Экология • 18 Наурыз, 2021

Теміртауды жасыл белдеумен көмкереді

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теміртау қаласындағы экологиялық жағдайға байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдерімен кездесіп, шаһардың айналасында жасыл белдеу құруға келісті.

Теміртауды жасыл белдеумен көмкереді

«Теміртау қаласында қалып­тасқан экологиялық жағдай жедел шаралар қабылдауды талап етеді. Биыл жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, сондай-ақ былтыр өңірдегі ахуалды жақсарту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Бұл іс-шаралардың барлығы осы бағытта тиімді көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Теміртау айналасында жасыл белдеу құру пәрменді шара болатынына сенімдімін», деді Е.Нысанбаев.

Вице-министрдің айтуынша, жауапты ведомствоның жасыл белдеуді құруда тәжірибесі бар. Айталық, 1997 жылы ел­ор­даның айналасында жасыл белдеуді қалыптастыру жұ­мысы қолға алынып, қазір отыр­ғызылған ағаштың жалпы көлемі 87 мың гектар жерді алып жатыр.

«Нұр-Сұлтан қаласының жасыл аймағын құру кезінде жинақталған тәжірибе Темір­таудың төңірегін жасыл желекпен көмкеру барысында да қолданылады», деді вице-министр.

Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен «Қазгипролесхоз-KZ» жобалау институтының басшылары жасыл алқапты қалыптастырудағы тәжірибелерімен бөлісіп, оны құру ұзақ уақытты, сондай-ақ үлкен қаражатты талап ететінін түсіндірді.

«Ағаш отырғызып, оның жерсінуіне топырақ талдауын жүргізу қажет. Осыдан кейін жер жыртуды бастауға болады. Бұл жұмыстар екі жылдан ас­там уақытты алады. Содан кейін ғана ағаш отырғызуға кі­рісуге болады», деді сарапшылар.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы өз кезегінде жобаны қолдауға және 500 мың ағаш отырғызуға дайын екендерін жеткізді.