Жол картасы ұлттық туристік өнімді дайындауды, жекелеген туризм түрлерін (балалар-жасөспірімдер туризмі, медицина және сауықтыру туризмі) және қолөнерді дамыту, елдің туристік әлеуетін ілгерілету бойынша елеулі іс-шараларды қамтиды. Жоба шеңберінде қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыру еліміздегі туристік өнімнің дайындалу механизмдерін жан-жақты талдау және өзектендіруге, қолөнер шеберлерінің жұмысын ретке келтіру және түйткілді мәселелерді шешуге, туризм түрлерін дамытудың тұжырымдамалық шешімдерін анықтауға мүмкіндік береді.
«Құжат ең алдымен туризм саласын ілгерілетуге көмектеседі. Биыл осы жоба аясында қазақстандықтар мен Қазақстанға келген қонақтардың елімізге келуіне мүмкіндік жасау үшін жаңа нысандар ашылып, жұмыс орындары құрылады. Өткен жыл барлық салаға оңай тимегені белгілі. Сондықтан биыл былтыр жүзеге асыра алмай қалған жұмыстарымыздың орнын толтыруымыз керек, ал Үкімет өз тарапынан бұл салаға үлкен көңіл бөлуде. Осы жылы туризмді дамытуға 1 трлн теңге бөлініп, 22 мың жұмыс орны құрылмақ. Құжат туризм индустриясын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп сенемін», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидулла Абдрахимов.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева үшжақты жол картасына қол қою саланың жекелеген бағыттарын қоса алғанда оның ары қарайғы дамуы, сондай-ақ бірлескен ұсыныстар дайындау туристік өнімдерді қалыптастыру және инфрақұрылым мәселелерін шешуде тиімді механизмге айналатынын айтты.
– Жол картасы – осы жылғы іс-әрекеттердің нақты жоспары. Жобаның барлық іс-шарасы нарық үшін маңызды болғандықтан, біздің уәкілетті орган және Kazakh Tourism бірлесіп атқарған жұмысы бір бағытта болатыны бизнес үшін тиімді бағдар. Өткен жылы бастау алған инфрақұрылымды және туристік өнімді жақсарту жөніндегі іс-шаралардан басқа, биыл цифрландыру, аңыз-әңгімеге сүйенген туризм, медициналық және экологиялық туризм, кадрларды даярлау және тағы басқа тармақтар қосылды, – деді Ю.Якупбаева.
Өз кезегінде Kazakh Tourism Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев пандемия қиындықтары, қаржының қысқаруы, қаражат және бизнесті қолдау құралдарының шектелуіне қарамастан, 2020 жылғы Жол картасының іс-шаралары есебінен өткен жыл өнімді болғанын мәлімдеді. «Құжат арқылы бағдар алған бағытымыз жалғасын табуы керек, ал министрліктің бізге қолдау білдіргені құжат қолдануын тереңдете түседі. Өзімізге алған міндеттемелерді орындауды жалғастырамыз, әсіресе осыған дейін назар мен қолдауға ілікпеген бағыттар нысанға алынады», деді ол.
Айта кетейік, осыған ұқсас Жол картасы былтыр «Атамекен» ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ арасында жасалып, ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға бағытталған болатын. Жол картасы шеңберінде санаторий, курорт нысандарын түгендеу бойынша ауқымды жұмыс, қолөнер және агротуризм бойынша кешенді экспедиция жүргізіліп, оқушылар үшін білім беру экскурсияларын ұйымдастыру бойынша «Жанды сабақтар» қанатқақты жобасы іске асырылды. Сонымен қатар танымал тур бағыттар бойынша қажет инфрақұрылым айқындалды. Осы орайда ұлттық туристік өнімді қалыптастыру үшін бірігіп жұмыс істеу жөніндегі бастама нарықта оң бағасын алған-ды.