Қоғам • 01 Наурыз, 2021

Көңілі дархан халық

418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алғыс айту күні – бірлік-ынтымақты ту еткен кең байтақ елі­міз­де тұрып жатқан сан алуан этносқа ортақ, шын мәніндегі жал­пы­халықтық мереке. Көктемнің алғашқы күні жүрекке жылы­лық, көңілге ризашылық сезімін ұялататын маңызды мере­кеге орай, тағдырын қазақтың қасиетті топырағымен сабақ­тас­тыр­ған бүкіл белорустардың атынан дархан қазақ халқы­на бас иіп, ал­ғыс айтамын.

Көңілі дархан халық

Осыдан 10-15 жыл бұрын Қостанай облысында 20 мыңнан астам белорус тұратын. Олардың біразы тарихи отанымызға қоныс аударды. Тобыл өңірінде қазір шамамен олардың 13 мыңдайы қалды. Кеткендер мен қалғандар жиі хабарласып, амандық-саулық сұрасып, екі елдің жағдайын білісіп тұрамыз. Олар көбіне өздерінің өсіп-өнген туған жері – Қазақстанды қатты сағын­ған­­­дарын, қазақ халқынан тек жақ­сылық көргендерін айтады. Бүгін­де Беларусь елінде Қазақс­тан­ды тү­сінде көріп жүргендер көп.

Бәріміз де қазақ топырағына қарыздармыз. Ешкімнен кем қыл­май бағып-қағып, тәрбие беріп, азамат етіп өсірген қасиет­ті жерге қалай бас иіп, алғыс айт­пассың?! Әке-шешем Қазақ­с­танға сонау тың игеру жылдары, анам, Прасковья Васильевна, комсомолдық жолдамамен Украи­надан, әкем әскерден кейін Кос­тро­мадан келді. Мен 1 наурызда дүниеге келіппін. Сондықтан бұл күн – маған қос қуаныш сыйлайтын ерекше мереке. Туған-туысқандарым, бала-шағам, дос-жарандарымды шақырып, Алғыс айту күні мен туған күнімді қатар атап өтемін. Өзім Қамыстыда бірінші сыныпқа барып, мек­тепті Қостанай қаласында тәмам­да­дым. Көршілеріміздің көбі – қазақтар. Бәрімен аралас-құралас, тату-тәтті тұрамыз.

Анам алғаш қоныс аударған жылдары қазақ көршілерінен көрген жақсылығын өмірінің соңына дейін айтып өтті. «Ол кезде жаспыз ғой, бұл жаққа эшелонға мініп, комсомол жаса­ғы болып, ұрандатып жеттік. Сөйт­сек, тіпті дұрыс киім де алмаппыз. Көрші үйдегі Қалима бастаған жиырма шақты әйел күздің қара суығында күнұзақ қырманда жүреміз. Үстімде жұп-жұқа күрте, аяғымда керзі етік. Бірде қатты суық тиіп, қызуым көтеріліп, төсек тартып жатып қалдым. Ол кезде білікті дәрігер де тапшы. Қалима сонда он күн бойы жұмысқа кетіп бара жатып таңертең бір, жұмыстан келген соң кешке бір қойдың майын салып қайнатылған ыстық сүт әкеп беріп тұрды. Содан тәуір бола бастадым. Қалиманың шешесі өте жақсы адам еді. Ертең жұмысқа шығамын деп отырған күні сол кісі келіп, бір түйіншек тастап кетті. Ашып қарасам, түбіт­тен тоқылған жағалы жылы кеудеше, екі жұп жылы шұлық екен. Әлгіні көргенде өз анам есіме түсіп кетіп, егіліп жылап алдым. Шынымды айтсам, үйден алыс шалғай түкпірде жүріп, әлі дұрыс танысып-білісе қоймаған бейтаныс адамдардың осындай қамқорлығын көріп, жылылығын сезінемін-ау деп мүлде ойламаған едім. Өздерінің де тұрмысы жетісіп тұрған жоқ, шиеттей бала-шағасымен бірде аш, бірде тоқ өте жұпыны өмір сү­ріп жатқанын көзім көріп жүр­ді. Жергілікті халыққа алғыс­тан басқа айтарым жоқ», деп отыратын анам марқұм.

Енді міне, қазір ойлап отырсам, менің анам қазақ халқына деген алғысын аузынан тастамай кеткен екен.

Бүгінде Қостанай облысын­да тұрып жатқан белорус этно­сы­­ның өкілдері дерлік өзге отан­­дастары сияқты Қазақстан Рес­пуб­ликасының игілігі үшін еңбек етіп жатыр. Бірі егін егіп, бидай өсіріп, диқаншылықты кәсіп етсе, енді біреулері машина жасау, мемлекеттік қызмет, ғылым, өнер, спорт саласында толайым табыстарға жетіп, абы­рой биігінен көрініп жүр. Тобыл өңірінде жемісті еңбек етіп, есімдері облыс, республика жұртшылығына кеңінен танымал болған қандастарым да баршылық. Өзім 1999 жылдан бері облыстық Ассамблеяның мүшесімін. 15 жыл бойы Ассам­блея жүзеге асырып жатқан волон­терлік жобаларға белсенді атса­лысып келемін.

Алғыс айту күніне орай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан барша қазақстандықтарды атаулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, қиын-қыстау кезеңде барлығын ақ пейілімен бауырына тартып, алаламай жанашырлық танытқан көңілі дархан қазақ халқына басымды иіп, ерекше алғысымды білдіргім келеді.

 

Алексей БУЛАНОВ,

Белорус этномәдени орталығының мүшесі

 

Қостанай қаласы