Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысында депутаттар Төраға орынбасарын сайлады. Оған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Владимир Бобров лайық деп табылды. Бұрынғы Төраға орынбасары Сергей Дьяченконың Ақмола облысына әкім болып кетуінен кейін бұл орын бос тұрған-ды.
Отырыс барысында “Мәдениет туралы” Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және “Сыртқы барлау туралы” заң жобалары бойынша екі палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары қаралды. Ол бойынша депутаттар Динар Нөкетаева мен Сәт Тоқпақбаевтың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, депутаттар назарына “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының “Электронды үкіметін” дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда ұсынылды. Заң жобасын Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев таныстырды.
Үкімет қаулысымен “Қазақстан Республикасының “Электронды үкіметін” дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Заң жобасы қоғамның ақпараттық кажеттілігін қамтамасыз ету, электронды мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау, олардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу, сондай-ақ “Электронды үкіметтің” жұмыс істеуі жағдайында олардың қызметін үйлестіру бөлігінде ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеу мақсатында әзірленген. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Келесі кезекте “Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы қаралды. Мадрид келісімі тауар таңбасын қорғауды алу кезінде оның иесіне бірқатар артықшылықтар береді. Тауар таңбасын шетелде тіркеуге өтінімді беру рәсімі айтарлықтай оңайлатылады. Сонымен қатар, таңбаларды халықаралық тіркеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында 1989 жылғы 27 маусымда Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне 26 баптан тұратын хаттама қабылданды. Аталған хаттама Мадрид келісімі елдеріне тауар таңбаларын халықаралық тіркеуді қамтамасыз ету мақсатында өздеріне тиімді шарттарды таңдауға мүмкіндік беретін ережелерді енгізу арқылы елдердің шектеусіз аясы жүйесіне қосылу үшін бар құқықтық кедергілерді жою міндетін шешеді.
Қазіргі уақытта Мадрид жүйесіне 84 мемлекет қатысушы болып табылады. Оның ішінде 28 ел Мадрид хаттамасына, 6 мемлекет Мадрид келісіміне және әлемнің 50 мемлекеті Мадрид келісіміне де, Мадрид хаттамасына да қосылған. Осы жүйе көптеген кәсіпорындар, әсіресе, шағын және орта кәсіпорындар үшін өздерінің тауар таңбаларын көптеген елдерде қорғауларына мүмкіндік беретін болады. Өзге жағдайда олар ешқашан өздерінің тауар таңбаларын халықаралық қорғауды қамтамасыз ете алмас еді.
Жалпы отырыста “Тұрғын үй қатынастары туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы талқыға салынды. Парламентшілер бастамашы болған заң жобасының маңызы туралы Мәжіліс депутаттары Владимир Бобров пен Аманғос Өтегенов түсінік берді. Бастамашылардың мәлімдеуінше, аталған заң жобасы Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдамалы тұрғын үй алу құқығын бірінші кезекте берген кезде олардың табысынан шектеулерді алып тастау арқылы аталған санаттағы адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді күшейту мақсатында әзірленген. Бұл заң жобасы да мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.