Қоғам • 05 Наурыз, 2021

Қағидаты – қарапайымдылық

525 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көктемгі құстар әніндей құйқылжыған көңіл құбылысын кейде түсіну қиын. Санаңда сапырылысқан сансыз ой сені бірде шыңға шығарып, бірде құзға құлатып сергелдеңге салатыны бар. Қазақтың алтын қазығындай астанада тұрып жатқанына жиырма жылдан асыпты. Қатарынан қалмай, елорда эпопеясын жазысуға өзіндік үлесін қосты. Ата-бабаларымыздың азаттық туралы асқақ арманын ақиқатқа айналдырған ару қаланың көркіне бүгінде көз сүрініп, көңіл сүйсінеді. Қасында қаумалап қаншама дос-жараны жүр. Бірақ бәрібір алыстағы ауылын аңсайды. Қимас қырдың астында қалған балалық бал дәуренін, аузын ашса көмекейі көрінетін аңқылдақ ағайын-туысты сағынады. Жастықтың жанартаулары атқылаған албырт шақтағы «асырасілтеушілік» атаулы енді еріксіз езу тартқызады. Ұршықша айналған ұшқыр уақыт алды-артына қарамай зымырайды. Аңыз-ертегілердегі алты айшылық жолды алты-ақ аттайтын арғымаққа мінсең де қуып жете алмайтыныңды сезіп амалың құриды.

Қағидаты – қарапайымдылық

Біздің кейіпкеріміз Ләззат Сүлеймен жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров «...кеу­дең асқар, аяғың көл, қоңың құм» деп сұлулығын суреттеген жер жаннаты – Жетісудың шұрайлы бір пұшпағы киелі Ақсу топырағында туып-өсті. Ауылының аты – Алтынарық. Сірә, бұл елді мекен­нің іргесінен ірі болмаса да, ақпа-төкпе ақын­дарымыз әсірелеп айтатындай «суы күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын» өзендердің бірі өтетін болса керек. Жа­ғасын жайлаған мал-жанның өзегіне өмір нәрін жүгіртсе су бағасы алтынмен пара-пар болмай қайтсін.

Жалпы, тегіне тартпас жан иесі кемде-кем. Ақылды бабаларымыз айтқандай «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Көр­гені жақсы көш бастар», «Тәрбие басы – тал бесік» және тағысын тағылар бо­лып жалғасатын тағылым тәмсілдері тау­сылып бітпейді. Тек солардан тәлім ала біл.

Отбасылық өнеге тұрғысынан ол о бас­тан-ақ олжалы болды. Өзі мақтанып айта­тынындай, мұны алақандарына салып аялап, бақандай бес кемпір бақты. Жайсаң мінезді жарықтықтардың әрқайсысы бір-бір академия екен-ау бүгінгі күннің биі­гінен бағамдап көрсе. Әсіресе, Ұмсынай әжесінің ермінезділігі есінде ерекше қалып қойыпты. Адуынды кейуанадан ауылдың үлкен-кішісі кәдімгідей име­нетін. Абысындарының айтуына қара­ғанда, жас күнінен-ақ намыстың найзасын үкілеп ұстаған көрінеді. Бірде әйел біткен есік алдындағы тал-теректің саясында әңгіме-дүкен құрып отырмай ма. Содан ауылдың бір тұсынан айқай-шу шығады. Сөйтсе, әлдебір тойдан кейін әбден желіккен жігіт-желең көкпар тартып жүріп қырдағы қиқуласқандары аздай, қызды-қыздымен ауыл ішіне кіріп кетіпті. Алтынарықтың ақжаулықтылары бұл қызықтан қалай құр қалсын, бәрі елең етеді, әрине. Оның үстіне осынау аламан-тасырдың ортасында бірінің күйеуі, бірінің бауыры, бірінің баласы жүрсе, қайдан қалыс қалады. Байқауларынша көрші ауылдың көкпаршылары бел алып барады. Ауылдас азаматтар ақ тер, қара тер болып қанша тырысқандарымен көз құрттарына айналған көк серке тақым­дарында тұрақтар емес. Соны көріп «жыны» келген Ұмсынай өзінің екіқабат екенін ұмытып белдеудегі атқа міне сала салып-ұрып додаға кіріпті. Сонымен қой­­шы, тамам еркек таласа тартқан көк­парды көп ұзатпай ауылдағы абыройлы ақса­қалдың ауласына сылқ еткізіп тастай салыпты.

Бұл кісінің кейін, жасы ұлғайған ша­ғында ауылдарының іргесіне шатырларын тігіп тастап, маңайдағы малды ұрлап, іле-шала іздеп барған иелерін таяққа жығып тасыр мінез танытқан сыған таборы баронының басын жара жаздап, жаппай көшіріп жібергенін жерлестері әлі күнге дейін аңыз қылады.

Нағашы жұрты да Қапалдың оқыған-тоқығаны мол, көзі ашық, көкірегі ояу әулетінен-тұғын. Алтын, Дариға апалары ерке жиеннің төбесінен құс ұшырмай әспеттейтін. Тау қойнауындағы табиғаты тамылжыған Қоңыр ауылындағы сол туыстарының қолында тұрып оқығаны да ойына жиі оралады.

Өзінің әке-шешесі де өнегелі жандар еді. Қатарларынан қара үзіп, адами асыл қасиеттерімен айналасындағылардың құрметіне бөлене білді. Қан майданнан қайтпаған майдангердің марғасқа ұлы Жаңылыс Сүлейменов «Қаракемер» кең­шарында ғана емес, бүкіл Ақсу ауданында жақсы аты шыққан жампоз болды. Еккен қызылшасы еселей өнім беріп, еңбегі жанды. Омырауына орден, медаль қадалып, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетіс­тіктерінің көрмесіне қатысты. Шаруа­шылықтың үлкен бөлімшесін басқарып, қарауындағы халықты игі істерге жұ­мыл­дырды. Адалдықтың адал жібін аттамай, айнымас абырой жинады.

– Отының алды, суының тұнығындай тұлабойы тұңғышы болғандықтан ба, мені жанынан тастамайтын. Кейде кеңсесіне барам. Төрде төбе бидей болып жиналыс өткізіп отырған әкемді көргенде көңілім көкке өрлеп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейтін. Жиналғандар тырп етпей, тапсырмасын тыңдайды. Сондай сәттерде маған одан ақылды адам жоқтай көрінетін. Егер менің бойымда елге ұнамды қандай да бір қасиеттер қылаң берсе осы отбасылық үлгінің әсерімен қалыптасқан шығар. Шешем Тұратай да көргенді жердің қызы еді. Жатқан жерлері жарық болсын, – деп еске алады Ләззат Жаңылысқызы әңгімесін әріден бастап.

Қаршадайынан белсенді қарекетшіл­дігімен танылған Ләззат мектеп табал­ды­рығын аттағаннан алғырлығымен ерек­шеленді. Сабақты үздік оқыды, қоғам­дық жұмыстарға да аянбай атсалыс­ты. Озат оқушы орта жолда қалсын ба, кәмелеттік аттестат қолға тиісімен арман қуып Ал­матыға аттанды. Бағы жанып, балы же­тіп Абай атындағы Қазақ педагогика инс­титутының матфагына түсті. Көп кешікпей көзге түсіп, факультеттің комсоргы атанды. Ұлт аспаптар оркестрін құрып, жоғары оқу орындары арасындағы студенттік фес­тивальдерде өнерлері өрге жүзді.

Мұғалімдік диплом алып, туған жерге ту тікті. Аудан орталығы Жансүгіров кен­­тіндегі Чапаев атындағы орта мектепке орналасты. Жеткіншектерге жетек­шілік етудегі жетістіктерімен жоғары жақ­тағы­лардың назарына ілікті. Ұзын саны 250 баланы еңбек және тынығу лагеріне бас­тап барып, ұйымдастырушылық қабі­летімен басшылық қызметке бейімділігін байқатты.

Жариялылық пен демократия жалауы желбіреген қайта құру тұста жалын­ды жас Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол уақыттың үрдісімен комсомол-жас­тар бригадаларын құруға, қоғамды құр­сау­лаған тоталитарлық тоңын жібітуге, ке­йінгі толқын санасын сарыжұрт қылған со­циализм сарқыншақтарынан арылтуға көп күш жұмсады. Жетісу өлкесінің өнегелі өрендері сапында ВЛКМ-нің ХХ съезіне делегат ретінде қатысып қайтты.

Кеңес өкіметінің керегесі сөгіле бас­таған 91-нші жылы Мәскеуге КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне жіберілді. Оқу бастала бергенде Одақтың шаңырағы ортасына түсіп, компартия тарады. Ресей жағы бұрынғы одақтас республикалардың өкілдерін оқытқысы келмейтіндей сыңай танытты. Бұған келіспеген шетжерлік тыңдаушылар наразылық білдіріп көшеге шықты. Сол «бүлікшіл» топтың арасынан Ләззат та табылды. Тіпті «көтеріліс» басшыларының бірі есебінде Мәскеу мэрінің бірінші орынбасары Юрий Лужковтың қабылдауында болғанын қайтерсің. Ақыры аталмыш партия мектебі Ресей мемлекеттік әлеуметтік институтына айналып, аяқ астынан шетелдіктер қатарына қосылған кешегі отандастар оқуларын осында жалғастыратын болып шешілді.

Мәскеуде бірге оқыған құрбыларының әңгімесінен ұққанымыз, супербелсенді Сүлейменова мұнда да жолынан жы­ғы­лып, жорғасынан жаңылмапты. Оқуда озаттығы өз алдына, баяғыда РСДРП-ның ІІІ съезінде күн көсем Ленин сөз сөйлеген аудиторияда өткен студенттердің кон­цертінде айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Оқиға былайша өрбіген екен. Әрбір республиканың өнершіл өрендері кезе­гімен сахнаға көтеріліп, ұлттық ән­де­рін салып, билерін билеп, мәре-сәре болып жатады. Бірақ қазақтар қо­зғала қоймапты. Осы олқылықтың орнын тол­тырмақ ниетпен Ләззат ортаға қалай шыққанын білмей қалады. Алдымен, «Гауһартасты» аңыратып, артынан орыстың халық әні «Пряханы» әуе­летіп, көрерменнің көзайымына айналады. Бұл Ләззаттың институттағы та­нымалдылығын арттырып, оқуды ойдағыдай аяқтауына септігін тигізген сияқты.

Оқудан оралған соң, Л.Сүлеймен Тал­дықорған облыстық жастар ко­ми­тетіне жетекшілік жасады. Сөйтіп Тәуелсіз Қа­зақ­станның ерік­ті ұлдары мен кө­рікті қыз­дарын тәр­биелеуге, тәуел­сіздік идея­сын қа­лып­тастыруға, ұйқыдағы ұлттық сананы оятуға, еге­мен­діктің елең-алаңындағы кей­бір кертартпалықтары­мен кү­ресуге бар бі­лі­мі мен жылдар бойы жи­нақтаған тәжіри­бесін жұмсады. Ел еңсесін тік­теу жо­лында тер төкті. Оның қай­раткерлік жолының қалыптасуына Ж.Нұрмұхаметов, Б.Сақауова, Г.Тә­ңір­бергенова, В.Осипов, Б.Қорғанбаев, К.Түменбаева, Қ.Жазылбекова, Н.Қы­лышбаев, З.Мол­дабаева және басқа Жетісудың жақсы жайсаңдары игі әсерін тигізді.

Еңбек жолын азаттығымыздың  ай­ға­­ғындай Астанада жалғастырған  Ләззат Жаңылысқызы біраз уақыт Тіл коми­тетінде жұмыс істеп, мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеруге ат салысты. Оны  елордадағы ана тіліміздің ахуалына байланысты «Астана ақшамы» газе­тінде жарияланған сұхбаты көзі қарақ­ты көпшілік тарапынан едәуір резо­нанс тудырғаны есімізде. Сондағы атап көрсетілген көптеген кемшіліктерге қа­тыс­ты қала әкімдігі тиісті шешім қабыл­дағанын да ұмыта қойғанымыз жоқ.

Қазақтілді кадрларға қажеттілік тууына орай ол 1998 жылы Орталық сайлау комиссиясына қызметке қабылданды. Сайлауалды науқан қызған шақтарда мәселенің мәнісін түсіндіру үшін оның теледидарға жиі шығуына тура келетін. Біліктілікті талап ететін бұл сындардан мүдірмей өткені болар, Ләззат Сүлеймен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. Саясаткер бүгінде елдігімізді нығайтуға бағытталған байыпты заңдардың қабылдауына мән беруде. Мәселен, ол осы жуырда ғана заң саласының мамандарын даярлауға байланысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, кемшіліктерді түзеуге орай ой-пікірлерін ұсынды.

Біз білетін Ләззат Жаңылысқызы қан­дай қызметте жүрсе де қарапайым­дылық қағидаттарынан айныған емес. Адал­дықтың ақ жолынан аттағанын көр­геніміз жоқ. Өмірден ертерек өтіп кеткен­ жан-жары Жеңіс Сахметов екеуінің қос перзенті Жаннұр мен Жандосын да абырой­лы азамат етіп өсіреріне сеніміміз нық.