31 Желтоқсан, 2013

Даладағы дүбір

722 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

01-Фото КТЖ 2Еліміздің қарқынды дамуы мен әлемдік экономикадағы қарым-қатынасын жылдамдатуға ықпал ететін ірі жобалардың бірі – «Жезқазған – Бейнеу» жаңа теміржол құрылысы болып табылады. Бұл құрылыстың басталғанына көп уақыт бола қоймаса да екі жақтан тартылған желінің түйісер кезі күннен-күнге жақындап келеді. Жол аймақ өміріне қандай өзгерістер әкелмек? Осы жөнінде Жезқазған қаласының әкімі Серік ШАЙДАРОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

 

 

01-Фото КТЖ 2Еліміздің қарқынды дамуы мен әлемдік экономикадағы қарым-қатынасын жылдамдатуға ықпал ететін ірі жобалардың бірі – «Жезқазған – Бейнеу» жаңа теміржол құрылысы болып табылады. Бұл құрылыстың басталғанына көп уақыт бола қоймаса да екі жақтан тартылған желінің түйісер кезі күннен-күнге жақындап келеді. Жол аймақ өміріне қандай өзгерістер әкелмек? Осы жөнінде Жезқазған қаласының әкімі Серік ШАЙДАРОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Алдымен аталған жобаның маңызын таратыңқырап айтып өтсеңіз?

– Елбасы Н. Ә. Назарбаев: « Бұл еліміздегі ең үлкен жобаның бірі. Дүниежүзінде 1000 шақырымнан асатын теміржол құрылысын салып жатқан бірде-бір мемлекет жоқ. Жоба барысында мыңдаған адам тұрақты жұмыспен, жалақымен қамтылады. Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту», деп атап көрсеткендей мыс өндірісімен танымал өңіріміз тынысына тың леп келгелі отыр. Жезқазған тұйық стансадан транзиттік тасымалға оңтайлы торапқа айналып, еліміздің батыс, оңтүстік аймақтарымен қарым-қаты­нас­ты тікелей жалғастыруға мүмкіндік алады. Шындығын айтқанда, өңірде қазір өндіріс ауқы­мы тарылыңқырап, оны заман талабына сай қайта құрып, жаңғырту шаралары жү­ріп, болашағына жұрт алаңдаулы болып тұрған шақта осынау құрылыстың қолға алынуы жергілікті тұрғындар үмітін үкілендіріп, сенімін серпілтті. Мұнымен бірге жобаның Жезқазған, Сәтбаев қалаларының және Ұлы­тау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012-2017 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасының аясында қосымша жүзеге асырылуы келешегіне кең тыныс ашпақ. Болжанып, талданып отырғандай бұған көңіл қуантарлық деректер жеткілікті. Мәселен, жаңа теміржол қатынасының қалыптасуы арқасында қаламыз қазынасына жылына 300 миллион теңгеге жуық кіріс түсуге тиіс. Бұл әлеуметтік саланы көтеруге, жезқазғандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға одан сайын қол ұзартады деген сөз.

01-Фото КТЖ 1

– Осы жағынан алғанда нақты қандай шарапат бар?

– Ұшан-теңіз десем артық айтқандық болмас. Экономикалық тұрғыдан сараптағанда, жүк тасымалы жылына 4 миллион тоннаны құрайды. Бұған дейінгі Қарағанды арқылы айналмалы жол тасымалындағы шығын күрт төмендейді әрі түрлі өнімдерді межелі жерге жеткізу жеделдейді. Яғни, жүк тасымалдау, өнімнің өзіндік құны арзандайды. Мұның пайдалы жағы өз алдына бір бөлек. Ал Бейнеуден Ақтау теңіз портына шығып, сыртқы рынокпен жалғасуға мүмкіндік туу кен көздерін игеріп, өткізушілерге аса қолайлы болғалы тұрса, өңір өндірісін дамытуға шетелдік инвесторлардың ынталылығын туғызатындығы сөзсіз. Қысқасы, теміржолдың мемлекетке де, кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да игілігі мол.

Ал 3 мыңнан астам адамның жұмысқа қамтылып, мұның сыртында жол бойында бекеттер мен стансаларда жолаушыларға қызмет көрсету орындары ашылуға, бизнес­пен шұғылдануға жағдай тууы жергілікті тұрғындарға да игілігін тигізері анық.

– Серік Жаманқұлұлы, құрылыстың жай-күйі қалай?

– Ұзындығы 517 шақырым болатын Жез­қаз­ған-Сексеуіл тармағындағы жұмысты «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС атқа­ру­да. Мұндағы істермен танысу барысында байқалғандай теміржолшылар қимылы ширақ. Ұлы дала төсімен өтіп келе жатқан құрылыста жол төсемін үю, көпірлер салу, электр желілерін тарту, рельсті-шпалды өрім дайындау қарқынды түрде жүргізілуде. Жезқазғаннан Қарсақбайға, Қарсақбайдан Байқоңырға, Байқоңырдан Қоскөлге, Қоскөлден Сексеуілге жетіп түйісетін болашақ жол төңірегі қазірдің өзінде дүбірлі өмір сәніне кірген. Бұл маңай­дағы ауыл жастарының біразы экскаваторшы, буль­дозерші тәрізді қажетті мамандықты мең­геріп, негізгі кадр құрамын қалыптастырып жатыр. Құм ортасындағы Қоскөл ауылы адам танығысыз өзгеруде. Ол үлкен стансаға айналып, балабақша, мектеп, тұрғын үйлер салынуда.

Сонымен бірге, «Арқалық-Шұбаркөл» те­мір­­жолының құрылысы да қатар жүр­гізілуде. Сөйтіп, Жезқазған айма­ғының екінші тынысы кеңейіп, келелі кезеңге қадамы нығая түсуде.

Әңгімелескен

Айқын Несіпбай,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы.