Алматылықтарға берілетін судың 30 пайызы − тау өзендерінен, ал қалған 70 пайызы тереңдігі 150 метрден 500 метрге дейінгі ұңғымалардан алынады. Сарапшылардың сөзінен ұққанымыз, тау суы тұндырылып, натрий гипохлоритімен, яғни қарапайым тұзбен зарарсыздандырылады. Аттестаттаудан өткен өндірістік зертхана су сапасына тәулік бойы бақылау жүргізіп отырады. Бүгінде шамамен 110 шақырым сумен жабдықтау желілері жөндеуді қажет етсе, алдыңғы жылдары оның тек 4 шақырымы жөнделді.
Алматы тұрғындары күніне орта есеппен 800 мың текше метр су тұтынады, ал мегаполиске 130 мың текше метр су жетпейді. Былтыр алматылықтардың суға деген қажеттілігі 272 млн текше метрді құрапты.
Шаһардағы «Цифрлы су арнасы» жүйесі саладағы бірқатар қызмет көрсету жұмыстарын едәуір жеңілдетіп отыр. «Алматы Су» мекемесі бірер жыл бұрын қала әкімдігінің қолдауымен «Сумен жабдықтаудың жиынтық баланс жүйесі», «Сорғы стансаларының технологиялық процестерін автоматтандыру және диспетчерлеу», «Су есептейтін жалпыүйлік ақылды аспаптарды орнату» секілді үш бірдей жобаны қолданысқа енгізген. Нәтижесінде жоба су шығыны мен апатты жағдайлардың санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізгенін көрсеткен. Жоба авторлары бұл жұмыстар құбырлардың тозу деңгейін анықтауға да көмегін тигізгенін айтады. Нәтижесінде Алматыны ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі осы жоба шеңберінде жүргізілді.
Соңғы он жыл ішінде оңтүстік астананың аумағы екі есеге көбейді. Алматыда 60-жылдары салынып, тозығы әбден жеткен су құбырлары түгелдей жаңартылады. Шойын су құбырының орнына пластиктен жасалғаны салынады. Мұндай құбырлардың ерекшелігі, шіріп кетпейді, ұзақ жылдарға жарамды болады.
«Жаңа Алматы» деп аталатын шағын аудандар жақында қалаға қосылғаны белгілі. Бұрын Алматы облысының Талғар ауданына қараған, 2015 жылы қалаға қосылған Көлсай шағын ауданы ұзақ жылдан бері ауыз су тапшылығын көріп келген болатын. Қазір Алматы қаласының билігі мұнда жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын сумен жабдықтау және су бұрудың инженерлік желілерін орнатып жатыр.
Соңғы жылдары қалалық бюджет есебінен 400 шақырымға жуық су құбыры салынды. «Қалқаман», «Достық», «Алты Алаш» секілді шағын аудандарда суық су мәселелері толығымен шешіліп келеді. Бұдан бөлек «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында 9 шағын ауданға ауыз су тартылуы керек. Биыл соның 5-еуін, атап айтқанда, «Құрамыс», «Қарғалы», «Жайлау», «Таужолы», «Тастыбұлақ» сияқты шағын аудандарды сапалы сумен қамтуды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Биыл «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Құрылысшы» сияқты біршама шағын аудан тұрғындары да сапалы суық суға қол жеткізбек. Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарында да инженерлік желілер жүргізілуде.
Сумен қамтамасыз ету проблемасы − Наурызбай ауданындағы ең өткір мәселелердің бірі. Бұл туралы тұрғындар қала әкімімен өткен кездесулерде жиі айтып жүр. Аудандағы орталықтандырылған сумен жабдықтау үлесі тек 30 пайызды құрайды. Қалғаны жеке құдықтар және Қарғалы мен Ақсай өзендерінен келетін ашық су көздері. Ал оның сапасы күмән туғызады. Алайда Наурызбай тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қарғалы» су қабылдағышы мен сүзгі стансасы салынып жатыр. Биыл стансаны төрт шағын ауданмен байланыстыратын магистральдық желілердің құрылысы басталмақ.
Наурызбайдағы «Таужолы» шағын ауданында негізінен жер үйлер орналасқан. Жеке сектордың барлығы саяжай санатына жатады. Соңғы 20-30 жыл ішінде Қарасай ауданында көптеген құрылыс жүрді. Бірақ жер учаскелері шағын болғандықтан, құбырлары да жіңішке және оның 80 пайызы тозған. Сондықтан да ауыз сумен жабдықтау көлемі жеткіліксіз.
– Мұндай мәселе «Тау жолында» да бар. Ескі су қабылдағыштан келетін құбыр Наурызбай ауданын ғана емес, Қарасай ауданының бір бөлігін, Қырғауылды, Жаңатұрмыс ауылдарын да сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан тұрғындар су тапшылығын тартып келді» деп түсіндірді Наурызбай аудандық әкімдігінің өкілі Өркен Қодаров.
Мамандар тіршілік нәрін үнемдеу, келешекте су тапшылығын тартпас үшін оны өндіруден бастап, халыққа таратуға дейінгі кезеңдерді автоматты жүйеге ауыстыру керегін алға тартады. Қала әкімдігі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілгеннен кейін осы жүйеге толық көшетінін білдірді.
АЛМАТЫ