2013 жылы Мемлекет басшысының тарихи бастамасы – «Болашақ» халықаралық стипендиясына 20 жыл толды
Өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелде жаңа буын кадрларын даярлау бойынша «Болашақ» мемлекеттік стипендиясын құру жөнінде стратегиялық шешім қабылдады.
2013 жылы Мемлекет басшысының тарихи бастамасы – «Болашақ» халықаралық стипендиясына 20 жыл толды
Өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелде жаңа буын кадрларын даярлау бойынша «Болашақ» мемлекеттік стипендиясын құру жөнінде стратегиялық шешім қабылдады.
Қазірге дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша инновациялық жобалар мен технологиялар, металлургия, телекоммуникация, энергетика салаларында екі мыңға жуық инженерлік-техникалық маман даярланды.
Техникалық және медициналық мамандықтар студенттеріне шетелде оқу мүмкіндігін беру дарынды жастарымыздың әлеуетін сапалық және сандық жағынан өсірді – қажеттілігі жоғары техникалық және медициналық мамандықтардың дипломды кадрларының саны екі есеге өсті.
«Болашақ» бағдарламасы Қазақстандағы алғашқы ғылыми-зерттеу университеті – «Назарбаев Университетін» құруға да негіз болды.
2008 жылдан бастап бағдарлама бойынша оқу ауыл жастары, ғылыми және педагог кадрлар үшін қолжетімді болды. Елдің қарқынды дамуы, жаңа өнеркәсіптік объектілердің ашылуы, әлемдік қоғамдастыққа тығыз шоғырлану экономиканың барлық салаларында қызметкерлердің құзыретін жаңартуды қажет етті.
Бұл міндеттерді шешу үшін бағдарлама толықтай жетілдірілді. Мемлекет стипендияны іске асыру принципін түбегейлі өзгертті. Академиялық оқудан басқа, шетелде ғылыми және кәсіптік тағылымдамалар енгізілді. 2011 жылдан бастап бағдарлама жасы үлкен, тәжірибелі адамдар үшін де қолжетімді болды.
«Болашақ» түлектері арасынан елді үдемелі инновациялық индустриялизациялау және Үшінші өнеркәсіптік революцияның міндеттерін шешу үшін стипендиаттардың 43%-ы даярланғанын атап өтуге болады. Болашақтық мамандардың ұлттың адами капиталын табысты дамытуға арналған үлесі – 15%, мемлекеттік басқару және жоспарлау жүйесін жаңғыртуға – 19%, елде ұлттық кәсіпкерлікті және орта класты, іскерлік рухын, прагматизм мен бастамашылықты нығайтуға – 15% және болашақ экономиканы құруға – 8%.
Елдің негізгі байлығы – интеллектуалды капиталды өсіру идеясының ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттары мен міндеттері болды. Болашақтықтардың елде одан әрі реформалар жасау және Қазақстанды әлемдік аренада таныту миссиясы 1994 жылы президенттік стипендия иегерлерінің бірінші кездесуінде белгіленген. Бүгінгі күні бұл миссияның ең басты міндеті – «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру.
«Болашақ» дамуының ағымдағы кезеңінде мемлекет негізгі назарды ғылыми және зерттеу қызметіне бағытталған магистратура және PhD докторантурасының академиялық курстары бойынша кадрлар даярлауға бөлді.
«Болашақ» бағдарламасы шетелде оқытудың академиялық бағдарламаларынан басқа, үздік жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда, зертханалар мен әлемнің ірі өндірістік кәсіпорындарында тағылымдамалардың кең спекторын ұсынады. Төрт санат: инженерлік-техникалық, медициналық, ғылыми және педагог қызметкерлер даярлануда. Тағылымдамалар – бұл жасы үлкен кадрларды қысқа мерзімде жылдам даярлаудың жақсы тәсілі, себебі, одан экономиканың түрлі секторларының өкілдері, кәсіпорын, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері өтеді. Сарапшылардың пікірі бойынша, жаңа бағыт – кәсіптік тағылымдамалар білікті кадрларға ел экономикасының қажеттілігін қамтамасыз етуге және өндіріс пен технологиялар трансферінің шетелдік тәжірибесін зерделеуге ықпал етеді.
Қазіргі стипендиаттарға келетін болсақ, бұл күндері әлемнің 33 елінде 2532 болашақтық білім алуда. Стипендиаттардың үштен бір бөлігі АҚШ-та, жартысына жуығы – Ұлыбритания мен Ирландияда, 15%-ы – Еуропада, қалғандары – Азия, Австралия және ТМД елдерінде. Стипендиаттарымыздың жартысына жуығы – магистратура бағдарламасының студенттері (42%). Стипендиаттардың үштен бір бөлігі бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуларын жалғастыруда (31%). 2015 жылға қарай 350 дипломды бакалавр оқуын аяқтайды, 2017 жылы тағы 450 стипендиат оқуларын тәмамдайды деп күтілуде.
20 жыл ішінде стипендияны іске асырудың барлық жетістіктері мен нәтижелері мерейтойлық жылдың үлкен оқиғасы болған Астана қаласында 29 қарашада Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары мен түлектерінің форумында егжей-тегжейлі айтылды. Тәуелсіздік сарайында өткен іс-шараға еліміздің түрлі өңірлерінен 1500-ге жуық стипендиат қатысты. Форумда «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жыл ішіндегі жұмысының қорытындысы шығарылып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы осы бағдарламаның жаңа міндеттері анықталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Болашақ» бағдарламасын құру сенімді стратегиялық таңдау болғандығын және бүгінгі күні егеменді Қазақстан тарихындағы «алтын парақтардың» біріне айналғанын атап өтті. Республиканың «Қазақстан-2030» Стратегиясын қысқа мерзімде табысты іске асырудағы тарихи жетістігіне «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қосқан үлестері аз емес.
Президент «Болашақ» бағдарламасының түлектері, стипендиаттары «Қазақстан-2050» Стратегиясының белсенді жақтаушылары болады, сондай-ақ, болашаққа негіз сала отырып, перспективалық технологияларды әзірлеу және енгізу процесіне белсенді қатысатын болады деп сеніммен айтты.
Елбасының «Болашақ» бағдарламасы негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құру туралы ұсынысы Форум қатысушылары үшін күтпеген оқиға болды. Ел Президенті: «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл ХХІ ғасырдағы біздің ұлттық идеямыз, ол халқымыз ынта қойған құндылықтарды, мақсаттарды анықтайтын болады», – деді.
Бұл ұсынысты болашақтықтар да, Қазақстанның барлық прогрессивті жастары да құлшыныспен қабыл алды. Қазақстандықтардың бастамашыл тобы Президенттің ұсынысын қолдай отырып, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының құрылғанын жариялады. Жаңа қозғалыстың негізгі міндеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған саяси бағытын қолдау арқылы Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына енуін қамтамасыз ету болып табылады.
Ғани НЫҒЫМЕТОВ,
«Халықаралық бағдарламалар
орталығы» АҚ президенті.