Біріншіден, жер – ата-бабаларымыздан қалған аманат. Екіншіден, қазақтар ешқашан жерге жекеменшік құқығымен ие болған емес. Кейбіреулер Америка, Канада мен Еуропаны мысалға келтіріп, жерді жекеменшікке өткізуге ынталандырады. Бұл жерде тым болмағанда халықтың менталитетін ескеруіміз керек. Ол мемлекеттерде нені болсын өзіне меншіктеп алу менталитеті бар, ал қазақ халқы үшін жер – ортақ құндылық. Біз жерді қауым, ру болып пайдаландық.
Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу туралы заң жобасын Мәжіліске жолдауын оң қадам деп есептеймін.
Қазіргі уақытта қазақстандықтың жерді 49 жылға жалға алу құқығы бар. 20 жасыңда жерді жалға алып, ауыл шаруашылығымен айналыссаң, 69 жасқа дейінгі уақыт жеткілікті болар. Егер ол жерде шаруашылығын өрбітіп, орынды пайдаланып жатса, жерді жалға алу уақытын заңды түрде ұзартуды қарастыру керек. Осыдан артық не керек? Сондай-ақ жалға алған жердің тиімді пайдаланылғанын мемлекет қатаң бақылауда ұстауға тиіс.
Жер кодексі қабылданғалы 18 жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы 200 млн-нан астам ауылшаруашылық маңызы бар жерлердің тек 1,8 млн гектары жекешелендірілген. Демек 1 пайызға да жетпейді. Оның өзі оңтүстік аймақтардағы құнарлы суармалы жерлер.
Сондай-ақ ірі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды сынды қалалардың маңындағы ауыл шаруашылығына тиімді, маңызы бар жерлерді жекешелендіріп, кейін жеке тұрғын үй құрылысына бөліп, сатып жіберді.
Төлеутай РАХЫМБЕКОВ,
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі