Оқиға • 12 Наурыз, 2021

Елбасы кітапханасында ыңтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

171 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасы кітапханасында даңқты қазақстандық спортшылар, түрлі спорт ұйымдары, астананың спорт мектебінде тәрбиеленуші жеткіншектер мен Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының қатысуымен «Қазақстан мақтанышы» спорт-ревюі өттi, деп хабарлайды Egemen.kz

Елбасы кітапханасында ыңтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат шараның шымылдығын түріп, қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Ол 30 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзінің бірегей жолын таңдап, кез келген саланың әлеуетін дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланғандығын атап өтті. Сондай-ақ, Б.Темірболат Елбасы кітапханасының Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан мақтанышы» атты ауқымды жобасы туралы айтып берді. Жоба ағымдағы жылдың 8 наурызында «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 30 үздік түлектерімен өткен интерактивті кездесуден бастау алды.

«Қазақстанның мақтанышы» жобасы ел мақтанышына айналған дарынды отандастарымыздың өмір жолы, ерен еңбегі мен табысқа жету тәсілдері туралы жақынырақ білу үшін қолға алынды. Бүгінгі іс-шара дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың салауатты ұлт идеологиясын қалыптастыру ісіндегі бастамалары мен идеяларын насихаттау және түсіндіру жолында жаңа серпін беретініне сенімдімін»,  деді Б.Темірболат.

Даңқты қазақстандық боксшы, 2005 және 2007 жылдардағы әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бүгінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев спортшыларға арналған даңқ мұражайының ашылуы еліміздің туын көкте желбірететін жас батырлардың рухын арттыратынын айтты.

Ары қарай бүгінгі жиын аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат пен ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев құжатқа қол қойды.

Одан кейін Олимпиада чемпиондары мен Қазақстанның атақты спортшыларының жеке заттарын Елбасы кітапханасының музейіне сыйға тарту рәсімі өтті. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев әлем чемпионатында қызының төрттік сальхов жасап, Қазақстанды әлемдік қысқы спорт тарихына қосқан конькиін табыстады. 

Серік Сәпиев 2009 жылғы әлем чемпионатына киіп барған формасын сыйға тартты. Юрий Мельниченко іс-шара ұйымдастырушыларына спорттағы мансабындағы жеңіп алған көптеген кубоктарының бірін сый етті. Әлия Юсупова халықаралық турнирден мүсіншені, атаулы медаль мен таяқшасы бар лентаны табыс етті. Илья Ильин мұражай коллекциясын 2014 жылғы Алтын медальмен толықтырды. Данияр Елеусінов музейге өзінің алтын бокс қолғабын тапсырды. Гүзел Манюрова жеңісті трикосын берді. Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылы Елбасының өзі тапсырған белбеуді тапсырды. Мөлдір Мекенбаева 2019 жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионатының медальдарын тарту етті. Дархан Нортаев Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының атынан Әлем чемпионатының Кубогын тапсырды. Сонымен қатар, іс-шараға байк және басқа да олжаларын Елбасы кітапханасына ұсынған Қазақстан байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин де қатысты.

Іс-шарада алып күш иесі, күш қолданатын нөмірлер арасындағы әлемнің төрт дүркін рекорд иесі, Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың мұрасын жалғастырушы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің еліміздегі күш мәдениетін дамыту жөніндегі өкілі Сергей Цырульников та бой көрсетті. Қонақтардың алдында ол күш өнерін паш етіп, ат тағасын майыстырды. Кейіннен тағаны музейдің қорына өткізді.  

«Мен қазақ палуандарының күш өнерін жалғаған спорт түрін тегіннен таңдамадым. Өйткені, бұл Қазақстан мәдениетінің ажырамас бөлігі дер едім. Өкінішке қарай, қазіргі таңда күш спортының мұрасы біржола жоғалып барады. Бүгінгі менің негізгі міндетім – Қазақстанның күш өнерін жаңғырту, ары қарай нығайту. Жастар өз елінің батырларын, батырлықтың жолын, ұлттық рух пен тарихтың қалыптасуын жетік білуі керек. Қорыта айтқанда, мен үшін бұл іс-шара өте маңызды, өйткені қалың жұртшылықты біздің палуандарымыздың мұрасымен тағы да бір таныстырып, олардың өнерлерін көрсетуге мүмкіндік аламын», дейді ол.

Қазақстандық боксшы, әлемнің, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Тәуелсіздіктің құрдасы Данияр Елеусінов Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңісті жекпе-жегінің естеліктерімен бөлісті: «Олимпиада ауылында кеудеге тағылған медальмен бақыттан басым айналып, асыр салғанымды ешқашан ұмытпаспын. Туыстарымнан, достарымнан, әріптестерімнен құттықтаулар қабылдап, төбем көкке жетті. Мен сол күнге, сол мақсатқа ұзақ уақытымды қидым, барымды салдым. Түбінде халықтың сенімін ақтай алдым деп ойлаймын. Осы жылы алдағы барлық жеңістерімді еліміздің Тәуелсіздігіне арнағым келеді».

Бүгінгі таңда спорт пен спорт жетістіктері әлемдік өркениет пен мәдениеттің ажырамас бөлігі екені анық. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда 60-тан астам олимпиадалық және 700-ге жуық халықаралық жарыстардың медальын жеңіп алды. Біздің еліміз алғашқылардың бірі болып 30 спорттық  алпауыт елдердің қатарына енді. Қазақстан Республикасында спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Жиынға қатысушылар спорт жұлдыздарымен бірге құрмет тұғырына көтеріліп, чемпиондардан қолтаңба алды. Айтулы шараның Елбасы кітапханасында өтуінің символикалы мәні бар, өйткені дәл осы ғимаратта жастарды салауатты өмірге шақырып, ерекше энергиямен бөлейтін интерактивті алаң бар. Осы алаңда Илья Ильин темір көтерсе, Серік Сәпиев бокстасты. Екеуі де өздерінің цифрлы қарсыластарын тізе бүктірді.    

Спорт-ревю барысында спортшылар тапсырған жеке заттар мен мұрағат материалдары Елбасы кітапханасының экспозицияларынан лайықты орын тауып, жұртшылықтың игілігіне айналады.

Соңғы жаңалықтар