Футбол • 02 Наурыз, 2021

Футзал: Қазақстан құрамасы көш басына шықты

45 рет көрсетілді

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Еуропа чемпионаты топтық іріктеу кезеңінде бүгін елордада Беларусь командасымен кездесті.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары. Бүгінгі ойында қазақстандық футзалшылар жинақы қимыл көрсетуге тырысты. Кездесу басынан тізгінді өз қолына алуға күш салды.

Шыңғыс Есенаманов 2-минутта мергендік танытып, алаң иелерін алға шығарды. Ал 8-минутта Біржан Оразов, 14-минутта Лео есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңде қос команда алаң иелері басымдығын арттырды. Шыңғыс Есенаманов 21-минутта тағы бір мәрте қақпаны дәл көздесе, оған 28-минутта беларусьтік Сергей Крыкун бір голмен жауап қайырды.

Ал 28-минутта Дәурен Тұрсағұлов қазақстандық құраманың басымдығын арттырды. Беларусь ойыншысы Юрий Рабыко 29-минутта есеп айырмасын қысқартты. Кездесуде қазақстандық футзалшылар қарсыласын 5:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша іріктеу кезеңіндегі екінші жеңісіне қол жеткізді.

Бұл жеңістен кейін Қазақстан құрамасы өз тобында алты ұпаймен жеке-дара көш бастады. Одан кейінгі орындардағы Венгрия мен Беларусьтің еншісінде үш-үштен ұпайы бар. Соңғы орындағы Израиль құрамасы әзірге ұпай еншілеген жоқ. Қазақстан құрамасы енді 8 наурызда бүгінгі қарсыласы - Беларусьпен сырт алаңда тағы бір ойын өткізеді.

Қазақстандық құрама алғашқы ойында өз алаңында Венгриядан 5:0 есебімен басым түсті. Екінші кездесуді 28 қаңтарда Израильде өткізу жоспарланған. Айта кетелік, қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде екі мәрте бақ сынады. 2016, 2018 жылдарда қола жүлде алды.

Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 2022 жылдың 19 қаңтар және 6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі.



Соңғы жаңалықтар

Асыл ағаның шарапаты

Руханият • Бүгін, 00:08

Құймақұлақ

Руханият • Кеше

Газ бағасы неге қымбат?

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар