Ведомство мәліметінше, еліміздің өңірлерінде медициналық аппараттарды, оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттарын мемлекеттік сатып алу барысында жемқорлық әрекеттерді анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр. Аталған іс-шаралар барысында Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау облыстарында сотқа дейінгі тергеу тіркелді.
«Мәселен, Қызылорда облысында облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Борамбаева айыппұл (300 АЕК мөлшерінде айыппұл) төлеуге сотталды», деп атап өтеді агенттіктен.
Таратылған ақпаратқа сәйкес, ол өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу барысында лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, техникалық сипаттамасына және тендерлік құжаттамаға сай келмейтін медициналық жабдықтарды сатып алған. Сол әрекеті арқылы мемлекетке 64,4 млн теңге шығын келтірген.
Сондай-ақ ведомство сотқа дейінгі өндіріс аясында Алматы қаласында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден асып жығылатын 270 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алуға қатысты тексеру жүргізіп жатқандығын атап өтеді.