Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысында депутаттар төрт заңдық құжатты талқыға салды. Күн тәртібіне қойылған мәселелер саны аз көрінгенімен, сенаторлардың заң жобасын таныстырушыларға деген сұрақтары көп болды.
Алдымен депутаттар назарына “Сәйкестігі міндетті бағалануға (расталуға) жататын өнімнің Кеден одағының кедендік аумағындағы айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы ұсынылды. Оны жаңадан тағайындалған Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау таныстырды. Келісім өнімнің сәйкестігін міндетті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстар нәтижелерін, сынақ хаттамалары мен сәйкестік сертификаттарын өзара тануды көздейді. Яғни, сынақ зертханаларында расталған тауарлар 3 ел тарапынан да танылып, Кеден одағы аумағында тауарлардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.
Талқылау барысында отандық тауар өндірушілер мүддесін қорғау, қазақстандық өнімдердің көбірек болуы, өнім қауіпсіздігі саласындағы талаптардың сақталмағаны үшін құқықтық жауапкершілік жайындағы депутаттардың сауалдарына заң жобасын әзірлеушілер жауап берді. Заң шығарушылардың пікірінше, қазіргі кезде халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Адамдар бірыңғай экономикалық кеңістіктің тиімділігі мен басымдықтары жайында хабардар болуы, ал кәсіпкерлер Кеден одағының жағдайлары мен салық салу жүйесі, кедендік ресімдеулер және тағы басқа да мәселелерді айқын білуі тиіс. “Мемлекет басшысы айтқандай, біз тек алға ілгерілейміз, Кеден одағы жасалуы керек, оған ешқандай күмән жоқ”, – деді осыған байланысты Төраға. Ол сондай-ақ “Интеграция – әлемдік құбылыс, оның барысында тек жеңімпаздар немесе ұтылғандар болмайды, мұндай үдерістерде әрқашан мүдделер тепе-теңдігі іздестіріліп отырады”, – деді. Қ.Тоқаевтың сөзінен кейін депутаттар заң жобасын қабылдауды ұйғарды.
“Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасы да қызу талқыға түсті. Заң жобасын палата комитетінде қарау барысында мұнай мен газ өндіру саласындағы заңнамаларды елеулі түрде жетілдіруді көздейтін 60-қа жуық өзгерістер сарапқа салынған екен. 1995 жылғы “Мұнай туралы” және 1996 жылғы “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заңдарды біріктірген жаңа заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді көздейді. Сондай-ақ, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісім-шарт тек стратегиялық маңызды күрделі геологиялық кен орындарына қатысты жасалуы мүмкін. Талқыдан өткен заңдық құжат бірқатар өзгерістерімен Мәжіліске жіберілетін болды.
Сол сияқты “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларына өзгерістер мен түзетулер енгізілгеннен кейін Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.