Қоғам • 15 Наурыз, 2021

Қазақстан мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау министрлері онлайн кездесу өткізді

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Түрікменстан Республикасының Денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрі Нұрмұхаммет Аманнепесовпен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау министрлері онлайн кездесу өткізді

Тараптар денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жоспарды айқындады, сондай-ақ Covid-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинопрофилактика және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы бойынша тәжірибе алмасты.

«Алдымен денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткім келеді. Covid-19 қарсы күресіп келе жатқанымызға да бір жыл болды. Қазір мемлекеттердің бір-біріне қолдау көрсетуі аса қажет. Бүкіл әлемге таралған пандемияны біз біріккенде ғана жеңе аламыз», - деді А.Цой.

Денсаулық сақтау министрі Қазақстан Республикасының экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ халықты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау бойынша атқарған жұмыс жайлы хабардар етті.

«2021 жылдың 11 наурызына ҚР бойынша электрондық тіркеу жүйесінің мониторинг деректері бойынша бірінші кезекте 50 737 адам егу салдырды. Сонымен қатар, республика бойынша 41 829 медицина қызметкері, 5 392 педагог, 1 156 күш құрылымдарының қызметкері, 445 учаскелік полиция қызметкері және 174 медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы вакцинацияланды. Екінші кезеңде - 18 210 адам. Негізінен ақпанда алғашқы доза қабылдаған медицина қызметкерлері егілді. Вакциналау кезең-кезеңімен жүргізіледі», - деді А.Цой.

Мониторинг мәліметіне сәйкес иммундаудан кейін жағымсыз жағдай тіркелген жоқ. Бұл ретте, вакцинацияланған адамдардың 1% - ында күтілетін реакциялар тіркеледі, олар вакцинаға нұсқаулықта сипатталған, мысалы, дене қызуының көтерілуімен тұмауға ұқсас жай-күйлер, жалпы әлсіздік, сондай-ақ вакцинаны енгізу орнында ісіну және қызару түріндегі жергілікті көріністер.

Сонымен қатар, Covid-19 таралуына байланысты сақталып отырған тұрақсыз жағдайды ескере отырып, А.Цой ағымдағы эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар бойынша тұрақты ақпарат алмасу түрінде Түрікменстанмен әріптестікті жалғастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрі медициналық ұйымдарды, IT-технологияларды, жедел жәрдем, МСАК және медицина ғылымын аккредиттеуде консультативтік және техникалық көмек көрсету, ҚР медициналық ұйымдарында Түрікменстан азаматтары үшін жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету бойынша әріптестікті жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ түрікмен медицина қызметкерлері үшін медициналық мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру да сөз болды.

Кездесу соңында тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы бір рет атап өтті және COVID-19 таралуының алдын алуда елдердің тәжірибесін пайдалануға сенім білдірді.