Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» бастамасын іске асыру мақсатында Жамбыл өңірінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, ерекше қажеттілігі бар балаларға көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде.
Тараз қаласында Дариға Нұрсұлтанқызы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге облыстық көпсалалы балалар ауруханасындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының және Тараз қаласындағы №9 бен А.Гайдар атындағы №35 орта мектепттегі инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысымен танысты. Аталған кабинеттердің ашылуы нәтижесінде бүгінде ерекше білім алуға қажеттілігі бар 22 бала өз қатарларымен бірге мектепте оқуға мүмкіндік алған. Бұрын бұл балалар үйде оқығандықтан, олар логопед, дефектолог пен психолог сияқты мамандардың жәрдемін тұрақты түрде ала алмаған.
Д.Назарбаева орталықтағы кабинеттерді аралап, ата-аналармен және балалармен әңгімелесті. Мұнда бүгінде нейро-ортопедиялық аурулары бар 80 бала оңалтудан өтуде. Ал мекеме ашылған сәттен бастап өңірден ерекше қажеттіліктері бар 200-ге жуық бала көмек алған. Аталған орталықтың көлемі 1500 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 2 бассейн бар. Басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
Тараз қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының директоры Раиса Қожамжарова Дариға Нұрсұлтанқызына кешенді оңалту тұжырымдамасы мен көрсетілетін оңалту іс-шараларының түрлері туралы мәлімет берді. Мұнда дәрігерлердің консультациялары, механотерапия, емдік дене шынықтыру, сенсорлық және интерактивті бөлмелерде логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт мамандарының сабақтары, сондай-ақ минералды сумен емдеу, физиоемдеу және басқа да ем түрлері бар. Қаладағы «Қамқорлық» орталықтарында тиісті оқытудан өткен білікті мамандар жұмыс істейді.
Былтыр облыстық балалар ауруханасы жанындағы орталықтың 24 маманы біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өткен болса, биыл көшпелі семинарға 32 қызметкер қатысқан. Жыл соңына дейін реабилитология саласындағы өзекті мәселелер бойынша шетелдік менторлардың қызметкерлерін оқыту жоспарлануда. Осы ретте «Қамқорлық» қоры директорының міндетін атқарушы Арайлым Еркінова балаларды қолжетімді жерде сапалы оңалтудан өткізу мақсатында аталған қор оңалту орталығына жетекшілік етуді жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Орталық жыл сайын 600-ден астам нейро-ортопедиялық, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды тегін қабылдайтын болады. Мұндай орталықтар еліміздің Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында ашылған. Жалпы, Елбасының бұл бастамасы жылына 5 мың баланы оңалтуға мүмкіндік береді. Жаңа орталықтардың жұмысы нәтижесінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалту көрсеткіші 20 пайызға өскен.
Кезекті сапарында Дариға Нұрсұлтанқызы Шымкенттегі жасөспірімдерге арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ аталған орталықтағы педагогтердің түзету курстарына, емдік дене шынықтыру және механотерапияның жеке сабақтарына қатысты. Бұл орталық өткен жылдың желтоқсан айында Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында ашылып, Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасының ғимаратына орналасқан еді. Кішкентайларға ем-дом жасайтын нысанның жалпы ауданы – 250 шаршы метр. Мұнда дамуында ауытқуы бар ерте жастағы балалар 21 күннен астам курстан өтіп, амбулаториялық және стационарлық емді тегін ала алады. Әр бала сараптамалық сыныптағы электроэнцефалографта және кешенді аудиометрде диагностикалық тексеруден өтіп тұрады.
Елбасының аталық қамқорлығына алғыс айтқан орталық директоры Ләззат Кучкарова мұндай заманауи жабдықтар осы уақытқа дейін Түркістан облысында тек жекеменшік орталықтарда ғана болғанын айтты.
«Мамандар тобының аз болғанына қарамастан, әр балаға 70-ке дейін оңалту қызметін ұсынып келеміз. Үш оңалту курсынан кейін балалардың денсаулығы қалпына келе бастайды. Кешенді емдеу-сауықтырудың нәтижесі бұл әдістің тиімділігін тағы да дәлелдеп берді. Қазіргі таңда әр балада оң динамика байқалады. Бес сәбиіміз оңалту сабақтарынан кейін алғашқы қадамдарын жасады», деді Л.Кучкарова.
Жұмысы жүйелі, бағыты айқын орталықтың алдағы жоспары – жыл соңына дейін 400 баланы емдеу. Қуантарлығы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры бұл жобаның тиімділігі мен қажеттілігін ескере отырып, Елбасының «Қамқорлық» бастамасының екінші кезеңі аясында осындай орталықтардың ашылуын жалғастыруды көздеп отыр.
Түркістан облысындағы жұмыс сапары барысында Дариға Назарбаева аталған бастама аясында ашылған инклюзияны қолдау кабинеттерін де аралап көрді. Кабинеттер №1 А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепте және облыс орталығындағы №21 жалпы орта мектебінде орналасқан. Олар арнайы жиһаздармен және техникалық жабдықтармен, интерактивті тақтамен, Монтессори материалдарымен, дидактикалық құралдармен жабдықталған.
Инклюзияны қолдау кабинеттерінде Дариға Нұрсұлтанқызы балалармен танысып, олардың жеке ассистенттерімен (тьюторларымен) әңгімелесті. Тьютор сүйемелдеуімен аутистік спектрі бұзылған әрбір оқушы әдеттегі сыныптағы сабақ кезінде де, инклюзияны қолдау кабинетінде де білім ала алады. Ал ондағы ассистенттің негізгі міндеті – балаға мүмкіндігінше өз бетінше өмір сүруге көмектесу.
Қор директоры мектеп сабақтарына қатысып, ерекше оқушылардың сыныптың жалпы жұмысына қалай бейімделетінін тексеріп көрді.
Сапар соңында Дариға Назарбаева Елбасының қаморлығымен жүзеге асқан жоба аясында әлі талай игі жұмыс жүзеге асатынын тілге тиек етті.
Хамит ЕСАМАН,
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»