31 Желтоқсан, 2013

Сілкініс

2658 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Күлтөбенің басында күнде жиын» демесек те, Үкіметте түрлі деңгейдегі басқосулар өтіп жатады. Осындай бір отырысқа Үкімет мү­шелері 11 қазанда да жиналған еді. Үкімет­тің үстіміздегі жылдың тоғыз айында тын­дырған істерін таразы басына тартқан кеңейтілген отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық етті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолғы әңгіме ауаны мүлде басқаша болды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері туралы баяндаған Премьер-Министр Серік Ахметов биылғы жылы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді іске асыруға басымдық беріліп, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мен жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты.

11-10-02

 

11-10-02

«Күлтөбенің басында күнде жиын» демесек те, Үкіметте түрлі деңгейдегі басқосулар өтіп жатады. Осындай бір отырысқа Үкімет мү­шелері 11 қазанда да жиналған еді. Үкімет­тің үстіміздегі жылдың тоғыз айында тын­дырған істерін таразы басына тартқан кеңейтілген отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық етті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолғы әңгіме ауаны мүлде басқаша болды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері туралы баяндаған Премьер-Министр Серік Ахметов биылғы жылы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді іске асыруға басымдық беріліп, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мен жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс сақталып отыр, деді Премьер-Министр. Осыдан кейін Үкімет басшысы ағымдағы жылы Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру аясында бес бағытқа басымдық беріліп отырғанын айтты, оларға жеке-жеке тоқталды. Сол әңгімені оқырман жадында тағы бір жаңғыртып өтсек, Индустрияландыру картасы аясында бірінші жартыжылдықта 34 жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 72 млрд. теңгені құраған, 2300 шамасында тұрақты жұмыс орындары құрылған. Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша маңыз бере отырып, шағын қалаларды дамытуға кірісті. Осы мақсатты көздейтін бағдарламаға жалпы саны 1 млн. тұрғынды қамтитын 41 қала енгізілді. Сондай-ақ, ауылдарды қайта дамыту картасы мақұлданды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 303 сумен қамту және су тарату жобасы іске асырылатын болады. Мемлекеттік басқару, өңірлік ықпалдастық, ішкі экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Осындай қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі жақсара түскен. Үкімет басшысы жыл қорытындысы бойынша елдің ішкі жалпы өнімі 6 пайызға өседі деп күтіліп отырылғанын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Елбасы: «Барлық аймақтар да, министрліктер де, жалпы Үкімет те біршама тындырымды еңбек етіп жатыр», деп мемлекеттік органдар жұмысына бағасын бере келе, бірқатар кемшіліктер мен әлеуметтік-экономикалық үдерістерді басқарудағы олқылықтарға назар аударды. Дағдарыс жағдайында ресурстарды үнемдеуге көңіл бөлу, демек, кейбір нысандарды, кейбір кейінге қалдыруға болатын бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтата тұру қажеттігін, сол сияқты, мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша бюджеттік саясатты оңтайландыру жағын ойластырудың жөн екенін айтты.

Президент бюджеттің сапасыз орындалып және толықтай игерілмеуі қалыпты жайға айналып отырғанына қынжылыс білдірді. Айтса айтқандай, алдын-ала болжамдарға қарағанда, игерілмеген қаражат көлемі 150 млрд. теңгеге жетіпті. Нұрсұлтан Әбішұлы кейбіреулердің жобалық-сметалық құжаттарды дайындау ісін күмәнді бизнеске айналдырып алғанын, құрылысты жүргізетін мердігерді табу ісіндегі жымқыру жолдарын да біліп отырғанын айтты. «Қуаты да, көлемі де бірдей екі нысанның бағасы екі түрлі болатынына неге шүбә келтірмейсіңдер?» – деді Президент. Нақты мысалдар келтірді. Мәселен, Атырау облысындағы бірдей емхана құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан. Еліміз бойынша мұндай фактілер аз емес екен. Бұл жайында кейін редакцияларға қардай жауған хаттарда да айтылды. Олардың біразын «Егемен Қазақстан» «Президент тапсырмасы қалай орындалуда?» деген айдармен жариялады.

Осы арада Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сыны нысанаға дөп тигенін, тиісті орындарға берген тапсырмалары ел көлемінде сілкініс туғызғанын айтуымыз керек. Кейбіреулердің шымбайына батқан сын қаржы полициясы сынды бақылаушы органдарды ширықтырды. Осылай талай былық-шылықтың, сылбырлықтың, жаныашымастықтың, мемлекет қаржысын оңды-солды шашудың беті ашылды. Кей жерлерде автомобиль жолдары пайдалануға берілгеннен кейін бір жылдан соң қайта жөнделеді, нысандар мен жер учаскелерін сатып алуда тиісті дәрежеде бақылау жасалмайды, кей облыстарда кәсіпкерлерге грант немесе несие мүлде берілмеген, негізсіз тексерулер де тыйылар емес. Ол ол ма, өндіріс қуатын ұтымды орналастыру талаптары сақталмай отыр. Мысалы, Астанада электровоздар шығаратын зауыттың және Павлодарда жүк вагондары мен жартылай вагондар шығаратын зауыттың ашылғанына қарамастан, Қарағандыда тағы бір балама кәсіпорын салу жоспарлануда. Бұл жай да Елбасы назарынан тыс қалған жоқ.

Мемлекет басшысы 2016 жылға қарай ет экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндетін қойғанын еске салды. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға 120 миллиард теңге бөлінген. Соның өзінде Қазақстан сыртқа ет шығара алмай отыр. Шұжық өнімдері, сүт, қант және май экспорттауда да осындай оралымсыздық орын алуда.

Қай саланы алсақ та, тындырылған істерге көлеңкесін түсіріп тұрған кемшіліктер аз емес. Мысалы, мемлекет білім саласына бөлінетін қаржы көлемін соңғы үш жылда 1,7 еседен астам ұлғайтқан. Бірақ жарты миллионға жуық сәби әлі балабақша кезегінде тұр. Ал кәсіптік-техникалық оқыту саласында экономика талап етіп отырған барлық мамандардың тек үштен бірі ғана даярланады, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нашар, жатақханалар жетіспейді.

Денсаулық сақтау саласына да қаржы аз бөлініп отырған жоқ. 2012 жылы оның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құраған. Бұл дегеніңіз ішкі жалпы өнімнің 4 пайызы. Осыған қарамастан, қызмет көрсету сапасы әлі де төмен күйінде қалуда.

Президенттің осы сияқты айтқан сындары мен берген қадау-қадау тапсырмалары қоғамда түсіністікпен қабылданғанына ел куә. Халық Елбасына үн қосып, жер-жерлерде орын алып отырған кемшіліктерді ортаға салды, олқылықтарды жоюға қатысты ой-пікірлерін білдірді. Сайып келгенде, мұның бәрі қазақстандықтардың Тұңғыш Президентке шексіз сенетінін, ол кісінің бастамаларын бір кісідей қолдайтынын, қажет болған жағдайда оның төңірегіне бұрынғыдан да тығыз топтаса түсетінін көрсетті.

Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары адам танымастай өзгерді, өзіндік бет-бейнесі, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетке айналды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына қосылдық. Соңғы 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6 пайызды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды. Қазақстан әуел бас­тан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап, жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы несие бөлінетін 225 жоба мақұлданды. Осылай еліміздің қалыптасу кезеңі табысты аяқталды. Олай болса, Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарының астарында не сыр бар? Меніңше, бұл ендігі жерде егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, 2050 жылға қарай күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысатын мықты мемлекетке айналуымыз керек деген арман-мұраттан шығып отырған сөз.

Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, оларды міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында олардың бәрін жеке-жеке талдап берген болатын. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі. Бүкіләлемдік тарихи үдерістің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланбау соңы ұтылысқа әкеліп соқтырады. Елімізде осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар бар. Өйткені, қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда. Қолында билігі барлардың бәрі бірдей осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беру қажеттігін терең сезініп отырған жоқ.

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан туындаған ой ұшқындарын түйіндер болсақ, Президент онда жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерді лайықты қабылдауға әрдайым дайын болуымыз қажеттігін тағы бір ескертті, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болу үшін ұлтымыздың жаһандық экономикалық тайталасқа түсетінін еске салды. Қазақстанның таңдаған жолы жеңіл емес.Осыны әркім түсінуі керек. Міне, сондықтан да бір сәтке де босаңсуға болмайды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».