Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев елімізге арнайы сапармен келген Британия үкіметінің халықаралық сауда және инвестиция жөніндегі арнайы өкілі Йорк герцогы ханзада Эндрю Альберт Кристиан Эдвард Виндзорскиймен кездесті.
Мәртебелі мейман осы жүздесу алдында биыл алғашқы талапкерлерді қабылдайтын Астананың жаңа университетінде болып, оқу орнының дайындығын, заман талабына қарай жабдықталып жатқан кабинеттерді аралап көрді. Бұл университеттің әлемдегі таңдаулы жоғары оқу орындары санатында болатынына сенім білдірді. Осы арада Отанымыздағы болашағы зор бұл білім ордасы Лондонның университеттік колледжінің серіктестігімен ашылып жатқанын назарға сала кетсек дейміз.
Өз кезегінде министр Йорк герцогына еліміздің білім беру жүйесіндегі іргелі өзгерістері мен қол жеткен жетістіктері туралы айта келіп, мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша мән беруінің арқасында жүзеге асып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақ елі еуропалық білім кеңістігіне мүше болып қабылданғанын, яғни Болон процесіне қосылғанын атап өтті. “Болашақ” бағдарламасы бойынша дүние жүзінің ең үздік оқу орындарында әр жыл сайын үш мың жастың білім толықтырып жатқанын, олардың мыңнан астамы Англияда оқып жүргенін назарға салды. Кәсіптік және техникалық білімді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асқан тірліктер туралы, мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша Ұлыбританияның колледждерімен байланыстың жақсы орнағанын, студенттер алмасу, оқытушылардың практикадан өтуі, озық техникаларды оқып үйрену бірлікте жүргізіліп келе жатқаны да алға тартылды.
Сүлеймен МӘМЕТ.