Қаржы • 16 Наурыз, 2021

Биыл ұлттық валюта қаншалықты нығаяды?

1257 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық валютаның долларға қатысты курсы жыл соңына таман 395, тіпті 375 теңгеге нығаюы мүмкін. Әрине, егер мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмен құлдырамаса ғана. Мұндай жорамалды «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясының экономисі Софья Донец айтады. Сарапшы пікірінің құлағымызға жаққаны сонша, оны әрі қарай сөйлете түселік. 

Биыл ұлттық валюта қаншалықты нығаяды?

– Доллар курсының 395 теңге төңірегіне тұрақтауы шамамен 5 пайызға нығайғанын білдіреді. Егер мұнай бағасы 50 доллар болса, теңге курсы – 410-ға, егер 70 доллар болса 375 теңгеге төмендейді. Шикізат, оның ішінде қазақстандық экспорттың 14 пайызын құрайтын металл бағасының қымбаттауы да ұлттық валютаға қолдау көрсетеді, – дейді С.Донец.

2021 жылдың I тоқсанына болжам жасаған PwC Kazakhstan курстың әлсіреуін күтпейтінін, биыл біздің валюта 415-440 диапазонында шектелетінін мәлімдеді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы валюта бағамы бір айдан соң – 418,6, бір жылдан соң 432,0 теңге болады деп болжаған. Валютаның шарықтауы немесе төмендеуі әлемдік мұнай нарығына тікелей байланысты. Бұл орайда АҚШ Энергетика министрлігі (EIA) энергетикалық ақпараттар басқармасы ауық-ауық болжам жариялап отырады. EIA наурыз және сәуір айларында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 67 доллар болады деген пікірде. Жылдың екінші жартысында баға 58 долларға төмендеуі ықтимал.

ОПЕК-тің наурыз айындағы есебі бойынша, биыл мұнайға деген әлемдік сұраныс 2020 жылмен салыстырғанда тәулігіне 5,9 млн баррельге көбейіп, 96,3 млн баррельге жетпек.

«Бірінші жартыжылдықта Еуропа елдерінде пандемияға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған ауқымды шараларға, сондай-ақ АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығына байланысты мұнайға сұраныс әлсіз болып қалады. Сұраныс 2021 жылдың екінші жартысында өсе бастайды. Бұл вакциналаудың оң әсеріне және экономиканы қалпына келтіруге байланысты» делінген ұйым есебінде.

The Room invest телеграм каналының сарапшысы Нұрғали Нұрмахамбетов доллар курсының 415-тен соң қайтадан 420-ға көтерілуін доллар индексінің өсуімен және Батыс елдерінің Ресейге санкция жариялауымен байланыстырады. Оның айтуынша, АҚШ өз азаматтарына үлкен соманы (1,9 трлн доллар) төлегеннен және қор нарығындағы өзгерістен соң жыл соңына дейін доллар ұзақ мерзімді құлдырауға тап болады.

– Рубль мұнай бағасының өскеніне ұзақ уақыт бойы реакция білдірмеді. Тіпті «қара алтын» бағасы пандемияға дейінгі деңгейге жеткен кезде де. 2020 жылдың басында 1 доллар 65 рубль болды. Рубльдің нығаюына АҚШ-тың жаңа президентінің ірі санкциялар жасаймын деп уәде беруі кедергі келтірген сыңайлы. Алайда жаңа санкциялар сондай бір ауыр болмай шықты. Доллар құлдырап, мұнай бағасы 71 долларға жеткен соң рубль қысқа уақытта жылдам нығая бастады. Бұл өз кезегінде теңгенің де нығаюына ықпал етеді, – деген пікірін білдірді.

Сарапшы теңгенің нығаюына себеп болатын үш факторды бөле-жара айтады. 2021 жылы елге келетін шетел валютасы соңғы 5 жылмен салыстырғанда көп болмақ. Өйткені өзге тауарлардың (бал, сазбалшық, темір рудасы) бағасы қатты өскен. Пандемияға байланысты шектеулерге орай валютаның елден шығуы ұлғаймайды. Тым болмағанда 2021 жылдың жазына дейін аса ірі көлемде шетел валютасының елден кетуі тіркелмейді. Мұны бір дейік. Екіншіден, АҚШ үкіметінің былтыр жыл ортасында ел экономикасын қолдау үшін 4 трлн доллар жоспарлауы доллардың әлемнің барлық валюталарына қатысты күрт құлдырауына себеп болған. «Жаңа қаржы министрі Джанет Йеллен жақында долларды құнсыздандыруға ұмтылмайтындарын, бірақ биыл бөлінетін 1,9 трлн доллардың экономика өтімділігі үшін қажет болатынын айтты. Әлемдегі барлық трейдерлер мұны 2021 жылы доллар құнының төмендеуінің жалғасы ретінде қабылдады», дейді сарапшы. Сарапшының айтуынша, теңгенің нығаюына әсер етер үшінші фактор – шетелдік инвесторлардың ресейлік бағалы қағаздар нарығына қызығуы.

– Көптеген ресейлік трейдер Джо Байден тарапынан рубльдің қатты құлдырауына әкеліп соғатын аса қорқынышты санкциялар күтіп отыр. Санкция күшіне енсе, 3 ай ішінде елден 100-150 млрд доллар мөлшерінде валюта кетуі мүмкін. Алайда АҚШ жаңа санкциялар енгізе қоймағандықтан, қауіп айтарлықтай азайды. Жақын арада салынады деген жоспар да жоқ. Осы уақытта шетелдік инвесторлар ресейлік бағалы қағаздарға көңіл бөлуде. Мемлекеттік облигациялар бойынша соңғы аукцион резидент еместер тарапынан максималды көлемде өтті. Олар ресейлік бағалы қағаздарды алу үшін долларын рубльге айырбастайды. Бұл әуелі рубльдің, сосын теңгенің нығаюына оң әсер етеді, – дейді сарапшы.

Н.Нұрмахамбетов осындай факторларды тізбелей келе, 2021 жылдың 6-9 айында теңгенің долларға шаққандағы курсы 350-370 теңге болады деп болжайды. Курсқа әсер ететін негізгі факторлар: АҚШ экономикасын қалпына келтіру үшін бөлінетін 1,9 трлн доллар; вакциналардың жақсы қабылдануы және мұнайға деген әлемдік сұраныстың жылдам қалпына келуіне байланысты мұнай бағасының әрі қарайғы өсімі. Дегенмен ойда жоқта туындауы мүмкін тәуекелдерді де естен шығаруға болмайды. Бұл – пандемия жағдайының бүкіл әлемде нашарлап кетуі, Байден тарапынан Ресейге салынатын жаңа санкциялар және мұнай бағасының төмендеуі.  

Сарапшы биыл нарықтан позитивті жаңалық күтетінін жасырмайды. Оның айтуынша, алдағы 3-6 айда мұнай барреліне 70 долларға жетіп, елге келетін экспорттық түсім ұлғаяды. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің табыстылық мөлшерлемесі арасында теңгерімсіздік бар. Ресей Орталық банкінің базалық мөлшерлемесі – 4,25 пайыз, ал бізде 9 пайыз. «Валюталық тәуекелдер мен капитал қозғалысы бойынша шектеулердің жоқтығы ресейлік арзан ақшалардың Қазақстан нарығына ағылуына жағдай жасайды. Біздің валютаның төмен девальвациялық тәуекелі де 2021 жылы біздің пайдамызға инвестициялардың мол болуына әсер етеді» деген ой айтады сарапшы.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, мұнай бағасы биыл айтарлықтай өсе қоймауы мүмкін. Оған себеп көп.

– Халықаралық ұйымдар болжамын назарға ала отырып, 2021-2022 жылдары мұнай бағасы барреліне 45-50 доллар аралығында болады деген базалық сценарий болжамын ұсынамыз. Көптеген сарапшы биыл мұнайдың орташа бағасы барреліне 55-56 доллардан асады дегенге сенбейді. Бұл баға ұсыныстарының одан әрі өсу мүмкіндігін шектейтін бірқатар фактордың болуына байланысты. EIA дерегі бойынша әлемдік мұнай тұтыну деңгейі дағдарысқа дейінгі кезеңнен әлі де төмен болып тұр. Ал мұнай қоры 2019 жылғы деңгейіне 2022 жылдың аяғында бір-ақ жетпек. Сондықтан мұнай бағасының 50 доллар көлемінде болуы рационалды прагматизмді көрсетеді, – дейді Ұлттық банк өкілі.

Әрине, Ұлттық банк болжамына сүйенсек, теңге нығаяды деп айтуға ауыз бармайды. Сондайда «әлсіз теңге» қай мүдде үшін тиімді болып отыр екен деген ой да келеді. Дегенмен экономиканы серпілту, қымбатшылықты тежеу және төлем қабілетін арттыру тек қуатты теңгемен байланысты боларын ешкім де жоққа шығара қоймас.