09 Наурыз, 2021

Ләйлім

1680 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Біржан сал өмірінің бір шуақты, сәулелі кезеңі аяулы сұлу Ләйліге арналған бірнеше әннен белгілі. Ол әндер – «Ләйлім», «Ләйлім шырақ», «Жалғыз арша», «Шідер» деп аталады. Оның әрқайсысы бір-бір хикая, сол кездің өзінде ел арасына кең тараған таңғажайып аңыз, мәңгі жырланатын махаббат жыры.

Ләйлім

1980 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде Біржан салдың келесі жылы тойланатын жүз елу жылдық торқалы тойына байланысты зерттеу жұмысымен (ол кезде мен Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы едім) Көкшетауға келдім. Аз уақыт ішінде Біржан сал әулетімен танысып-білісіп, бұрын академик Ахмет Жұбанов, Александр Викторович Затаевич, Борис Григорьевич Ерзакович, тағы басқа да зерттеушілердің, әдебиетші-ғалымдардың еңбектерінде жазылмаған біраз беймәлім дерек жинап үлгердім. Бұл әулеттің өрен-жарандарының фотосуреттерін де мол қамтыдым. «Айбозым» әнін Казгородок ауылында тұратын Шаймұқан Омаров ақсақалдан магнитофонға жазып алдым. Міне, осындай қат-қабат жұмыстардың арасында Біржан салдың кенже ұлы Қалкеннің жары Рахия ападан да көп әңгіме дәптер бетіне түсті. Сол күндердің бірінде ол кісіден Біржан сал сүйген Ләйлі жайында сұрадым. Рахия апай сондай байсалды, көрікті жан, күлімсіреп отырып былай деді: – Кешегі соғыс жылдарында Зеренді жағында бір ауылға құдалыққа бардық. Соғыстан титықтаған елдің жағдайы белгілі ғой, солай болса да бізді қарсы алған әулет жақсылап күтті. Қарауыл – әнші ел. Қыз-жігіттері кезек-кезек әуелете ән шырқады. Сол әндердің ішінде атамыздың Ләйліге арнап шығарған үш әні айтылды. Жиынды басқарып жүрген сері көңілді сөзшең жігіт маған өзгеше бір мейірмен төгіле қарап: – Біржан салдай атаңыздың әруағына мың да бір рахмет, біздің Ай мен Күндей сұлу апамыз Ләйліге ғашық болған! Иә, кезінде болды ғой бәрі. Сол күндерде тараған аңыз-әңгіме даланың ескек желімен қандай-қандай жерлерге барды екен десеңізші. Біржан сал Ләйлідей сұлуды сүйсе, Біржан салдан туған Қалкен де осал емес екен, сіздей сұлуды алған! – дегені. Мен ұялып, бетім дызылдап, қайда тығыларымды білмедім. Сол құдалықтың үстінде айтылған қыруар әңгіме атамыздың Ләйліге шығарған әндерінің төңірегінде болып, бұрын естімеген біраз жайға көз жеткіздім.

Мен келін боп түскенде біраз бұрын атамыз дүниеден қайтқан екен, сол жылы ел Улыкөл жағасына қарай жайлауға көшіп бара жатқанда Бұзау төбенің басындағы қалың қорымның ішінде жатқан топырағы ескірмеген боз бейітке тоқтап, дұға оқып, Тоқтар мен Әлімжан қайнағаларымыз ән салғаны... Сол әндердің бірі – «Ләйлім» екені есімде.

Бұл – Біржан салдың өз әулетінің көзі, Қалкенінің жары, туған келіні Рахия апаның лебізі.

Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» атты кітабында Біржан сал мен Ләйлінің махаббатын былай деп суреттейді: «Біржан ел аралап жүріп, Арықбалық жақтан қайтып келе жатып, ағайынды Көлбай, Жанбай дегендердің ауылына келеді. Көлбай, Жанбай жас жағынан Біржанмен шамалас... малды, жанды адамдар болады. Өздерінің менмендігімен, паңдығымен аттары шыққан. Анау-мынау кісіні менсінбейтін де мінездері бар. Біржанның халық алдында аса беделді екенін біледі. Біржанның осы ауылға қарай қисайғанын көріп, бұрыннан көңілдес болса да танымағандай үйлеріне еніп кетеді. Мұны байқап қалған әнші іркілместен, өзінше қыр көрсетіп, ауыл шетіндегі қораштау бір үйге келіп түседі. Қонақтың атақты Біржан сал екенін білген үй иесі барынша күтіп, әншінің асты-үстіне түсіп бәйек болады. Тамақ ішіп болғаннан кейін Біржан сал әдетінше домбырасын алып, ән салады. Ауыл адамдары жиналып, қошеметтеп, түннің бір уағына дейін Біржанның әсем әндерін тыңдап рахаттанады. Көлбай, Жанбай екеуі ән тыңдауға келмейді. Әншінің даусын естіп, отыра алмай тұра жүгірген қарындасы Ләйлімді де, барғысы келген келіншектерін де жібермейді.

Ертеңінде... әншінің атының аяғындағы шідері жоқ боп шығады. Оны естіген Біржан құдық жаққа қарап тұрып, әсем басып су алып келе жатқан Ләйлімді көреді. Ләйлімнің алдынан шығып, «шідер көрмедіңіз бе?» деп сұрап, әңгімеге айналдырып тұрады. Бұл суретті көрген Көлбай мен Жанбай құдық басында жұмыстары бардай қарындасына қарай жүреді. Ағаларының сөзді анық есітетін жерге келуін күткен әнші, табанда Ләйлімге қарап, суырылып, әндетеді:

Ләйлім шырақ!

Мен де өзіңдей жас едім, жаңа талап.

Біреуге Ташкент барған алдырып ем,

Қызыл жібек қырмызы пұт бес қадақ.

Ойда жоқта мұндай ілтипатқа ұшырағанына таң-тамаша қалған Ләйлім қапелімде не дерін білмей аңырып тұрған орнында қозғалмай қалады. Біржан болса одан бетер екіленіп:

Ләйлім шырақ!

Қыран бүркіт мен түсер

таудан құлап,

Сегіз би сиязына қалдырмай-ақ,

Кел, екеуіміз бітейік құпиялап,

– деп қынжылған пішін көрсетеді. Жалынғандай:

– Өзіме бер, шідерді тауып алсаң,

Елу теңге берер ем, шүйінші алсаң,

Жерде шіріп қалса да, көзім көріп,

Қыршын жасым қиылсын,

бітім алсам,

– деп аяғын қатайта, түсін суыта тілін безеп, екі ағасына көзін тігіп:

Ләйлім шырақ – асыл тасым!

Көлбай, Жанбай бірге өстік,

замандасым!

Келген жоқ көктен пері,

жерден шайтан,

Шідерімді ұрлаған қарындасың, – деп Ләйлімді әбден састырады. Біржан тағы да екіленіп, істің жайын енді түсініп келе жатқан Көлбай, Жанбайға, Ләйлімге кезек қарап, шідерін мақтап:

Ләйлім шырақ!

Таудан аққан сылдырап мен

бір бұлақ,

Қайыс болсын, жіп болсын

неге керек,

Шідерімнің бағасы қырық қысырақ, −

деп олармен құнын келіспей тұрғандай, басып айта береді.

«...Мына сал тағы бірдеңені былықтырар» дегендей Көлбай, Жанбай Ләйлімді ымдап, үйге қарай бұрады. «Не болды?» деп шулаған адамдарға «Біздің Ләйліжанға шығарып тұрған әні ғой» деп істің шын сырын ашқылары келмей, соңдарынан ерген жұртты жекіріп, кейін ысырып тастайды. «Жүрген жерінде бізді жамандап жүрер» деп қорыққан Көлбай, Жанбай Біржанды қонақ етіп, сыйлап, бірнеше күн қондырып, ән салдырып, риза етіп жөнелтеді. Кетер кезде жазықсыз біраз ұялтқаны үшін, Біржан Ләйлімге қарап, кешірім сұрағандай, шідерді қоспай, басқа сөзінде еш «қотыры» жоқ өлеңмен «Ләйлім шырақ» әнін айтып, оны қызға арнағанын, қайда болса да айтып жүргенде әр кезде Ләйлімнің суреті көз алдында болатынын сездіреді. Осылай Біржан әндерінің ішіндегі бір белдісі – «Ләйлім шырақ» дүниеге келеді.

«Ләйлім шырақ» – көпке белгілі шығарма. Оны түсіндіріп жатудың керегі аз. Радиодан да жиі беріледі. «Біржан-Сара» операсына енді».

Біржан сал мен Ләйлі жөнінде ең бір қызықты дерек Қарағандыда ұзақ жылдар тұрып, бүкіл Арқада зерттеу жүргізген Сергей Никитиннің «Сары-Арка − золотая планета» деп аталатын кітабында жазылған. Никитин осы кітаптың ішіне кірген «Памятник Чокану Валиханову» деген очеркінде былай деп келтіреді: «Летом 1856 года Чокан Валиханов пригласил Дурова в Кокчетав. (Шоқанның қадір-қасиетін, білім-өресі мен биік мәдениетіне тәнті болған атақты зерттеуші ғалымдар – П.Семенов-Тянь-Шанский, Г.Потанин, А.Бекетов, Н.Веселовский, А.Березин, А.Васильев, міне, осы көрнекті тұлғалардың қатарында Ф.М.Достоевский мен С.Ф.Дуров ерекше құрметпен аталады. Достоевский мен Дуров Омбы түрмесінде бірге отырған. Екеуі де азып-тозып, денсаулығы нашарлап, әбден қажыған. Қырық жастағы Достоевский Дуровтан бес жас кіші болса да алпыстан асқан шал сияқты бүгіліп қалыпты. Кейін екеуін түрмеден шығарады да Достоевскийді Семейге, Дуровты Көкшетауға қызмет етуге жібереді). Всего лишь год прослужил Дуров в Кокчетаве. Но сделал многое. Под предлогом составления коллекции флоры Сары-Арки он разъезжал по степи, побывал в Бурабае, Мезгиль-Соре, Карауле, Шортандах, Ак-Куле, Акмоле, Атбасаре», деп жазады. Дуров осы өңірлерде жүріп, қазақ халқының әдеби-музыкалы фольклорын да зерттейді, әнші-күйшілерді де тыңдайды. Шоқан Дуровтың осы жұмыстарына бек қызығып, оның денсаулығын түзеуге әрекет етіп, губернаторға хат жазып, босатып алады да, Сырымбеттегі өз ауылына алып келеді. Бұл жерде біраз қымыз ішіп демалған соң, бұл емделу Бурабайда жалғасуы тиіс.

Шоқан мен Дуров тарантаспен Бурабайға қарай жолға шығып келе жатқанда бір Керей ауылына қонады. Екеуі де жолсоқты боп қатты шаршаған, тоқтаған үйінің сый-сыяпатын көріп, езіліп ұйықтап қалады. Түннің бір уағында Шоқан оянып кетеді де көрші үйдің бірінде шырқалған әнді естиді. Сыртқа шығады. Ол заматта сол үйге қарай бұрылады. Ән айтыла береді. Ендігі бір сәтте Дуров та оянады. Никитин ендігі эпизодты былай деп суреттейді: «Захваченный песней, Дуров вышел из юрты и с удивлением увидел толпу людей. Казалось, весь аул собрался послушать певца. Сергей Федорович протиснулся к двери. Ему тотчас же уступили место, он тихонько сел рядом с Валихановым, который кивнул на певца, шепнул на ухо: «Биржан сал!»

Дуров вгляделся в певца. Перед ним сидел молодой человек лет двадцати пяти. Здоровый, красивый, нарядно одетый джигит выглядел внушительно. Он пел, непринужденно подыгрывая на разукрашенной перьями филина домбре.

Вдруг певец взял очень высокую ноту. Голос его зазвенел. Дуров, оглушенный, не сводил глаза с Биржана. Сал оборвал протяжный, словно у стаи гусей в небе, крик, ударил по струнам и запел игриво, красочно, прихотливо. Размашистая, буйная мелодия и задорный напев всколыхнули слушающих. Задвигались, заулыбались люди.

Дуров от волнения схватился за сердце. Чокан заметил его движение, склонился с тревогой, но Сергей Федорович успокоил: – Ничего, ничего, дорогой Чокан. Это от счастья, от восхищения талантом певца. Ах, если бы послушали его в Петербурге! Чьи песни он поет?

– Он сам поэт и композитор!

Биржан кончил одну песню, прикоснулся губами к деревянной чашке с кумысом, отдохнул задумавшись. Никто не осмелился нарушить тишину.

Биржан обвел собравшихся веселым взглядом, расправил плечи, и вдруг домбра заплясала в его сильных руках. Сделав наигрыш, певец обжег шальными глазами пристроившуюся у входа молодую девушку и запел сильно, раздольно:

Ляйли, любовь моя!

Молодым, горячим, пылким был и я.

Пять тюков с багряным шелком

той порой

Из Ташкента мне доставили друзья.

Песня теплела каждым новым куплетом. Брошенный в самом начале песни страстный призыв, вдруг обернулся веселым розыгрышем. А под конец песни голос Биржана поднялся до такой будоражующей душу задорной силы, что слушающие не смогли сдержать возгласов восхищения и удивления». (Сергей Никитин. Сары – Арка-Золотая планета. Алма-Ата, «Жазушы», 1976 г. 185-190 стр.) Біржан салдың Ләйліге деген махаббатын, міне, басқа ешкім емес, замандасы ұлы Шоқан айтып отыр. Бұл еш күмән келтірмейтін шындық. Шоқан мен Дуровты таң-тамаша қалдырған «Ләйлім шырақ!» Кезінде Ләйліге арналған «Ләйлім шырақ», «Ләйлім», «Жалғыз арша», «Шідер» деп аталатын әндер циклы ел арасына еркін тарап, аңыз боп шертілген. Осы әндердің «Ләйлім шырақ» пен «Жалғыз арша» әндерінің сөздері ұмытылған жоқ.

Отызыншы жылдарда коммунистік идеологияның насихаттық саясатына сай көптеген әндердің сөзі өзгертілгенде «Ләйлім» әнінің жаңаша сөзін сол кездерде (1939 жыл) Қазақ радиосы музыка редакциясын басқарған ақын Мақсұтбек Майшекин былай деп жазды:

Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ?

Жаңа таптым ауылыңды көптен

сұрап.

Жел тимесе, жан тимес деп жүргенде,

Қол ұстасып жатпенен кеттің

жырақ.

Аққу едің таранған айдындағы,

Ұштың ұзап қанатың жайдың дағы.

Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,

Қол алысқан сертіңнен тайдың дағы.

 

Осылай ма, ей, қалқа, айтқан сертің,

Жүрегімді жандырды ғашық дертің!

Мұнша неге сен мені әуреледің,

Болмаған соң әуелде баста еркің?!

«Ләйлімді» осы сөзбен алғаш рет Рабиға Есімжанова орындай бастады. М.Майшекин Біржан сал мен Ләйлінің арасындағы шын болған оқиғадан алшақ кетпеген. Негізін сақтаған. Атастырған салт бойынша Ләйлінің басқа жанға ұзатылып кеткені өзінен-өзі белгілі боп тұр. Ал Біржан сал Ләйліні ұмыта алмаған... бұл жөнінде тек қана академик Ахмет Жұбанов емес, белгілі музыка маманы Бисенғали Ғизатов өзінің бір зерттеуінде: «Песня как мщения братья Кульбаю и Жанбаю и одновременно воспоминание о Ляйли сочинил Биржан песню «Ляйлим шырак» («Ляйли, мой светик»), которая широко распевается в народе. Песня широкого и раздольного характера, где «с теплым, нежным лиризмом рассказыает мелодия о чистой невинной девушке». ( Б.Ғизатов. «Академик Ахмет Жубанов» 146 бет. Изд. «Жазушы». Алма-Ата, 1972 жыл).

Мұхамеджан Имашев «Ән атасы – Біржан сал» деген мақаласында: ...Біржан сал Қожағұлұлының арнау өлеңдерінің бір тобы өз елдесі, атақты сұлу, әрі өнерпаз қыз Ләйліге арналған, – дей келіп:

Жайлаған Жолдыөзекті көп Қарауыл,

Қызды ауыл, қымызды ауыл,

 қызықты ауыл.

Талпынған ғашығына от жүректің,

Жалынын сөндіре алмас

соққан дауыл,

– дейтін лирикалық шумақты келтіреді де: Жолдыөзек – Біржан сал заманымен алып қарасақ, он тоғызыншы ғасырдағы Көкшетау уезінің Зеренді болысы территориясының жері. Мұнда сегізінші ауыл иесі – Жанбай Ләйлінің ағасы. Ләйліге арналған «Жалғыз арша» әнінде «Қозыбайдың үйінде мәжіліс боп» дейтін жол бар. Иә, Қозыбай да аталады. Ол осы Көлбай, Жанбаймен аталас екен, мекені – Көгалаағаш деген жер. Ләйлі мен Біржан осы Қозыбайдың үйінде кездескен. Жанбай үлкен кісі, онша дәулетті емес. Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдызында» Қозыбай мен Шоқан дос... Қозыбайдың және бір дағдысы – жаз – қаршыға, қыс – бүркіт дегендей, босағасынан қыран арылмайтын еді. (441-442 беттер) – деп жазады. («Қазақ әдебиеті», 1987 жыл. 14-тамыз). Ал, А.Затаевич: «500 казахских песень» деген белгілі кітабында:

На вершине Каркаралинских гор одинокий можевельник,

Та милая хорошо грамотно

по-мусульмански,

Друзья! При случае играйте и

смейтесь!

Ведь жизнь-неизвестно! -коротка ли,

долго ли!

– деп, Біржан салдың Ләйліге деген махаббатына, әннің болмысына қызығып, оны Чайковскийдің «Пиковая дама» операсындағы Германның: «Что наша жизнь! Игра!» деп айтылатын ариясымен салыстыратыны қайран қалдырады.

 

* * *

Көлбай, Жанбайдың руы – Жауар Қарауыл. Бұрынғы жайлаған жері – Арықбалық маңы. Осы жерден Құлаайғырға қарай ығысқан, қазіргі Чистополье ауданы. Оңтүстік Шығыста – Ақан көлі, Ақан тауы, бұл осы күнгі – Жалғызтау! Одан әрі Төрелер жайлаған Салқынкөл! Осы жерлерге қоныс тепкен орыстар деревня салып, төңіректі тарылтып жіберген. Ләйліге арналған әндердің хикаясын зерттеп жүріп, бұл маңды көп араладым. Ол әңгімелердің біразын жазушы Естай Мырзахметов пен журналист, әнші Кәрім Ілиясовтан да талай рет тыңдадым. Ел аузындағы әрқилы деректердің бәр-бәрін Біржан салдың келіні Рахия апа теріске шығармайды: «Туған қайныағам Теміртастың жазып жүретін бір дәптері болушы еді, атамыз бен Ләйлінің ғашықтығын сүйсініп отырып айтқанда ертегі тыңдағандай қызығушы едік», дейді. Бұл әңгімені 1980-81 жылдары ол кісінің аузынан қайта-қайта жазып алдым.

Ән зерттеу ісім ел-жұртқа әбден әйгілі болған соң, маған жер-жерден хаттар келіп жатады. Сол хаттардың бірін Сағидолла Ахметов деген кісі Қорғалжын ауданының Кең бидайық ауылынан жолдап, Біржан салдың таптырмай жүрген:

Ахоу, Шідерімді,

Берген құдай ежелден тілегімді,

Тал түсте шідерімді ұрлап алып,

Мұнша неге қорладың сүйегімді.

 

Асыл тасым,

Көлбай, Жанбай бірге өскен

замандасым,

Көктен жел, жерден шайтан тіпті

 алған жоқ,

Шідерімді жасырған қарындасың.

 

Қара көктен,

Шідерімнің бағасы шым жібектен,

Жіп болса, қайыс болса мен

не етейін,

Ішім күйіп барады сол себептен.

 

Ләйлім-Жүніс

Шідерімнің балағы шистай күміс,

Поштабай арадағы әпермесе

Мұның арты болады бір жиылыс, – деп келетін «Шідер» әнін жолдапты.

Сөйтіп, Біржан салдың Ләйлі, деп соққан жүрегінен туған кәусар әндердің төртеуі де осылайша ел жүрегінде сақталыпты. Ал ел арасына кең тараған «Ләйлім» әнін (сөзі Мақсұтбек Майшекиндікі) Ақан серінің әні деу қателік. Дәл осы ән қазақтың ең таңдаулы лирикалық әндерінің ішінде бұлбұл әуезіндей ерекше дараланатын жайсаң ән. Біржанның тебіреністі жүрегінің тұнығынан шыққан мөп-мөлдір лирика. Атақты композитор Сыдық Мұхамеджанов: «Мен «Ақан сері-Ақтоқты» операсын жазғанда бір лирикалық сәтті қандай музыкамен бейнелесем екен деп, көп толқып жүріп Біржан салдың «Ләйліміне» тоқтадым. Опера жазу процесінде мұндай мысалдар болып жатады», деп еді, осы жолдардың иесіне.

...Бүгінде Көкше елінің арман қуған еркебұлан жастары: «Көкшенің әр жігіті Біржан болса, Көкшенің әрбір қызы – Ләйлім шырақ!» деп романтикалық жырларды шалқытып жүр.

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның

 еңбек сіңірген қайраткері,

композитор, өнер зерттеушісі