Парламент • 17 Наурыз, 2021

Мәулен Әшімбаев: Сенаторлар мәслихаттармен үнемі тығыз байланыста болуы тиіс

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы болды. Онлайн түрінде өткен отырысқа Палата депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары және еліміздің барлық өңірлерінен мәслихат өкілдері қатысты.

Мәулен Әшімбаев: Сенаторлар мәслихаттармен үнемі тығыз байланыста болуы тиіс

Сенат Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысының реформаларын жаңғырту жөніндегі күн тәртібін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету туралы жан-жақты айтып берді. Ол аса маңызды заң жобаларын қарауға мәслихаттар депутаттарын белсенді түрде тартуға шақырды. Сенаторлардың үштен екісі аймақтардан сайланғанын ескере келгенде мұндай тығыз қарым-қатынастың маңызы өте зор.

«Өткен сайлауда Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалардың әлеуеті іске асырылды деуге әбден болады. Алғаш рет мәслихат депутаттары партиялық тізім бойынша сайланды. Әйелдер мен жастарға арналған квота да алғаш рет қолданылды. Сайлау нәтижесінде жергілікті өкілді органдар 70 пайызға жаңарып, мәслихаттардың сапалы құрамы қалыптасты», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, Президент бастамаларының табысты іске асуы заңнамалық базаның өзгеруіне ғана емес, халықпен түсіндіру жұмыстарының қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқанына да байланысты. Сондықтан Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, мәслихаттар мен Сенат осы бағытта өзара белсенді іс-қимыл жасауы тиіс.

«Сенат депутаттары үнемі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттармен өзара тығыз байланыста болуы керек. Соның барысында жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер және қолданыстағы заңнаманың тиімділігі талқыланады. Нәтижесінде біз халықты толғандырған мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қалыптастыратын боламыз. Жұмысымыздағы маңызды бағыттардың тағы бірі халыққа Мемлекет басшысының саясатын және қабылданған заңдардың мәні мен маңызын түсіндіру», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те сөз сөйледі. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасында белгіленген жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруды дамытудың негізгі тәсілдеріне тоқталды. Ал мәслихат өкілдері жергілікті өкілді органдар қызметінің негізгі ақпараттық-ұйымдастырушылық мәселелері туралы айтып берді.