Спорт • 31 Желтоқсан, 2013

Дерек пен дәйек

722 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Міне, барыс бейнелі болашағын сомдаған Қазақстанның тағы бір тәуелсіздік жылы тарих қойнауына кірді. Тұяғымен жер тарпып, атар таңның табалдырығында көк тұлпар – жылқы жылы тұр. Күні кеше үмітімізді үкілеген жылан жылына өкпеміз жоқ. Еліміз бұл жылы үлкен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетіп, әлемдегі қуатты 50 елдің қатарына қосылды. Енді жыл ішіндегі еліміздің экономикалық жеңісі мен әлеуметтік жетістігін цифр тілімен саралап көрейік.

 

Міне, барыс бейнелі болашағын сомдаған Қазақстанның тағы бір тәуелсіздік жылы тарих қойнауына кірді. Тұяғымен жер тарпып, атар таңның табалдырығында көк тұлпар – жылқы жылы тұр. Күні кеше үмітімізді үкілеген жылан жылына өкпеміз жоқ. Еліміз бұл жылы үлкен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетіп, әлемдегі қуатты 50 елдің қатарына қосылды. Енді жыл ішіндегі еліміздің экономикалық жеңісі мен әлеуметтік жетістігін цифр тілімен саралап көрейік.

Алдын ала жасалған болжамдық бағалау бойынша 2013 жылы еліміздің экономикалық өсімі 6 пайызды құрайды деп күтілуде. Инфляция көлемі 5 пайыз мөлшерінде болмақ. Бұл жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5182,1 млрд. теңгені құрады, бұл нақты көрсеткіш бойынша өткен жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға артық. Ал тәуелсіздік жылдарында, яғни 1991 жылдан бастап 2013 жылға дейін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 44,7 триллион теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестициялардың мұндай үлкен көрсеткіші экономикалық өсімнің негізі болып табылады. Болжамды бағалау бойынша 2013 жылы республикамызда халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ шамамен 13 мың АҚШ долларын құрамақ.

* * *

2013 жылы қаңтар-қарашадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағалармен алғанда 16477,2 млрд. теңгені құрады, бұл нақты көріністе 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,3 пайызға артық. Осы мерзімде кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерде өндіріс көлемі 3,1 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 1,5 пайыз, электр мен жабдықтау, газ, жылу беруде 1,1 пайызға артты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының өнеркәсіп өнімінің өндірісі нақты көрсеткіштер бойынша 26 пайызға артты. Отандық машина жасау өнеркәсібі 3 есе артты. 2013 жылғы қаңтар-қараша аралығында елімізде 75 дизельді локомотив, 32 479 жеңіл автомобильдер және 439 астық жинайтын комбайндар шығарылды. Бұл еліміздің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жетістік.

* * *

Химия өнеркәсібінде 2013 жылғы қаңтар-қарашада 18 мың тонна пропилен полимерлері, 172,2 мың тонна азотты және калийлі тыңайтқыштар, 83,1 мың тонна фосфор, 1739,7 мың тонна күкірт қышқылы, 46,1 мың тонна натрий үшфосфаты, 8,4 мың тонна фторид сутегі өндірілді.

* * *

Экономикалық-әлеуметтік дамуымыздың маңызды саласы – тұрғын үй құрылысында мемлекеттік бағдарламаларды іс жүзіне асыру оның қарқынының тұрақты өсуін қамтамасыз етті. Тұрғын үй құрылысына жыл сайын бағытталатын инвес­тициялар соңғы 10 жылда 7 есе ұлғайды. Жалпы, құрылыста жетістік көлемінің жылдан-жылға өсіп отырғандығы байқалады. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 2,3 триллион теңгені құрады. Атқарылған құрылыс жұмыстары нақты индексінің көлемі 2012 жылы 1991 жылмен салыстырғанда 42,6 пайызға жоғарылады, ал 2013 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш тағы 2,9 пайызға артты. Тәуелсіздік жылдарында республикамызда (2013 жылдың 11 айының көрсеткіштерін қоса есептегенде) 89,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 44,2 миллион шаршы метрі жеке салушылардың үлесіне тиеді. 2013 жылдың 11 айында елімізде 5,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

* * *

2013 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша елімізде тіркелген шағын және орта бизнес саласындағы заңды тұлғалардың саны 337,8 мың бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға артты. Республикадағы тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 246,8 мың бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,6 пайызға артты.

* * *

2013 жылы қазанда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 55175 мың теңгені құрады, бұл 2012 жылғы қазанмен салыстырғанда 5,1 пайызға жоғары. 2013 жылғы қарашада қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 107317 теңгені құрады. Бұл 2012 жылғы қарашамен салыстырғанда 6,4

пайыз артық.

* * *

2013 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша көлік саласындағы нақты индекс көлемі 107,5 пайызды құрады. 2013 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында жүк айналымының көлемі 446,3 миллиард тонна-шақырымды (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемін қосқанда) құрады. Бұл 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Биылғы жылдың 11 айында жолаушылар айналымының көлемі 212,4 миллиард жолаушы-шақырымды құрады. Бұл 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,6 пайызға артық.

2013 жылы 11 айдағы байланыс саласындағы нақты индекс көлемі 114,2 пайызды құрап

отыр.

* * *

2013 жыл­ғы қаңтар-қарашада бөлшек сауда көлемі 4427,8 миллиард теңгені құрап, 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,6 пайызға өсті. Осы мерзімде көтерме сауда көлемі 12203,6 миллиард теңгені құрап, 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,5 пайыз артты. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлемдік экономикаға терең интеграцияланды. Қазіргі уақытта еліміз іс жүзінде әлемнің барлық елдерімен сауда-саттық жүргізеді. Барлық континенттердегі 212 мемлекет Қазақстанның сауда-саттық серіктесі болып табылады. Еліміздің сыртқы саудадағы тауар айналымының көлемі 1995 жылғы 9,1 миллиард АҚШ долларынан 2012 жылы 132,8 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. 2013 жылғы қаңтар-қазан айларындағы сыртқы саудадағы тауар айналымы 108,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 69066 миллион доллар, импорт 39453,8 миллион долларды құрады.

* * *

Үстіміздегі жылғы 1 қараша­­да­ғы жағдай бойынша қазақ­стандық азаматтардың орташа зейнетақысы 41583 теңгені құрады немесе жалпы экономикадағы орташа айлық жалақының 43,1 пайызына тең. Егер ТМД елдеріндегі орташа зейнетақымен салыстырғанда 2013 жылы қазақстандық зейнеткерлер 275,37 доллар немесе Қырғызстан зейнеткерлерінен 3 есе, Беларусь зейнеткерлерінен

1,3 есе көп зейнетақы

алған.

* * *

Еліміздің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыру мақсатында ҮИИД, «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020», «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламалары іс жүзіне асырылуда. 2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына 105 миллиард теңге қаржы бөлінді. 95 мың программаға қатысушымен келісімшарт жасалды. Оның ішінде 1045 мүгедек адам, 163 балалар үйінің тәрбиеленушілері бар. Кәсіби біліктілік оқумен 48 мың адам қамтылды. Оның ішінде оқуды тәмамдаған 12 мың адам жұмысқа орналастырылды.

* * *

Бизнесті жүргізу үшін 8,6 мың адамға шағын несиелер берілді. 8,8 мың адам бизнес жүргізу әліппесін үйрену курстарынан өтті. Бұл шара қосымша 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 2013 жылы жүргізілген осы шаралар өзінің тиімділігін берді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатары 2,9 пайызға азайды. Осының нәтижесінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады. Шағын несие алғандар қатарынан 5962 адам жеке кәсіпкерлігін ашты.

* * *

Еліміздің орта білім беру саласында 7667 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Осы білім ошақтарында 2 537 мың балалар дәріс алады. 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап республикамыздың барлық мектептерінде 1 сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту тәжірибесі енгізілді. Еліміздің 7 қаласында Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. Осының нәтижесінде бүгінде Қазақстанда 15 зияткерлік мектеп жұмыс істейді. Желтоқсан айында Астана және Алматы қалаларында «Кәсіпқор» холдингін дамыту аясында әлемдік дәрежедегі 2 колледждің құрылысы басталды. 2015-2016 оқу жылдарында елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізіндегі жаңа оқу жоспары іс жүзіне асырылатын болады. 2016 жылы кадр даярлаудағы Кембридж жүйесі бойынша 108 мың мұғалім қамтылатын болады. Сонымен бірге, 135 мың мұғалім қысқа мерзімді курстарда кәсіби деңгейін жетілдіретін

болады.

* * *

Білім беру саласын мемлекеттік қолдау шаралары жылдан-жылға артып келеді. Үстіміздегі жылы еліміз бойынша мектеп жасына дейінгі балаларға тәлімді тәрбие беру мақсатында 94 балалар бақшасы және 45 миниорталық ашылды. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның 655 мың бүлдіршіндері мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылған. «Балапан» бағдарламасы бойынша 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 72 пайызды құрады.

* * *

Елімізде халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында бірқатар кешенді шаралар іс жүзіне асырылуда. Бұл ретте «Ана мен бала» атты әлеуметтік маңызы зор жобаны атап өту керек. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қазақстандықтарға сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі арттырылуда. Соңғы 5 жыл ішінде аналар өлімі 3 есе азайып, бала туу 1,5 есе көбейді. Тәуелсіздік жылдары халқымыздың өмір сүру ұзақтығы жоғарылады. Мәселен, 1992-2013 жылдардағы халықтың күтілетін өмір ұзақтығы 67,4 жас­тан 70,3 жасқа дейін артты. 2013 жылы елімізде адамдардың өмір ұзақтығы 70,3 жасты құрады, оның ішінде ерлер 65,6 жас, әйелдер 74,8 жасқа дейін өмір сүреді. Соңғы жылдары жүрек, қант аурулары сияқты сырқаттардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдардың саны күрт азайып келеді.

* * *

Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарға жан-жақты мемлекеттік көмек көрсетіледі. Ағымдағы жылы еліміздің 58,8 мың азаматтары әлеуметтік көмек алса, 554,8 мың тұрғындарға балалардың жәрдемақысы төленген. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімінде отырған әйелдерге міндетті зейнетақы жарналарына субсидиялау тәжірибесі енгізіледі.