірген, бесіншіден, төрткүл дүниеге түгел сыйлы, ішкі-сыртқы саясаты тұрақты ел. Елдің даму көрсеткіші мен алға қойған мақсатын орындауға қажетті сақтық қоры алтын-валютаға толы. Құдай қаласа, қазынамыз келер жылы 100 миллиард доллардан асады деген үміт бар. Олай болса, Қазақстан, сөздің тура мағынасында, гүлденуге, іркіліссіз дамуға жасампаздық белестеріне қадам басқан және ойлаған мақсатын орындайтын ел. Осы уақытқа дейін де Елбасының нұсқауымен талай қиындықты жеңіп, талай асудан астық. Қазіргі таңда экономикалық даму қарқынымыз әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің сапында болуымызды қамтамасыз етті. Алдағы уақытта да осылай бола беретініне кәміл сенемін. Өйткені «2050 Стратегиясы» ғылыми негізделген жан-жақты даму жоспары.

Сағындық САТЫБАЛДИН,

экономика ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры, ҰҒА академигі.

Алматы.