31 Желтоқсан, 2013

«Қара алтынның» қазынасы

637 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қашаған» кенішінің игерілуімен Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды

Биыл тәуелсіз Қазақстанның, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің шежірелі жылнамасы жаңа бір тарихи оқиғамен толықты. Дәлірек айтқанда, 11 қыркүйекте Солтүстік Каспий қайраңындағы «Қашаған» кен орнынан мұнайдың алғашқы баррелін өндіру бас­талды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақ елі ғана емес, әлем жұртшылығы көптен елеңдей күткен «Қашаған» мұнайының өндіріле бастауымен Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің тарихында тұңғыш рет су астынан мұнай өндіру жылнамасы жазылды.

01-Кашаган-5

 

«Қашаған» кенішінің игерілуімен Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды

01-Кашаган-5

Биыл тәуелсіз Қазақстанның, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің шежірелі жылнамасы жаңа бір тарихи оқиғамен толықты. Дәлірек айтқанда, 11 қыркүйекте Солтүстік Каспий қайраңындағы «Қашаған» кен орнынан мұнайдың алғашқы баррелін өндіру бас­талды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақ елі ғана емес, әлем жұртшылығы көптен елеңдей күткен «Қашаған» мұнайының өндіріле бастауымен Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің тарихында тұңғыш рет су астынан мұнай өндіру жылнамасы жазылды.

Солтүстік Каспийдегі аса ірі әрі ерекше кеніш – «Қашаған» Атыраудан оңтүстік-шығысқа қарай 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл кеніштің ашылуы туралы 2000 жылғы 30 маусымда ресми түрде хабарланған еді. Сол кезде Атырау облысына сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеніштің ашылуына арнайы қатысқан болатын. Содан бергі кезеңде «Қашағанды» игеру, оның мұнайы мен газын кешенді дайындау үшін зауыт тектес арнайы қондырғы құрылысын жүргізу жұмыстары атқарылып келді. Ал биылғы маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Каспий жобасының негізгі өндірістік нысанының бірі – «Болашақ» қондырғысын іске қосу салтанатына қатысты. Оған елімізге ресми сапармен келген Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның қатысуы жобаның халықаралық маңызға ие екенін айғақтай түсті.

– Біз 8 жыл бұрын кешенді бірегей қондырғы құрылысының алғашқы кірпішін қалаған едік. Мен сол кезде зауытқа «Болашақ» деп ат қою арқылы ерекше маңыз берген болатынмын. Біз оның болашақ Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символына айналатынына зор сенім арттық. Бүгін бұл мақсатты орындау жолындағы елеулі белеске қол жетіп отыр, – деді сол салтанатта Мемлекет басшысы. – Оның мұнай бойынша жобалық өнімділігі тәулігіне 450 мың баррельді, ал газ өңдеу бойынша өнімділігі тәулігіне 8,8 миллион шаршы метрді құрайды. Зауытты іске қосу 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. «Қашағанды» игеру Қазақстанның мұнай-газ индустриясының жаңа дәуірін ашады. Солтүстік Каспий жобасы – тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. «Қашаған» ортақ мақсаттар жолында әлемнің ірі мұнай компанияларының басын біріктірді. Олар елімізге өздерінің бай тәжірибесі мен жинақталған білімдерін әкелді.

Расында «Қашағанның» тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де теңдесі жоқ. Бұл кеніштің бірнеше ерекшелігіне тоқталар болсақ, біріншіден, бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторында ашылған, әрі биылғы қыркүйекте алғашқы «қара алтыны» алына бастаған тұңғыш кеніш. Бұл кеніш осыдан 40 жылдан астам мерзім бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр. Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Ондағы қысым да өте жоғары, дейді мамандар. Кеніштегі мұнайдың құрамы да күрделі. «Қашаған» өнімі парафинді болып келеді. Оның құрамында күкіртті газ да бар, ал күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең. Кеніштің геологиялық қоры 35 миллиард мұнай баррельді құрайды. Осынау мол мұнайдың 9 млрд.-тан 13 млрд.-қа дейінгі баррелі өндірілетіндігі айқындалыпты. Сонымен бірге, кеніштің қойнауында 1 триллион текше метр шамасында газ қоры да бар.

Екіншіден, «Қашаған» кен орнында 1999 жылдан бері 220 мың метрлік тереңдікке бұрғы ұшы бойлады. Кен орнында барлау, бағалау, және өндірістік мақсатта бұрғыланған 40 ұңғыма бар. Осы кен орнын игерудің бірінші кезеңінде «A» және «D» аралынан 40 ұңғыманы пайдалану жоспарланған. Оның ішінде 20-дан астам ұңғыма өндірістік мақсатта пайдалануға дайын, деп түсіндіреді мамандар. Әр ұңғыманың орташа тереңдігі 4000-4500 метрге дейін жеткен.

Үшіншіден, Солтүстік Каспий жобасын игеру барысында атқарылған жұмыстардың ауқымы да, пайдаланылған құрылыс материлдарының көлемі ауқымдылығымен ерекшеленеді. Осыған байланысты Солтүстік Каспий жобасының бас операторы –«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (NCOC) төмендегідей мәліметтерді ұсынып отыр. Мәселен, «Қашаған» кенішінде тұрғызылған бірнеше жасанды аралдар бар. Соның бірі – «D» аралындағы құрылыс жұмыстарына 13 миллион тонна тау жыныстары мен 200 000 тонна бетон пайдаланылыпты. Теңіздегі аралдарда орнатылған қондырғылардың жалпы салмағы –107 000 тонна. Мұны осы жобаның басы-қасында жүрген мамандар Дубайда орналасқан әлемдегі ең биік ғимарат – «Бурдж-Халифаның» құрылысына пайдаланылған металл құралымдарының салмағынан екі есеге артық деп түсіндіреді. Ал төселген мұнай-газ құбырларының жалпы ұзындығы 510 шақырымнан асқан. «Қашағаннан» өндірілген мұнай мен газды тауарлы өнімге айналдыратын «Болашақ» кешенді дайындау қондырғысында 50 футбол алаңының аумағына пара-пар 353 000 шаршы метр оқшаулау материалдары пайдаланылған. Қағылған қадалардың жалпы ұзындығы шамамен 600 шақырымды құрайды. Демек, Лондон мен Париж қалаларының арасындағы қашықтыққа тең екен. «Болашақ» құрылысы барысында пайдаланылған 150 000 текше метр бетон Куала-Лумпур қаласында тұрғызылған екі «Петронас» мұнарасына кеткен бетон көлеміне шамалас. Сонымен бірге, 60 000 тонна металл құралымдары пайдаланылған. Ал бұл Эйфель мұнарасын тұрғызу барысында пайдаланылған көлемнен 8 есеге көп. Сондай-ақ, ірі көлемді жабдықтардың ең ауыр бөлігінің салмағы 657 тонна болыпты. Мұнда ұзындығы 47 метр болатын ең ұзын жабдық әкелінген. Осындай ауқымды жұмыстардың атқарылуына қатысқан қазақстандық компаниялардың қызметтері мен тауарлары 2006 жылдан 2013 жылдың маусымына дейін 9,5 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалыпты.

Төртіншіден, «Қашағаннан» «қара алтын» селінің алғашқы тамшысы алынды. Жоба бойынша бастапқы тәжірибелік-өнеркәсіптік кезеңде жылына 50 миллион тонна мұнай өндіру көзделіп отыр. Осы кезде мұнда мұнай өндірудің жобалық көлемі тәулігіне 370 000 баррель құрайтын болады. Бұл дегеніңіз тәулігіне 47 100 тонна! Кейін «қара алтын» өндіру тәулігіне 450 000 баррельге, яғни, 57 300 тоннаға дейін ұлғаяды. Ал 2018-2019 жылдарға қарай, яғни, кенішті игерудің келесі кезеңінде жылына 75 миллион тоннаға дейін өнім өндіріледі деген болжам бар. Міне, сол кезде Қазақстан «Қашағанның» мол мұнайымен әлемдегі ең ірі мұнай тасымалдаушы бес елдің қатарына кіретіндігі даусыз.

Бесіншіден, «Қашаған» кенішінде шетелдің шағын жүк көтергіш техникасынан аумайтын «Сенсабот» роботын пайдалану көзделіп отыр. Ол қоршаған ортаның температурасы -40 С-тан +40 С аралығында да жұмыс жасай береді. Қараңғыда көруге арналған инфрақызыл жылу камераларымен жабдықталған робот теңіз нысандарында пайдалануға сертификатталған және жарылыс қаупі жоқ екі газ датчигі күкіртті сутектің, басқа да газдың төгілуін, түрлі вибрацияларды байқап, тіркей алады. Яғни, айналғыш құрал-жабдықтардың қалыпты нормадан ауытқуын да, тозуын да қалт жібермей бақылайды. Тіпті, температураны өлшейтін температура датчигі, оған қоса дыбысты естуге мүмкіндік беретін дыбыс датчигі де бар.

Ал «Қашағаннан» өндірілген мұнай қай бағытқа экспортталады? NCOC баспасөз қызметі алдымен «Теңіз-Новороссийск» құбырымен Қара теңіз жағалауына мұнай тасымалдаудың ықтималдығын алға тартып отыр. Сонымен бірге, Атасу-Алашаңқай мұнай құбырына қосылған «Атырау-Самара» құбыры да басты бағыттың біріне айналатындығы мәлім. Бастапқыда экспортталатын мұнай көлемі екі бағытқа тең бөлінеді. Ал Қара теңіз бағытына мұнай тасымалдайтын құбыр жүйесін кеңейту жобасының арқасында қосымша қуат қамтамасыз етілген кезде, осы құбыр арқылы экспортталатын мұнай көлемінің артатындығы болжануда.

Ең басты ерекшелік –Қазақстанның тек құрлықтан ғана емес, су астынан да мұнай өндіруге қадам жасауы. Осы кезге дейін, яғни, 114 жылдан бері қазақ мұнайы тек құрлықтан ғана өндіріліп келсе, енді міне, теңіз тұңғиығындағы мол мұнайдың алғашқы тамшысы алынып, «қара алтынның» қазынасы –«Қашаған» шынымен де құрықталды. Сөйтіп, ғасыр жобасына айналған «Қашаған» тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи оқиғаға айналып, отандық мұнай-газ өнеркәсібі үшін жаңа бір дәуірді бастап берді.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.

-----------------------------

Суретті түсірген

Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.