Медицина • 15 Наурыз, 2021

Коронавирустың өзгерген штамын қалай анықтауға болады?

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирустың құрамы мен мутацияға ұшырауын жіті бақылап отыратын арнайы мамандар бар. Бұл туралы Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Коронавирустың өзгерген штамын қалай анықтауға болады?

Осы орайда ол шетелден келушілер арасында коронавирустың британиялық штамы анықталды ма деген сұраққа жауап берді.

«Нұр-Сұлтан қаласында соңғы үлгідегі және қазіргі заманға сай зерттеу жүргізетін «Секвинатор» деген аспап бар. Онымен зерттеу жұмыстары қазір де жүріп жатыр. Еуропа елдерінен өзгерген штамдар анықталмады. Бұл жұмысты республикалық ведомствоаралық комиссияның тапсырмасы бойынша күшейтіп жатырмыз. Бір аптадан кейін «Секвинатор» Алматыға да жеткізіліп, ғылыми зерттеулер жүргізілетін болады. Оның басты мақсаты – өзгерген штамдарды анықтау», дейді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар Жандарбек Бекшин коронавирус инфекцияның кең таралған бес түрі бар екенін атап өтті.

«Бұл бір британдық, екі американдық, бір бразилиялық штамм және оңтүстік африкалық штамм. Біз жаңа штамдарды анықтау үшін арнайы жүйе құрдық. Зерттеу нәтижелері туралы кем дегенде екі аптадан кейін ғана айта аламыз. Бүгінгі күнге дейін ПТР тесттерінің нәтижелері бойынша коронавирустың 145 түрлендірілген түрі анықталды. Бірақ патогендік өзгерістер анықталған жоқ», деді ол.