Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен кездесуде жерлестеріміз 5:2 есебімен жеңіске жетті. Матчтың есебін 2-минутта Шыңғыс Есенаманов ашса, араға 19 минут салып ол дубльдің авторы атанды. Сондай-ақ 8-минутта Біржан Оразов, 14-минутта Лео мергендігімен көзге түссе, ойын аяқталуға екі минут қалғанда Дәурен Тұрсағұлов кездесудің нүктесін қойды. Жерлестеріміздің 5 голына қонақтар тек екі голмен жауап қатты. Алғаш Сергей Крыкун біздің қақпаны дәл көздесе, кейіннен Юрий Рабыко өз атын таблоға жаздырды.
Бұл жеңістен кейін Қазақстан құрамасы өз тобында алты ұпаймен жеке-дара көш бастады. Үш ұпайы бар Беларусь Мажарстан құрамасымен бірге екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр. Беларусь пен Қазақстан құрамасы арасындағы қарымта кездесу 8 наурызда Минскіде өтеді.