Қоғам • 12 Наурыз, 2021

Полицейлердің зейнетке шығу жасы көтеріледі

459 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде полицейлердің зейнетке шығу жасын көтеру жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Полицейлердің зейнетке шығу жасы көтеріледі

«Реформа барысында халықаралық тәжірибе ескерілетінін атап өттіңіз. Бұл ретте дамыған елдер қатарында полицейлердің еңбек жылдарының шекті мерзімі қазақстандықтарға қарағанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, Германияда, Канадада, АҚШ-та және Жапонияда құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін зейнеткерлікке шығу 65 жасты құрайды. Ресейде 2016 жылдан бастап полковниктердің бекітілген шекті жасы – 60 жас. Қазақстанда қызметкерлердің шекті жасы полковниктер үшін 55 жас. Сол себепті әлі де болса жұмысқа жарамды жоғары кәсіби кадрлардың тұрақсыздығы байқалады. Полицейлердің зейнеткерлікке шығуының қолданыстағы тетігі қаншалықты тиімді?», деп сұрады сенатор Әбдәлі Нұралиев.

Ведомство басшысы қазіргі кезде полициядағы қызметкерлердің көбісі өте тәжірибелі әрі кәсіби мамандар екенін тілге тиек етті.

«Олардың көбісі кезінде зейнетке шыққысы келмеді. Бірақ заңды түрде 45-тен 55 жасқа дейін қызметтен кетуге мәжбүр болды. Олардың біразы қазір күзет секілді жеке фирмаларда жұмыс істейді. Қазіргі уақытта тиісті жұмыс тобын құрып, осы мәселені көтеріп жатырмыз», деді Е.Тұрғымбаев.

Осыған байланысты министр қызметкерлердің зейнет жасына шығу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

«Халықаралық тәжірибе сүйенсек, басқа елдерде бұл жүйе өзгешелеу. Біз осыны зерделеп, соған жақындатып жатырмыз», деді министр.

Мысалы, майорларға 52 жастан (4 жыл қосып) зейнетке шығу, ал подполковниктерге – 55 жастан, полковниктерге 58 жастан және жоғары басқару құрамына 63 жастан бастап ескеріліп отыр.