Спорт • 01 Наурыз, 2021

Қысқы триатлон жарысы өтті

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елор­дадағы қысқы Триатлон паркінде триатлоннан дәстүрлі «Супер спринт» қашықтығы бойынша кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасында жеке жарыстың республикалық турнирі өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен додада еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық спортшы бақ сынады.

Қысқы триатлон жарысы өтті

Іс-шараның салтанатты ашылу рә­сіміне Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және Нұр-Сұлтан қала­сы триатлон федерациясының пре­зиденті Ержан Біржанов, «Тең мүм­кін­діктер әлемі» қоры­ның басшысы Нұр­гүл Ұлжекова қатысып, турнирге қатысу­шыларға сәттілік тіледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев əр Жолдауында барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спорт­ты дамытудың маңыздылығына ерек­ше ден қойып келеді. Бүгінгі таңда елімізде триатлон жақсы дамып отыр. Оның ішінде үш спорт түрін қатар алып жүрген белсенді азаматтар саны күн санап өсіп келеді. Қазіргі кезде елімізде триатлонмен айналысатын адамдар саны 100 мыңнан асты. Триатлон паркі осы спортпен айналысуды жақсы кө­ре­тін қауым үшін арнайы салынды. Өңір­лерде де осындай инфрақұрылым тұрғызылуда», деді Серік Сәпиев.

Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынық­тыру және спорт басқармасының бас­шысы Самат Ерғалиев жарысты ұйым­дастырудағы басты мақсат – спорт әуес­қойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында триатлон, вело­спорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, бұқара халықты спортпен айналысуға шақыру екенін атап өтті.

Сарыарқаның сары аязына қарамас­тан, жарыс жолына шыққан 200-ге жуық қатысушы жүгіруден 2 шақырым, веложарыстан 3 шақырым, шаңғы жарысынан 2,5 шақырым қашықтықта бақ сынады. Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған жеке жарыстың әрбір қатысушысы мәре сызығында естелік медальдармен марапатталды.

Биылғы жарыстың ең үлкен қатысу­шысы – 62 жастағы Байзақ Талапнұр ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Қысқы триатлон жарысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мен бұл жа­рысқа жылда қатысамын. Бүгін жүгіруден бастап, шаңғы бәсекесі бойынша жарыс жолын аяқтадым. Өте қуаныштымын. Барша жасты спортпен айналысуға шақырамын», деді Байзақ Сағындықұлы.

Жас санаттары бойынша I, II, III орын алған спортшылар күні кеше Нұр-Сұлтан қаласы Триатлон феде­рация­сының кеңсесінде арнайы марапат­талды. Айта кетейік, жарыстан түскен қа­ражат «Саламатты болашақ» – «Спорт баршаға» әлеуметтік жобасын қол­­дау үшін «Тең мүмкіндіктер әлемі» қа­йырымдылық қорына аударылатын болады.