Аймақтар • 02 Наурыз, 2021

Дариға Назарбаева Тараздағы инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысымен танысты

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұрсұлтан Назарбаев Қорының» директоры Дариға Назарбаева жұмыс сапарымен Тараз қаласында болды. Дариға Нұрсұлтанқызы мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық көпсалалы балалар ауруханасындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының және Тараз қаласындағы  №9 орта мектеп пен А.Гайдар атындағы №35 орта мектептеріндегі инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дариға Назарбаева Тараздағы инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысымен танысты

Осы кабинеттердің ашылуы нәтижесінде бүгінде ерекше білім алуға қажеттілігі бар 22 бала өз құрдастарымен бірге мектепте оқуға мүмкіндік алған. Бұрын бұл балалар үйде оқытылғандықтан, логопед, дефектолог пен психолог сияқты мамандардың жәрдемін тұрақты түрде ала алмаған.

Дариға Назарбаева Елбасының «Қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында өткен жылдың желтоқсан айында ашылған оңалту орталығының жұмысын көрді. Орталықтағы кабинеттерді аралап, ата-аналармен және балалармен әңгімелесті. Мұнда нейро-ортопедиялық аурулары бар 80 бала оңалтудан өтуде. Ал, ашылған сәттен бастап Жамбыл облысынан ерекше қажеттіліктері бар 200-ге жуық бала көмек алған. Аталған орталық Елбасының бастамасы аясында ашылған 8 орталықтың ішіндегі ең үлкен орталықтардың бірі. Бұл орталық 1500 шаршы метрде орналасқан, ішінде 2 бассейні бар. Тараз қаласының «Қамқорлық» оңалту орталығының директоры Раиса Қожамжарова Дариға Нұрсұлтанқызына кешенді оңалту тұжырымдамасы мен көрсетілетін оңалту іс-шараларының түрлері туралы мәлімет берді. Олардың ішінде дәрігерлердің консультациялары, механотерапия, емдік дене шынықтыру, сенсорлық және интерактивті бөлмелерде логопедтердің, дефектологтардың, психологтардың, эрготерапевтердің сабақтары, сондай-ақ, минералды сумен емдеу, физиоемдеу және басқа да ем түрлері бар. «Қамқорлық» орталықтарында тиісті оқытудан өткен білікті мамандар жұмыс істейді.

Былтыр Жамбыл облыстық балалар ауруханасы жанындағы орталықтың 24 маманы біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарын өткен болса, биыл көшпелі семинарға 32 қызметкер қатысқан. Жыл соңына дейін реабилитология саласындағы өзекті мәселелер бойынша шетелдік менторлардың қызметкерлерін оқыту жоспарлануда. «Сондай-ақ, балаларды қолжетімді жерде сапалы оңалтудан өткізу мақсатында Қор оңалту орталығына жетекшілік етуді жалғастыруға ниетті», деді «Қамқорлық» қоры директорының міндетін уақытша атқарушы Арайлым Еркінова. Орталық жыл сайын 600-ден астам нейро-ортопедиялық, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды тегін қабылдайтын болады. Мұндай орталықтар еліміздің Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында ашылды.

Жалпы, Елбасының бұл бастамасы жылына 5000 баланы оңалтуға мүмкіндік береді. Жаңа 8 орталықтың жұмысы нәтижесінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтуды қамту 20 пайызға өскен. «Инклюзияны қолдаудың 16 кабинетін құру» – Елбасының тағы бір бастамасы. Жоба Қазақстанның 8 өңірінде жүзеге асырылуда. Әрбір инклюзияны қолдау кабинеттері үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қоры 10 тьютор, яғни жеке асисстенттерді дайындаған. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің барлық мамандары үшін оқыту жүргізілген. Сонымен қатар, әр мектеп сертификатталған мамандардың жылдық курациясымен қамтамасыз етілген.