Руханият • 15 Наурыз, 2021

Қасым Қайсенов – Құмкентте

1816 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл 1977 жылы болған оқиға. «Созақ ауданына атақты партизан, жазушы Қасым Қайсенов келе жатыр» деген сүйінші хабар лезде-ақ тарады. Танымал тұлғаны қарсы алу үшін Теріскейдің тайлы-тұяғына дейін қамданды. Даңқы жер жаратын аңыз адамды көру кімге де болсын арман ғой.

Қасым Қайсенов – Құмкентте

Қасым атынан ат үркетін адам болғанымен, өте қарапайым жан екен. Кездесуге келгендермен емен-жарқын сөйлесіп, ашық пікір­лесіп жүрді. Жұрт оны жақын тани бас­тады.

– Түркі әлеміне белгілі Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның басына барып тәу етемін, – деді кездесулерден кейін.

Әншейінде «батыр аңғал келе­ді» деп жатамыз. Жоқ, батыр­лар аңғарымпаз, пайымдағыш, сезім­тал да болады. Басына талай тұл­ғалар барып тәу еткен Баба Түкті Шаш­ты Әзиз әулиенің құдіретін сезіп тұр ғой.

Зияраттан соң атақты партизан жазушы «Құмкент» кеңшарының клубында жергілікті тұрғындармен емен-жарқын кездесу өткізді. Әрине, қадірлі қонақты құрметтеп, бидің немесе би түскен үйдің бірінде қазақы меймандостықпен күту де керек. Міне, осы кезде таң­­дау ауылдық кеңестің төрағасы Досбол Сәметовке түсті. Өйткені осы үйдегі Рәбиша Аманбекқызы – талай зиялы қауым өкілдеріне дәм-тұзын ұсынған ұсынықты жан. Оның КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен түйдей құрдастығы бар. «Шіркін, Рәбишаның тамағына дәм жетпейді ғой» деп кететіні ұмытылар ма?

Ағыл-тегіл ақжарылқап әңгіме­ден соң әдеттегідей жинал­ғандар естелік суретке түсті. Су­ретті тү­сір­­ген жергілікті фото­тілші Мұх­тар Айтбаев еді.

Сонымен, бірінші қатарда отырғандар (оңнан солға қарай) Қанар Күзембаев – соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз, Байыш Исаев – аудандық партия комитетінің хат­шысы, Қасым Қайсенов – Ха­лық қаһарманы, С.Түзелов – аудан­дық ішкі істер бөлімінің бастығы, Досбол Сәметов – ауыл­дық кеңестің төрағасы. Ал пар­тизан-жазушының алдында отыр­ған – Досбол Сәметовтің кіші ұлы Мұханбетқали. Бүгінде ол Алматы­дағы «Дәуір» баспасында қызмет етеді.

Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте табан аудармай ұстаздық еткен Есен Досболов ағамыз бүгінде жетпіс жасқа құрық салды. Қазір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

– Қасым аға шешіліп сөйледі. Көп әңгіме айтты. Үлкендердің қолына су құйып жүріп бір әңгі­месін құлағым шалып қалғаны бар. Сонда аға: «Бұл менің «Жау тылында» атты кітабыма енбеген оқиға. Ормандамыз. Немістер шегініп бара жатқан уақыт. Жа­ралы жыртқыштай азулы жау жолындағының барлығын аяусыз қырып-жойып барады. Бір хуторға келсек, тек шал-шауқан, кемпір-сампыр ғана қалыпты. Мен су ішетін болып, бір құдық­тың қақпағын ашып едім, есім­нен танып қала жаздадым. Фа­шис­тер құдық ішіне хутордың барлық баласын дерлік тастапты. Алғашында атқан. Сосын қой сияқты сирақтарынан сүйреп әкеліп құдық ішіне тас­тай берген ғой. Бейкүнә балалар құдықтың бетімен бірдей толып қалыпты. Ыңырсыған дауыс тұла бойымды тітіркендіргені сондай, өз-өзімді ұстай алмадым. Аза бойымыз қаза болып ор­манға қайттық. Орманда екі фа­шист кезікті. Танауынан ұстап тұрып, өткір кездікпен тамағынан орып жібердім. Партизандарға арнайы қару-жарақ, азық-түлік жеткізілмейді. Бәрін өзіміз табамыз. Оқ шығындамау үшін адам өлтірудің жүз айласын үйрендім. Бұл мақтаныш емес. Жауызға өз тілімен ғана үн қату керек. Бүгінде соғыстағы сойқандарды ойласам, төбе шашым тік тұрады», деп еді партизан аға. Ол кісінің біраз әңгімесі есімде. Әйткенмен, осы әңгіме ойыма жиі оралады», дейді Есен Досболов.

Сөз жоқ, соғыс болған жерде сұмдық көп. Бұл әңгімені оқыр­мандарды шошындыру үшін емес, сұм соғыстың айтылмай келе жат­қан ақиқаттарының бірі ретінде жеткізгіміз келді. Сұрапыл соғыс жылдары осындай да сұмдықтар болған.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ