Парламент • 01 Наурыз, 2021

Сенаторлар адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша заң жобасын қарайды

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 4 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін талқылады.

Сенаторлар адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша заң жобасын қарайды

Бюро отырысын ашқан Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан заң шығару бастамаларына тоқталып, олардың маңыздылығына назар аударды.

«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында қоғамды алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, жер мәселесіне нүкте қойылды. Қаралған барлық мәселе бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Осыған орай қабылданған шешімдерді заңнамалық тұрғыдан уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы бағыттарда Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп, белсенді жұмыс жүргізуімі қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасы Президетінің ұсынуын қарайды.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады.

Бұл құжат адвокаттардың процессуалдық құзіретін кеңейтуді көздейді. Соған сәйкес олар мәліметтерді, құжаттарды, сондай-ақ, сапалы заң көмегін көрсетуге және қорғауға қажетті заттарды талап етуге құқылы болады. Сонымен қатар сотталғандар мемлекет тарапынан кепілдендірілген құқықтық көмекті кеңес, анықтама, құқықтық сипаттағы құжаттарды дайындау күйінде алуға мүмкіндік туады.

Одан бөлек, Палата отырысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылайды.

Аталған заң жобасы қолданыстағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға жол ашады. Осы құжатқа сәйкес кәсіби апаттық-құтқару қызметін аттестациялау міндетті болады және қауіпті өнеркәсіп нысандарының жағдайын өндірістік бақылау күшейтіледі.

Бұдан басқа, полиция қызметкерлерінің белгілі бір категориясын баспанамен қамтудың жаңа жүйесі қолға алынады. Бұған дейін мемлекет олардың баспананы жалға алу құнын өтеп келсе, енді төлемдер қазіргі ипотекалық бағдарламалар аясында үйді сатып алу құқығымен жүргізіледі.

Сенат отырысының күн тәртібіне «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да шығарылды.

Бұл Келісім ЕАЭО елдері арасында асыл тұқымды мал шаруашылығының жалпы нарығын дамытады және өзара сауда-саттықтағы кедергілерді жояды. Мұның бәрі отандық асыл-тұқымды мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, сенаторлар алдағы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды.

Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.