Онлайн режімде өткен дөңгелек үстелді алғысөзімен ашқан Коституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми бүгінде бұл институттың бірқатар еуропалық және басқа да елдерде кеңінен қолданылатынын айта келіп: «Тұтастай алғанда, осы тетік құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және Республика Конституциясының жетекшілігімен елдің құқықтық жүйесін дамытуға бағытталған», деді.
Дөңгелек үстелде Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккио және Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мадсен құттықтау сөз сөйледі.
Кездесуге Конституциялық Кеңес мүшелері, Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент депутаттары, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Әділет министрлігінің өкілдері, сондай-ақ адвокаттар мен құқықтанушы ғалымдар қатысты.
Ал Венеция комиссиясы тарапынан жиынға осы комиссияның вице-президенті, Франция Конституциялық кеңесінің мүшесі Клэр Бази-Малори, Өңірлік ынтымақтастық бөлімінің басшысы Сергей Кузнецов, Консти-
туциялық сот төрелігі бөлімінің басшысы Шнутс Дюрр, сарапшылар – Молдова Конституциялық сотының экс-төрағасы Александр Тэнасе және Корея Конституциялық соты Бас хатшысының орынбасары Чон-Вон Ким қатысып, сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелде Венеция комиссиясы және Франция, Италия, Корея, Молдова және басқа елдердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері мен заң сарапшылары баяндама жасады.
Онлайн жиында Венеция комиссиясының сарапшылары соттардың өтініштері бойынша заңдардың ел Конституциясына сәйкестігін тексеру мәселелері бойынша ойларын ортаға салды. Судьялардың прокурор, адвокат және сот ісін жүргізуге басқа да қатысушылардың өтініш хаттарын қарау мәселелері жөнінде пікір алмасып, жекелеген даулы және өзекті сұрақтарға қатысты талқылау жүргізді.
Құқық қорғау ұйымдарының өкілдері заңдардың конституциялылығын тексеру адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті. Конституцияға сәйкес мұндай рәсім соттардың өтініштері бойынша қозғалады және олардың алдында сот процесіне қатысушылар тиісті өтініштерді мәлімдей алады.
Конституциялық кеңес осы институттың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар енгізді. Олар соттардың өтініш хаттарды егжей-тегжей қарауы тәртібін, оларға қойылатын талаптарды белгілеудің, судья анықтайтын мәселелер шеңберін және оларды қанағаттандырудан бас тартудың нақты негіздерін айқындауды көздейді.
Ұсыныстарды жұмыс тобы нақты жұмыс істеу кезінде ескереді. Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастықтың табысты жалғасатынына сенім білдірді.
«Венеция комиссиясы отыз жыл бойы конституциялық бақылау саласында сараптамалық-әдіснамалық көмек көрсетуге маманданды. Сондықтан оның пікірі конституциялық соттар және баламалы органдар туралы заңнаманы жаңғыртуда маңызды рөл атқарады», деп атап өтті халықаралық сарапшылар.
Бұған дейін аталған комиссия 2017 жылғы конституциялық реформа, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және Қазақстанның басқа да заңнамалық актілерінің жобалары бойынша өз қорытындыларын берген болатын.
Жалпы, бұл халықаралық іс-шараны Конституциялық кеңес Венеция комиссиясымен бірлесіп, Еуропалық одақ пен Еуропа кеңесінің Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырған.