Парламент • 18 Наурыз, 2021

Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жетілдіріледі

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин­нің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында жер мәселесіне қатысты заң жобасы жұмысқа алынып, сатып алу бойынша заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды, сондай-ақ адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелеріне қатысты заң жобасына Сенат енгізген түзетулер қаралды.

Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жетілдіріледі

Жалпы отырыста Мәжіліс «Қазақстан Рес­­публикасының кейбір заңнамалық акті­леріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Мемлекет басшысының заң шығару бастамасы тәртібімен Парламентке енгізген заң жобасын жұмысқа алды.

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер коми­тетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев комитеттің аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін айта келе, «Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ халықаралық қатысуы бар ғы­лыми орталықтардың ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер учаскелерін жекеменшік құ­қығымен және уақытша жер пайдалану құқы­ғымен иеленуіне тыйым салуды енгізу», деді.

Отырыста депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат бойынша баяндама жасаған Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінде квази­мемлекеттік сектордың сатып алуы әртүрлі нормативтік-құқықтық актілермен реттеліп келе жатқанын хабарлады.

Атап айтар болсақ, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуы «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңмен және қордың директорлар кеңесі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі. Ал «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кірмейтін «Бәйтерек», «ҚазАгро», «Зерде» сияқты ұлттық компаниялардың сатып алуы «Мемлекеттік мүлік туралы» заңмен және Қаржы министрлігі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен дәрілік заттарды сатып алатын медициналық ұйымдардың және Бірыңғай дистрибьютер «СК-Фармация» ЖШС-ның сатып алуы Денсаулық сақтау туралы кодекспен және дәрілік заттарды сатып алу қағидаларымен реттеледі. Әзірленген заң жобасы «Самұрық-Қазына» қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуын реттеуді ұсынады. Осылайша заң жобасы сатып алуы шамамен 3,4 трлн теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компанияларды олардың еншілес ұйымдарымен бірге қамтитын болады», деді министр.

Бұл ретте орталық және жергілікті атқа­рушы органдардың жанындағы мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің сатып алуын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның шеңберінде қалдыру ұсынылып отыр.

Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасында келесі негізгі тәсілдер көзделген. Ең алдымен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай саналатын заңның қолдану аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер заң деңгейінде бекітіледі. Одан кейін сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеу ұсынылады.

Министр заң жобасының 18 баптан тұра­тынын айта келе, оны қабылдау квазимем­лекеттік сектор субъектілерінің сатып алуының ашықтығын, тиімділігін арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретініне назар аударды.

Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасы еліміздің экономикасы үшін ерекше маңызды екенін айта келіп:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры құрылған кезде осындай квазимемлекеттік субъектілер жұмысының ашық және тиімді болуына баса назар аударылған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Қазақстан халқына Жолдауында квазимемлекеттік сатып алу мәселесіне көңіл бөліп, арнайы заң дайындау туралы тапсырма берді. Осыған орай квазимемлекеттік сектордың ашық және бәсекеге қабілетін арттыратын жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасына қатысты бірқатар отырыс пен талқылау өткізіліп, көптеген  түзету енгізілді, – деді.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, енді осы саладағы барлық сатып алу бойынша бақылау жасалады. Сонымен бірге отандық өнімдерімізді қолдауға жол ашылады. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін жағдай өзгеруге тиіс. Өйткені оның нормалары «Самұрық-Қазына» қорының, «Бәйтерек», «ҚазАгро» холдингтерінің ғана емес, сондай-ақ сатып алудың жалпы сомасы жыл сайын шамамен 3,5 трлн теңгені құрайтын 253 ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарының қызметін реттейтін болады. Бұл еліміздің қазіргі экономикалық белсенділігі қалпына келе бастаған уақытта ерекше маңызды.

Палата Спикері атап өткендей, квази­мем­лекеттік сектордағы сатып алудың  ашықтығы мен тиімділігін арттыратын заң жобасы сатып алу үшін бәсекелік жағдайлар жасауға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға ба­ғытталған. Сонымен қатар заң жобасы қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын барынша арттырып, жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңаларын құруға мүмкіндік береді.

Заң жобасы квазимемлекеттік сектор, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сараптама ұйымдары және қоғамдық бір­лестіктер өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланып, қаралғанын айтып өткен жөн.

Сондай-ақ отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді қарады. Осыған сәйкес Мәжіліс комитеті Келісім комиссиясын құруды ұсынып, оның құрамына Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің депутаттары Снежанна Имашева, Арман Қожахметов және Артур Платоновты қосты.