Ал жаңа театр маусымы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісімен жазылған «Ерте ояндым, ойландым» қойылымымен ашылды.
Көрермен қауым сахнадан жас Абайды, ақынның балалық шағынан ержеткен уақытына дейінгі қоғам болмысын, ондағы қайшылықтарды көре алады. Туынды жас Абаймен бірге түңілтіп, сол бір уақыттың тартысты қатыгездігі, Қодар мен Қамқаның қиын тағдыры қиналта күрсінтеді.
Жас Абай рөлінде театрдың жас актері Абзал Жақып ойнады.
– Жас Абай болмысын, ішкі тебіренісін сахнадан беруге үлкен рухани дайындықпен келдім. Өлеңдерін оқып, «Қарасөздеріне» үңіліп, ойланып, толғану қажет болды, – дейді әртіс.
Қоюшы режиссер Әділет Ақановтың айтуынша, ұлы жазушы қаламынан туған шығарма тілін сахнадан сөйлету үшін әрбір әртіс ойлануы, өткенге үңілуі керек. Қойылымның сахнаға шығуына театр ұжымы, барлық әртіс қатысқан. Құнанбай қажы, Ұлжан, Зере аналарымыз секілді тұлғалы образдар көрініс тапты.
Тіпті спектакльге кіріспес бұрын әртістер Абай атамыздың туған жері Семей еліне барып, өткеннің естелік рухани шежіресімен танысып қайтыпты.
Қазір театр репертуарында Ә.Оразбаевтың «Бір түп алма ағашы», А.Вампиловтың «Метранпаж деген не?», Р.Отарбаевтың «Ғасыр қасіреті», М.Байджиевтің «Тіл табысқандар» қойылымы мен Д.Советқалидің «Қасқыр және жеті лақ», сондай-ақ М.Қарттың «Алдар көсенің дүрбісі» атты ертегілері бар.
Наурыз айының соңында көрермендер Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» лирикалық драмасының премьерасын күтуде. Биыл көрермен көретін жақсы, мазмұнды шығармалар жалғасын таппақ.
Ал театр маусымының кеш ашылуының тағы бір себебі: театр ғимаратына жөндеу жұмысы уақытында аяқталмады. Мердігер компанияның сапасыз жұмысы сотқа берілген. Ғимаратты жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 302 млн теңге бөлінген.
ПАВЛОДАР