Министр қаңтар-ақпандағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндама жасады. Ол өз сөзінде еліміздің кей өңірлері жоғарғы инвестициялық белсенділік көрсетіп жатқанын айтты.
«Ең жоғарғы көрсеткіш өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту есебінен Жамбыл облысында, күн электр стансалары мен көпфункционалды туристік кешен салу есебінен Түркістан облысында байқалады», деді Ә.Ерғалиев.
Бұдан соң, ол инвестиция бойынша 4 өңір төмен көрсеткіш көрсетіп отырғанын сөз етті.
«Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Батыс Қазақстан облысында, Теңіз кен орнын келешекте кеңейту жобасы мен ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Атырау облысында, өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі капиталға инвестициялар көлімінің қысқаруы салдарынан Павлодар облысында және көпфункционалды қонақүй-туристік кешен құрылысының аяқталуы салдарынан Маңғыстау облысында төмендеу тіркелді», деді ол.