Қоғам • 02 Наурыз, 2021

Ауылдарды сақтағандар – арлы басшылар...

351 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Жаңа нарықтық қатынастар ауыл шаруашылығында түбе­гейлі өзгерістерді талап етті. Бірінші кезекте бастама­шыл және еңбексүйгіш қожайын­дардың аяғынан тұрып кетуіне көмектесу керек болды.

Ауылдарды сақтағандар – арлы басшылар...

Жекешелендірудің бірінші кезе­ңінде ауыл шаруашылығы объекті­лері ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылды, ал еңбек ұжым­дарына заттық пайлар берілді. Кеңшарлардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың басшылары мүліктік пайдың 10 пайы­зын алатын сызба қолданылды, олардың басқаруына 5 жылға тағы соншалықты үлес берілді. Оң нәтиже берген жағдайда, одан әрі бұл үлес олардың меншігіне өтетін болды», деп жазды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарында орнай бастаған жаңа заман талабынан туындаған осы тарихи мүмкіндікті кешегі кеңшарлардың «қызыл директорлары» қалай пайдаланды деген сауалға жауап іздеу үшін ауылдық елді мекендердің қазір­гі жағдайына жай ғана зер салу жет­кілікті. Көз алдымызға бақ-береке қо­нып, көркейген және құты қашып, азып-тозған ауылдар қатар елестейді. Сол сәтте көкейге «Неге бұлай болды?» деген сұрақ келері хақ.

Шындығында, қай ауылдың бол­сын тағдыры сол «қызыл дирек­­тор­лардың» қолында еді. Сонау 1997 жы­лы біз, бір топ журнал­и­ст, Сол­түс­тік Қазақстан облысы­ның Қы­зылжар ауданындағы «Зен­чен­ко және К» серік­тестігінде болғанымыз есімде. Өзі бас­қаратын шаруашылықтың өн­ді­ріс­тік бөлімшелерін аралатып, та­ныс­тырған Геннадий Зенченко еде­нінде бұрын қолданыста болған, қуаты шағын электр қозғалтқыштар қатар-қатар тізіліп жатқан кішкентай қойманы да көрсеткен еді. «Мен бұл қоз­ғалтқыштарды өздері басқар­ған кеңшарлардың мал-мүлкін арсыз­дықпен талан-таражға салып, ұрлап-қарлаған директорлардан мүлдем арзан бағамен сатып алдым. Олар бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін, уақытша жүрген жандар еді. Мен оларша істей алмадым. Өйткені бұл қасиетті жерде әкем өмір бойы адал да абыройлы еңбек етті. Оның игі­лік­ті ісін жалғастыру – менің мой­ным­дағы перзенттік парызым. Мына ұста­лынған моторшаларға келсек, олар кейін біздің мал фермамыз үшін қажет болады...», деген еді Геннадий Иванович.

Өтпелі кезеңнің нелер ауыртпа­лық­тарын нарша көтеріп, іскерлігімен көзге түскен Геннадий Зенченко Ел­басы назарына ілініп, алғашқы пр­ези­денттік сайлауда Нұрсұлтан Назар­баевтың жұрт сенген өкілі болды. Айрықша іскерлігімен, азаматтық белсенділігімен зор беделге ие болып, өзі басқаратын коммандиттік серік­тестікті республикамыздағы ең үздік ауылшаруашылық кәсіпорнына айналдырды. Еңбегі жоғары баға­ланып, ел аграршыларының ішін­де алғашқы болып «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағына ие болды. Осы­дан бірер жыл бұрын дүниеден оз­ған даңқты басшының жасампаз ісін бүгінде ұлы мен немересі лайықты жалғастырып жүр.

Халқымыздың ардақты азаматы Мақтай Сағдиев 1987 жылы Көкшетау облысының бірінші басшысы болып тұрған кезінде Зеренді ауданындағы бір шаруашылықтың бастауыш партия ұйымының хатшысы болып жүрген Серік Малаевтың іскерлігін аңғарып, Чистополь ауданындағы «Ковыльное» кеңшарына директор етіп тағайындатқан екен. Содан бері ол осы шаруашылықты табыс­ты басқарып келеді. Бұл кеңшар да же­ке­шелендіріліп, «Ақселеу» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырылған. Бірақ мал-мүлкі көршілес кеңшарлардағыдай «ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, жергілікті тұрғындар игі­лігіне жаратылған. Қазір аталған серік­тестік орналасқан Ковыльное ауылы Чистополь өңіріндегі аман сақ­талып қана қоймай, жылдан-жылға көркейе түскен жалғыз құт-береке аралы іспетті. Елді мекенде кеңес заманында салынған әлеуметтік нысандар түгел сақталып қана қоймай, бәрі де адам танымастай жаңартылған. Серік­тестіктегі орташа жалақы – об­лыстың ауыл шаруашылығы сала­сындағы ең жоғарылардың бірі.

Бертінде Серік Тәттібайұлына жолы­ғып әңгімелескенімде ол нарық­тық экономикаға көшудің өтпелі кезе­ңін­дегі қиындықтарды есіне ала келіп: «Тоқсаныншы жылдардың басында мен шаруашылық басшысы ретінде ескі «УАЗ» машинасын мініп жүр­дім. Ал менің көптеген әріптесім сол кезде-ақ жаңа шетелік автомобильде шалқып жүретін. Әрине, оларды көрген сайын мен де пенде болған соң, намыстаныңқырап қалатынмын. Сондықтан да бір ауа райы жайлы жылы жақсы астық жинап, тәуір табыс түсіргеннен кейін еңбеккерлер­дің жалпы жиналысын өткізіп, олардан өзіме шаруашылық директоры ретінде жаңа «Волга» сатып алуға рұқсат сұрадым. Ұжымым өтінішімді бірауыздан қолдады. Бірақ кешке үйге келгенімде ауылымызда әлі күнге диірмен мен наубайхана жоқтығы есіме түсіп, райымнан қайттым. Сөй­тіп жаңа «Волганың» орнына диір­менге қажет жаңа жабдықтар сатып алып, наубайхана да аштық. Қосымша төрт жұмыс орны құрылып, сонша адам қуанып қалды. Олармен бірге өзім де қуандым...» деген еді. Әр нәрсенің өз уақыты болады ғой. Серік Малаев осыдан бірнеше жыл бұрын өз еңбек ұжымының келісімімен жаңа көлік сатып алыпты.

Елбасы берген мүмкіндікті мүлт жібермей, ұтымды пайдалана білген «қызыл директорлар» басшылық жасаған кешегі кеңшарлардың – бү­гінгі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың қазіргі әлеуеті, оларда еңбек етіп жүрген ауыл адамдарының әл-ауқаты және сол ауылшаруашылық құрылымдары орналасқан ауылдық елді мекендердің ажары бұрынғы кеңес заманындағыдан әлдеқайда жақ­сы десек, артық айтқандық болмас. Мұның бір тамаша мысалы ретін­де Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылын бөле-жара айтуға болады. Бұл елді мекеннің көркіне көз той­ғы­сыз. Гүлге оранған көшелері, сәулет­ті мектебі, Мәдениет үйі, спорт кешені, стадионы, мешіті, кеңсесі, дүкен­дері – бәрі де қаладағыдай жай­нап-жарқырап тұр. Соның бәрін өз қа­ра­­жаты есебінен қамтамасыз еткен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ера­лиев басқаратын «Абзал және компания» толық серіктестігі болып шықты. Оның жұмыскерлерінің орташа айлық жалақысы 230 мың теңгеге дейін жеткен екен. Талай мақтаулы шаруашылықтағы орташа жалақы бұдан көп төмен.

 Осы сияқты жалқы мысалдардан түйетін жалпы ой: ауылдарды сақтап қалғандар – жүрегі «Елім, халқым!» деп соққан арлы басшылар. Ал талай ауылдың тоз-тозын шығарғандар – құлқынының құлы болған арсыз басшысымақтар. Ондайлар өздері басқарған шаруашылықтардың малы мен техникасын талан-таражға салып, түгел құртып бітірген соң жұрт есебінен арамдықпен жинаған дүние-мүлкін бір түнде бірнеше «КамАЗ» машинасына артып алып, басқа жаққа тайып тұрған...

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­­­дағы осындай өмір шындығы­нан тиісті қорытынды шығарғанымыз жөн. Біріншіден, іскерлігімен қатар, биік адамгершілік қасиеттерімен танылған азаматтар ғана елге тірек, көпке пана бола алатындығына көзіміз жетті. Екіншіден, сол қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған қиын кезеңде кешегі «қызыл директорларға» үлкен сенім көрсетілгенімен, олардың іс-әре­кетіне жергілікті билік пен жұрт­­шылық тарапынан қатаң бақы­лау қойылмады. Соның салдарынан олардың көбі «алтын көрген періш­тедей» жолдан та­йып, оңай байып қалу үшін ойларына кел­генін істеді. Мұның аяғы талай ауыл­дың тұтқиылдан жау шапқандай ойранын шығаруға әкеліп соқтырды.

Міне, осы тағылымдар еліміздің ауыл шаруашылығы саласын одан әрі реформалау барысында ескерілсе, игі. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдай­дағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айта келіп, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау міндетін алға қойды. Мұндай ауылдық кооперативтерді басқару тізгінін де арына дақ түсірмеген адал да іскер азаматтардың қолына беріп қана қоймай, олардың қызметінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің заңды тетіктерін алдын ала қарастырған жөн.

...Облыстық газетте істеп жүр­гені­мізде бұрынғы «қызыл директорлар­дың» дос-жарандары келіп, олардың мерейтойлары қарсаңында мадақ мақала жазуымызды сұраушы еді. Сондайда біз: «Ол кісі өзі басқарған кеңшары мен ауылын сақтай алды ма?» деген қарсы сауал қоятынбыз. Алайда оған оң жауап естіп көрмеппіз. Сол себепті ондай басшысымақтарды өтірік мақтап жазудан бас тартатынбыз. Ал ауылды сақтап қалған арлы басшылар ешкімнен мақтау-мадақтау сұрамайтын, оларды шынайы даңқтың өзі іздеп тауып жатты.

Соңғы жаңалықтар